Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№99

27 желтоқсан 2025 ж.

№98 газет

23 желтоқсан 2025 ж.

№97 газет

20 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » » Жүрекке жеткен есті әндер

Жүрекке жеткен есті әндер

Бүгінде орта жастан асып, үлкендікке қадам басқан адамның көпшілігі жастық кезеңді ойлайтыны жасырын емес. Өткен мен бүгінді салыстыратын, сол кезеңдегі өнерді аңсайтын аудан тұрғындары жақында Тереңөзек кенті мәдениет үйінде керемет кештің куәсі болды, яғни, мәдениет ошағында «Достар BAND» вокалды-аспапты ансамблінің «Жап-жаңа» тақырыбында концерті өткізілді. Оған аудан әкімі Берік Сәрменбаев, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, зиялы қауым өкілдері мен аудандық мәслихат депутаттары, жергілікті халық қатысты.

Мәдениет саласында өзіндік тәжірибесімен өнерге жан бітіріп жүрген Нұрхан Көшербаев бастаған ұжым жылдың соңында жүзеге асқан кештің ұйымдастырылуына аса мән берген. «Достар BAND» вокалды-аспапты ансамблінің концертінде ескі әндер шырқалып, естісі тыңдарман жүрегінен жол тапты. Екі сағатқа жуық уақытқа созылған концертте ансамбль ұжымы ретро әннің мән-мағынасын ашып, өміршеңдігін ұзарта түсті.

– «Достар BAND» вокалды-аспапты ансамблінің тарихы тереңде жатыр. Алғаш тереңөзектік Ғалымжан Бакиров жетекшілігімен құрылған ансамбль көпшілікке арнап өнер көрсетіп, халықтың ыстық ықыласына бөленіп, көптеген жетістіктерге қол жеткізе білді. Сол уақытта өнерге таласы бар тереңөзектік бірнеше өнерпаз ансамбль құрамына бірікті. Кейіннен тұралап қалған өнер ұжымының жұмысын 2024 жылы қайта бастадық. Аз ғана уақыттың ішінде жергілікті халықтың ықыласына бөлене білдік. Жылдың қорытындысы негізінде жаңа жылдық бағдарламамызды ұсынып отырмыз. Ескі әндерді іздеп тыңдайтын үлкен буынның жүрегінен жол тауып, талғам үдесінен шығуға тырысамыз, – деді ансамбль жетекшісі Марат Еспенбетов.

Негізінен, ансамбль құрамында соло гитарада сазгер Серік Байдәулетов, ритм гитарада Марат Шамшиев, бас гитарада Мұрат Төлегенов, синтезаторда Нұрлан Мамыт, ансамбль жетекшісі, барабанда Марат Еспенбетов бар. Ал жеке дауыста әнші Сұлтанханым Аманкелдіқызы мен Дильназ Әмірбек ән шырқайды. Айта кетейік, бұған дейін ансамбль мүшелерінің «Кешкі әуендер» концерті халықтың ыстық ықыласына бөленсе, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Сазға толы сырлы кеш» атты орталық алаңдағы концерті көпшілік көңілінен шықты. Ансамбль Қызылорда қала­сының астана болғанына 100 жыл толуына орай «Тарихтың таңбасы, рухтың ордасы – Қызылордам» атты облыстық және Қазалы ауданында өткен «Әнім сенсің – Қызылордам» атты өнер фестивальдарында аудан абыройын асқақ­татып, айрықша өнерді паш етті.

– Өнерді түсіне білген адамға аспаптардың бір-бірімен үндестігі тыңдарманға жайлылық сыйлайды. Концертті тамашалап отырып, ескі әнді мейірлене тыңдадық. Сахна сыртында көптеген дайындық болғанын, осындай жақсы көрсеткішке ие болу үшін қажырлы еңбек жұмсалғанын олар дәлелдей алды. Марат Нағымұлы жетекшілік ететін ұжымға шығармашылық табыс тілейміз. Қарбаласқа толы тіршілікпен жанталасқан тұрғындарға бір серпіліс болды, – деді мәдениет саласының майталманы Жантемір Айсин.

Ретро концертте «Япурай», «Тек алға!», «Саяхат», «Туған жер», «Арманыма асығамын», «Егіз лебіз», «Трава у дома», «Жігіттер жыры», «Іңкәрім-ай», «Көзім ілініп барады», «Ұмытылмас күн», «Каракум», «Бағым сен», «Love song, baby», «Мен сені сүйемін», «Жаңа жыл» әндері жанды дауыста шырқалды. Кештің соңы 80-90 жылдардағы әуендер қосылып, би кешіне ұласты.


Балтабай АЯБЕКҰЛЫ

27 желтоқсан 2025 ж. 599 0