Бірлік пен ынтымақ – ардагерлер ұстанымы
Қоғалыкөл ауылында Сырдария аудандық ардагерлер кеңесінің кезекті алқа мәжілісі өтті. Жиынға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Айнұр Есмағанбетова, ардагерлер кеңесінің мүшелері, ауылдық ардагерлер кеңестерінің төрағалары, зиялы қауым өкілдері мен ауыл ақсақалдары қатысты.Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – Сырдария аудандық ардагерлер ұйымының 2026 жылдың ІІ тоқсанында атқарған жұмыстарының қорытындысы болды. Бұл мәселе бойынша аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев жан-жақты баяндап, жүзеге асқан бірқатар жұмысқа тоқталды.
– Қоғалыкөл ауылында өткен кезекті Алқа мәжілісі мазмұнды әрі нәтижелі болды. Мәжілісте аудандық ардагерлер ұйымының 2026 жылдың ІІ тоқсанында атқарған жұмысы жан-жақты сараланып, ауылдық ардагерлер кеңестерінің тәжірибелері талқыланды. Бүгінде ауданымызда 4582 ардагер 74 бастауыш ұйымның құрамында ел бірлігі мен қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға, жастар тәрбиесіне, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге өз үлестерін қосып келеді. Ардагерлер ұйымының қоғамдағы орны айқын көрініспен айқындалуда. Есепті кезеңде «Ұрпақ тәрбиесі – Ұлт болашағы» атты ауқымды кездесу, бірнеше мәрте ақын-жазушылардың шығармашылық кеші, тарихи-танымдық басқосу, қайырымдылық іс-шарасы, мәдени-спорттық іс-шара жүйелі түрде ұйымдастырылды. Денсаулығына байланысты үйден шыға алмайтын ардагерлерге құрмет көрсетіліп, әлеуметтік қолдау іс-шарасы жүзеге асырылды. Аудан ардагерлері облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі мәдени және спорттық іс-шарада ауданымыздың мерейін үстем етті. Қоғалыкөл ауылдық ардагерлер кеңесінің ұжымына, оның төрағасы Сламбек Каюповқа Алқа мәжілісін жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін ерекше алғысымды білдіремін. Мәжілісте көтерілген әрбір ұсыныс пен айтылған ой-пікір алдағы жұмысымыздың бағытын айқындап, ардагерлер қозғалысының жұмысын одан әрі жетілдіруге тың серпін береді деп сенемін. Ардагерлер – елдің ақылшысы, бірліктің ұйытқысы. Сондықтан олардың өмірлік тәжірибесін кейінгі ұрпаққа өнеге ету, қоғамдық бастамасын қолдау және ұйым жұмысын одан әрі жандандыру – бәрімізге ортақ міндет. Ынтымағымыз бекем, бірлігіміз берік болса, атқарар игі істеріміз де мол болады. Барша ардагерге зор денсаулық, отбастарына амандық, ел игілігі жолындағы еңбектеріне толайым табыс тілеймін, – деді Мұса Алпысбайұлы.
Өз кезегінде ардагерлер кеңесінің төрағасы аудан көлемінде ардагерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, қоғамдық ұйыммен байланыс орнату, қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастыру, жастар тәрбиесіне бағытталған кездесу өткізу, ұлттық құндылықты дәріптеу және қоғамдық тұрақтылықты сақтауға бағытталған жұмыстың жүйелі түрде жүргізілгенін атап өтті. Алдағы кезеңде атқарылатын негізгі міндет пен жоспарды саралаған төраға ауылдық ардагерлер кеңестерінің белсенді жұмысына оң бағасын берді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Оспан Мәлібаев мөлтек ауданы, Айдарлы және Аманкелді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағалары өз есептерін ұсынды.
О.Мәлібаев мөлтек ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Мағауия Асқаров жүзге жуық ардагерге түрлі әлеуметтік қолдау көрсетіліп, қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылғанын айтты. Ауылдың қоғамдық өміріне ардагерлердің белсенді араласып келе жатқанын ерекше атап өтті. Ол ауыл тұрғындарын толғандырған аяқсу мәселесінің толық шешімін тапқанын жеткізіп, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстардың нәтижесін баяндады. Сонымен бірге ауылдық медициналық пункт меңгерушілерінің жиі ауысуы тұрғындарға қолайсыздық туғызып отырғанын, қазіргі таңда бұл қызмет орны бос тұрғанын айтып, мәселені назарға ұсынды.
Айдарлы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тыныштықбай Әбсадықов ауылдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы кеңінен баяндады. Оның айтуынша, 2026 жылдың алғашқы жеті айында ауылдық округ бойынша 64 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жұмыссыздық деңгейі 3,5 пайызды құраған. Ауылда инфрақұрылымды жаңғырту, кәсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруашылығын дамыту, елді мекенді абаттандыру және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатқанын атап өтті.
Аманкелді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрмағанбет Құдайбергенов ауыл әкімдігімен, білім беру ұйымдарымен, мәдениет мекемелерімен, учаскелік полиция қызметімен және қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыс орнатылғанын айтты. Баядамашының келтірген мәліметіне сүйенсек, барлық атаулы және мерекелік күнде тәрбиелік маңызы зор іс-шара өткізіліп келеді. Жастар арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру, ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайту, елді мекенді абаттандыру мен көгалдандыру жұмысы тұрақты жүргізіліп жатқанын жеткізді
Жиын барысында жарыссөзге шыққан Қамар Рүстемов, Шаһарбек Нұрсейіт баяндамашылардың жұмысына оң бағаларын беріп, аудандық және ауылдық ардагерлер ұйымдарының атқарып отырған қызметіне ризашылықтарын білдірді. Олар қоғамдық келісімді нығайту, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосу және ардагерлердің әлеуметтік мәселелерін шешудегі жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасын табуына тілектестік білдірді.
Мазмұнды басқосу рухани әсерге де толы болды. Ауылдың ақыны Байрон Есенбаев туған жерге деген сүйіспеншілікті жырлаған «Қоғалыкөл» атты өлеңін оқып, көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Өлеңде туған өлкенің табиғаты, ауылдың бірлігі мен елге деген құрмет көркем бейнеленді.
Жиын соңында мәдениет саласының майталманы Жантемір Айсин ауданның «Алтын қазына» ансамблінің Орал қаласына концерттік бағдарламамен барып, өнер көрсеткені жөнінде естелік әңгіме айтты. Ол Батыс Қазақстан жұртшылығының сырбойылық өнерпаздарды ерекше құрметпен қарсы алып, ыстық ықыласпен шығарып салғанын атады. Бұл өнер сапары Сыр елінің мәдениетін кеңінен насихаттап, өңіраралық рухани байланысты нығайтқан тағылымды іс-шара болғанын жеткізді.
Алқа мәжілісінің қорытындысында аудандық ардагерлер ұйымының бірқатар белсенді азаматтары мен қоғамдық жұмысқа белсене араласып жүрген ардагерлер құрмет төріне шығарылып, оларға алғыс білдірілді. Көп жылғы еңбегімен елге үлгі болған азаматтарға ізгі тілектер айтылып, ақсақалдардың ақ батасы берілді.
Қоғалыкөл ауылында өткен кезекті Алқа мәжілісі ардагерлер ұйымының қоғамдағы орны мен беделін тағы бір айқындады. Басқосуда көтерілген мәселелер мен айтылған ұсыныстар аудан көлеміндегі ардагерлер қозғалысының жұмысын одан әрі жетілдіруге бағытталып, ел бірлігі мен ұрпақ тәрбиесіне қызмет ететін маңызды шешімдердің қабылдануына негіз болды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ










