Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарты бардың қазынасы ортаймаған

Қарты бардың қазынасы ортаймаған

Сырдария аудандық ардагерлер кеңесінің кезекті алқа мәжілісі Қалжан ахун ауылында өткізіліп, жиында бірқатар келелі мәселе көтерілді. 2025 жыл­дың бірінші жартыжылдығын қорытындылауға ар­налған алқа мәжілісінде бірнеше өзекті жайтқа мән берілді. Мәжіліске аудан ардагерлері мен зия­лы қауым өкілдері, қоғамдық ұйым төрағалары қатысты.

Аудан ардагерлері басқосу барысында зейнеткерлік жасқа жетіп, қазыналы қартқа айналған жандарды қолдау іс-шарасына тоқталды. Алқа мәжілісінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев бірінші жартыжылдық бойынша ат­қарылған жұмысты саралады.

– Қасиетті мекен, дін қайраткері Қалжан ахун есімімен аталатын ауылда бас қосып отырмыз. Алқа мәжілісінде дәстүрлі түрде ардагерлермен тығыз байланыс орната отырып, олардың жағдайына аса мән береміз. Сан түрлі бағытта атқарылатын жұмысты кез келген елді мекенде жүзеге асырған дұрыс. Қазіргі уақытта зейнет жасындағы біздің замандастарымыз ел ішінде көптеген іс-шараға қатысып, өз­дерінің үлкендігін көрсетіп ке­леді. Қарияларға құрмет қашанда жасалғаны дұрыс, – деді аудандық ар­дагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев.

Күн тәртібіне сәйкес, Сәкен Сейфуллин және Қалжан ахун ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағалары Сайлау Мақпалбай мен Жорабек Маханбетов баяндама жасады. Баяндамада қос ауылдың ардагерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту және медициналық кө­мек­пен қамтамасыз ету барысы қамтылды.

– Сәкен Сейфуллин ауылында 190 ардагер тұрады. Оның ішінде, 1 «Батыр ана», 1 «Алтын алқа» иегері бар. Ауылымызда 4 баста­уыш ардагерлер ұйымы жұмыс жасайды. Денсаулығына байланысты 2 ардагеріміз Жаңақорған ауданындағы шипажайда емделді. Әжелер ан­самблі Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай өткізілген бай­қаудың аудандық кезеңіңде бас жүлде жеңіп алса, облыс­тан ІІІ орын иеленді, – деген Сайлау Мақпалбай өзге де өзекті мәселелерге тоқталды.

Қалжан ахун ауылы бойынша арда­герлерді қолдау іс-шарасы жө­нінде Жорабек Маханбетов тізбектеді.

– Елді мекенде 140 ардагер бар екенін айта кетейін. Ауыл арда­герлері қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, елді мекендегі түрлі мәселелердің шешімін табуға ықпал етуде. Шаруашылықтар тарапынан демеушілік жасалып, мұқтаж жан­дарға көмек көрсетуді дәстүрге айналдырған. Қашанда бірлігі бекем, тірлігі көркем ауылымыздың ардагерлері ұйымшылдықтың үлгісін көрсете береді, – деді Жорабек Маханбетов.

Жиын соңында ардагерлер өз ойларын ортаға салып, күн тәртібіндегі мәселелерге оң бағасын берді.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: Н.НҰРЖАУБАЙ

09 шілде 2025 ж. 184 0