Дарынды оқушылар дараланды
Жақында облыс әкімі Мұрат Ергешбаев халықаралық, республикалық пәндік олимпиада және ғылыми жоба конкурстарының жеңімпаздарымен және олардың жетекші ұстаздарымен кездесті. Бұл ретте аймақ басшысымен кездесуге Сырдария ауданынан 7 оқушы қатысып, құрмет төрінен көрінді.Дарынды әрі талантты балалармен кездесуде Мұрат Нәлқожаұлы Мемлекет басшысының білім мен ғылымға ұмтылысты қолдауының арқасында өңірде ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Расында, дарынға ие болу – бақыт. Бірақ жай ғана еңбексіз дарын жетістіктің кепілі бола алмайды. Дарынның көзін ашу керек және оны толығымен пайдалана білу қажет. Әр жеңіс, әр медаль тынымсыз ізденіспен, маңдай термен, үздіксіз дайындықпен келеді» деген болатын. Дана халқымыз «Білім – таусылмайтын кен» деп бекер айтпаған. Қай заманда болсын елдің еңсесін тіктеп, болашағын баянды ететін күш – білімді ұрпақ. Сыр өңірінің ғана емес, күллі Қазақстанның мерейін үстем етіп жүрген өздеріңіздей талапты да талантты жастармен кездесудің мәні зор, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Әрине, «Білімді ұрпақ – ел ертеңі» екені даусыз. Сырдариялық халықаралық, республикалық пәндік олимпиада және ғылыми жоба конкурстарының жеңімпаздары қатарында бірнеше оқушы бар. Мәселен, Ә.Жәмішев атындағы №129 мектеп-лицейінің оқушылары Мұхаммед Расул Әжібек пен Нуридин Орынбек халықаралық «Ғылым әлемін ашамыз» зерттеу жобасында жүлделі орындарға ие болып, ғылымға деген қызығушылықтары мен ізденімпаздықтарын дәлелдеді. Жас зерттеушілердің бұл жетістігі – сапалы білім мен жүйелі еңбектің нәтижесі. Ал №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Ұлдана Тәліпова республикалық ғылыми жобалар конкурсында жеңімпаз атанып, өз білімінің тереңдігін көрсетті. Ғылыми ізденіске бейім оқушының табысы өзгелерге үлгі болары сөзсіз. Т.Айтбаев атындағы №132 орта мектептің оқушысы Жания Қаймолдаева республикалық «Ақберен» өнер байқауында жеңімпаз атанып, шығармашылық қабілетімен көпшілікті тәнті етті. Осы білім ордасының оқушысы Жансая Бекболатова «ProEco» экологиялық жобалар байқауында үздік танылып, қоршаған ортаны қорғау бағытындағы тың бастамасымен ерекшеленді. А.Тоқмағанбетов атындағы №135 орта мектептің оқушысы Мәди Бердіхан оқушылар арасындағы республикалық пікірсайыс турнирінде ІІІ орын иеленіп, шешендігі мен сыни ойлау қабілетін жоғары деңгейде көрсете білді. №137 орта мектептің оқушысы Нұрали Нұрланұлы балалар музыка мектептері мен өнер мектептері оқушылары арасындағы республикалық фестиваль-байқауда жеңімпаз атанып, өнер саласындағы талантын дәлелдеді.
Оқушылардың әрбір жетістігінің артында білікті ұстаздардың қажырлы еңбегі мен бағыт-бағдары жатыр. Дарынды шәкірттерді биік белестерге жетелеген ұстаздар – Ғазиза Смағұлова, Әсел Көшербаева, Гүлзат Амангелдиева, Нүрия Мұзаппарова, Пакизат Әбдібекова және Салима Усманова екенін айта кетейік. Ұстаздардың кәсіби шеберлігі мен тынымсыз еңбегінің арқасында шәкірттер түрлі білім және өнер бәйгелерінде топ жарып келеді.
Салтанатты жиында 30 жетекші ұстаз облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, шипажайға жолдама алды. Халықаралық және республикалық білім додаларында үздік нәтиже көрсеткен 36 оқушыға облыс әкімінің Алғыс хаты мен планшет табысталды.
Айта кетейік, биылғы оқу жылында 29 оқушы халықаралық олимпиадалардың жүлдегері атанса, 143 оқушы республикалық олимпиада мен ғылыми жоба байқауларында үздік нәтиже көрсеткен.
Б.АЯБЕКҰЛЫ











