«Ритм» халыққа есеп берді
Жарты ғасырлық тарихы бар «Ритм» халықтық вокалды аспапты ансамблінің аудан өмірінде қалыптасқан өзіндік ізгілікті жолы бар. 50 жылдан аса уақыт бойы жергілікті халықтың ыстық ықыласына бөленіп келе жатқан ансамбльдің әндері тыңдарманның жүрегінен жол тауып, бүгінгі күнге дейін ерекше өнерімен дараланып келеді. Өз кезегінде Сырдария аудандық мәдениет үйінде «Ритм»халықтық вокалды аспапты ансамблінің «Сазға толы сырлы әуен» атты есепті концерттік бағдарламасы ұйымдастырылып, концерт қонақтары керемет кештің куәсі болды.
Концерттік бағдарламада ВИА сүйемелдеуімен жеке домбырада Абылайхан Қилымхановтың орындауында Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйі көрермен қауымға ерекше әсер сыйлады. Сондай-ақ есеп беру концертінің барысында Мұхтар Набатов, Әйгерім Үсенова, Абылайхан Байділдаев, Дінмұхаммед Алмасұлы секілді ауданның белгілі әрі талантты жас өнерпаздары өнер көрсетіп, кештің жоғары деңгейде өтуіне атсалысты. Аспаптың күйін келтіріп, кәсіби тұрғыда ойнап шыққан ВИА-ның орындауында әлемдік композитор Моруанидің «Спейс» шығармасы көпшілік қауымның көңілінен шықты.
– Осы күні ансамбль құрамында Махмұд Сақтапов, Жәнібек Әбдіреев бар. Аудандық мәдениет үйінде «Ритм» халықтық вокалды аспапты ансамблі биылғы жылғы «Сазға толы сырлы әуен» тақырыбындағы шығармашылық есепті кешімізді өткізуге біраз дайындық жұмыстары болды. Биылғы жылы «Ритм» халықтық вокалды аспапты ансамблінің құрылғанына және шығармашылығына 52 жыл толып отыр. Бұған дейінгі жылдары «Сыр әуендері» атты облыстық вокалды аспапты ансамбльдер байқауы ұйымдастырылған болатын. Біз қашанда өнерді жоғары бағалап, шығармашылығымызды дамыта береміз деп сеніммен айта аламын, – деді ансамбль жетекшісі Абылайхан Қилымханов.
Өз кезегінде ауданымыздың мәдениетін дамытуға барынша үлес қосып, түрлі ауқымды іс-шараларға атсалысып, биік белестерді бағындырып жүрген ансамбльге қолдау ретінде редакцияның атынан концертке барам деуші жандарға бірнеше билет тарту етілді.
Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ