Ашық аспан астында акустикалық кеш өтті
Президенттің ауылдық аймақтарды дамыту туралы тапсырмасы бүгінгі таңда жүйелі жүзеге асырылып келеді. Оның бір дәлелі – аудандағы ауылдық округтердің жасарып, жаңарып, гүлденуі. Бүгін ырысты Сәкен Сейфуллин ауылы туралы айтқымыз келеді. Жақында ауылда ашық аспан астындағы акустикалық кеш өтті. Бір айта кетерлігі – сахнада өнер көрсеткен өнерпаздар арасында да, көрерменнің ортасында да алыс-жақын ауданнан арнайы келген қонақтың болуы.Ауыл кеші көңілді. Режиссерлік шешіммен қойылған сахна, ұйымдастыру, бәрі-бәрі үйлесімді. Кешкі самалмен күні бойғы қарбаластан бір сәт бой жазып, жанды дауыстағы ән тыңдап отырсыз. Бұл – нағыз жанға дауа, былай айтқанда терапия. Арнайы фуршет, фотозона барлығы бір-бірімен үйлесім тауып, үлкеннің де, жастың да көңілінен шыққан кеш болды. Концерттік бағдарламаны ауыл әкімі Бекзат Қыдырбаев пен ҚР Жазушылар одағының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы ашып беріп, көтеріңкі көңіл-күй тіледі.
Кештің жұлдызды қонағы – ақын, композитор, әнші Үкітай Ерниязов. Бүгінде көптеген танымал әннің авторы әрі орындаушысына айналған жұлдызды қонақ ауыл тұрғындарына ерекше көңіл-күй сыйлады. Тұрғындар ризашылығын білдіріп, ақ батасын беріп жатты. Одан бөлек, Ғалымжан Шакизада, Азамат Алтай, Динара Жакешова, Абылай Байділдаев, Махмут Сақтапов, Мұхтар Набатов, Нұрсат Кеңесбай өнер көрсетіп, көрерменнің жүрегінен жол тапты. Кештің тізгінін белгілі жайдарманшылар Әліби мен Әділ ұстап, әсем кештің әсерін арттырды.
Ауыл әкімі Бекзат Қыдырбаев қашанда өнер мен мәдениеттің жанашыры екеніне куәміз. Айтпағымыз, ауыл әкімдігінің қолдауымен ауылдық клуб директоры Дастан Палмахов қолға алған жоба сәтті шыққан. «Ауылына қарап, азаматын таны» деген бар. Қай істе де ауыл тұрғындары атсалысып, бір-бірін қолдап келеді. Ауылдық клуб директоры Дастан бір сөзінде бұл жобаны бірнеше жыл бойы ойға алып, қорытқанын айтып қалды.
– Қазіргі таңда халықты қызықтыру оңай емес. Мәдениет саласында бірнеше жылдан бері еңбек етіп жүрген соң, бұл мәселе бізге жақсы таныс. Концерт ұйымдастыру барысында көрермен жинау, халықтың сұранысына толыққанды жауап беру қажет. Бұл жобаны бірнеше жылдан бері ойлап жүрдім. Ауыл тұрғындарына ерекше әсер сыйлайтын, отбасы болып келіп демалатын, жанды дауыстағы әнді тыңдап, рухани тынығатын мәдени кеш ұйымдастырсам деген ой болды. Кейін өнердегі ағаларымыз, әріптестеріміз, ұжым және ауыл азаматтары біркісідей атсалысып, осы кештің жоғары деңгейде өтуіне үлес қосты. Халықтың ризашылығын көргенде бірнеше жыл бойы ойда жүрген мақсатымның ақталғанын сезіндім. Алдағы уақытта да ауыл тұрғындарына осындай мазмұнды, тәрбиелік мәні бар мәдени жобаларды тұрақты түрде ұсынуды көздеп отырмыз, – дейді ауылдық клубтың директоры Дастан.
«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, бастаманы ел ағалары, өнердегі әріптестері, ұжымы қолдады. Расында қаншама ой, еңбек сол кеште үлкендерің батасына, көпшіліктің ризашылығына сыйып кетті.
– «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген, бұл азаматтардың жұмысы анық көрініп келеді. Клубымыз жанданып, орталық алаң, дала сахнасы, субұрқақ қойылып, ауылымыздың көркіне үлес қосып тұр. Мәдениет – ауылдың рухани айнасы. Соңғы жылдары ауылдық клубтың жұмысы жанданып, орталық алаң көркейіп, дала сахнасы мен субұрқақ пайдалануға берілді. Мұның барлығы ауыл келбетінің көркеюімен қатар, тұрғындардың мәдени өміріне тың серпін беріп отыр, – дейді ауыл тұрғыны Л.Мығымбаева ризашылығын білдіріп.
Расында, мың естігеннен бір рет көрген артық. Ерекше форматта өткен бұл акустикалық кеш өнердің адам жанын біріктіретін, рухты асқақтататын құдіретін тағы бір мәрте дәлелдеді. Осындай игі бастамалар көбейіп, ауыл мәдениетінің шамшырағы әрдайым жарқырай берсін деген тілек қана санада жаңғырады.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ









