Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Экономиканың негізгі көрсеткіштері тұрақты өсім көрсетті

Экономиканың негізгі көрсеткіштері тұрақты өсім көрсетті

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте аудан әкімі Берік Сәрменбаев БАҚ өкілдерімен кездесіп, сауалдарына жауап берді. Өз кезегінде аудан әкімі Сырдария ауданының 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму барысы және алда атқарылатын жұмысы жөнінде қаламгерлерге баяндады.

Әрбір көрсеткіш аудан экономи­ка­сының даму қарқынын, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыс­тардың нәтижесін айғақтап тұратыны мәлім. Мәселен, жыл ба­сын­да 10 миллиард теңге болып бекітіл­ген аудан бюджетінің 13 мил­лиард теңгеге дейін ұлғаюы – қосымша мүм­кін­діктің ашылғанын білдіреді. Бұл – жаңа жобаларға қаржы бөлініп, инфра­құрылымның жаңаруына, әлеу­меттік бастаманың жүзеге асуына жол ашатын маңызды көрсеткіш.

– Өнеркәсіп өнімінің көлемі 55,8 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыс­тырғанда төрт есеге артуы – аудан экономикасындағы ең ірі жетістіктің бірі. Ал өңдеу өнеркәсібінің 32,2 пайыздық өсімі шикізат өндірісінен да­йын өнім шығаруға бетбұрыстың күшейіп келе жатқанын көрсетеді. Инвестиция көле­мінің 42,5 миллиард теңгеге жетуі – ауданның инвесторлар үшін тартымды өңірге айналып келе жатқанының дәлелі. Инвестиция келген жерде жаңа өндіріс ашылады, жаңа жұмыс орындары құрылады, тұрғындардың табысы артады. Кәсіпкерлік саласына көз жүгіртсек, ауданда тіркелген 2354 кәсіпкерлік субъектісінің 2314-і тұрақты жұмыс істеп тұр. Яғни тір­кел­ген кәсіпкерлердің 98,3 пайызы нақты кәсіппен айналысады. Бұл – биз­нестің өміршеңдігін, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін көр­сететін өте жоғары көрсеткіш. Жыл басынан бері 1,7 миллиард теңгеге 70 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде, 48 жоба «Ауыл аманаты» бағ­дар­ламасы арқылы жүзеге асуда. Бұл ауыл тұрғындарының өз кәсібін ашуына, табысын көбейтуіне және жаңа жұмыс орындарының құры­луына үлкен мүмкіндік беріп отыр. Ауыл шаруашылығында да цифрлар үміт ұялатады. Биыл 32 мың гектардан астам жерге егін егілді. Су тап­шылығына қарамастан, аудан шаруа­лары егін құрылымын өзгертіп, суды аз қажет ететін дақылдардың көлемін көбейтуге кірісті. Ерекше назар аударатын жоба – құны 40 миллиард теңге болатын жүгеріні терең өңдеу зауытының құрылысы. Бұл кәсіпорын толық іске қосылғанда 500 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Демек, бұл тек өндіріс орны ғана емес, жүздеген отбасының тұрақты табыс көзіне айналатын маңызды инвести­циялық жоба. Су ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы жұмыс та нақты нәтижесін көрсетуде. Биыл 4 мың гектар жер лазерлік тегістеуден өткізіліп, бұл көрсеткіш 80 пайыздан асты. Алдағы уақытта 15,8 миллиард теңгеге 95 шақырым каналдың бетонмен қапталуы су шығынын азайтып, егіншілік тиімділігін арттыруға мүмкін­дік береді. Бүгінгі Сырдарияның цифрлары жай ғана есеп емес. Олар – жаңа өндірістердің, жаңа жұмыс орын­дарының, мемлекеттік қолдаудың, ауыл­дағы еңбек адамының және ертең­ге деген сенімнің көрсеткіші, – деді Берік Әбіғаппарұлы.

Мал шаруашылығы – аудан эко­номи­касының маңызды саласының біріне жатады. Аталған бағыттағы жұмыс­тар да кезең-кезеңімен жүйелі жүзеге асырылуда. Соның нәти­жесінде, осы жылдың алғашқы жар­ты­­жыл­дығында барлық түлік түрлері бойынша оң өсім қалыптасты. Аудан­дағы ірі қара мал саны 40 мың бас­тан асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,1 пайызға артса, жылқы саны 28 мыңнан асып, 6,3 пайыздық өсім көрсетті. Сондай-ақ ұсақ мал басы да 29 мыңнан асып, 1,2 пайызға көбейді. Бұл – мал басын асыл­дандыру, жем-шөп қорын нығайту және мемлекеттік қолдау шаралары­ның нақты нәтижесі.
– Экономиканың қарқынды дамуы ең алдымен халықтың күнделікті тұрмысынан көрінуі тиіс. Мемлекет басшысы жүктеген міндеттің өзегі де осы. Сырдария ауданында биылғы жарты­жылдықтағы құрылыс, тұрғын үй, жол, инженерлік инфрақұрылым және жұмыспен қамту салаларындағы көрсеткіштер осы бағыттағы жүйелі жұмыс­тың нақты нәтижесін аңғартады. Құрылыс саласындағы көрсеткіштердің өзі ауданның даму қарқынын айқын көрсетеді. Алты айдың ішінде 10,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, құрылыс көлемі 15,1 мил­лиард теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6 миллиард теңгеге артық. Яғни аудан құрылыс алаңына айналып келеді. Тұрғын үй – халықтың ең басты әлеу­меттік сұраныстарының бірі. Осы мақсатта биыл әлеуметтік осал топтар үшін 100 пәтер сатып алуға 1,5 миллиард теңге бөлінуі – кезекте тұрған ондаған отбасының баспаналы болуы­на жасалған нақты қолдау. Бұл тек салынған үй емес, жүздеген адамның өмір сапасын жақсартатын маңызды шешім.

Инженерлік инфрақұрылымға са­лын­ған әрбір қаржы – болашаққа салынған инвестиция. Нағи Ілиясов ауы­лындағы жаңа қоныстану айма­ғына 186,5 миллион теңгенің инже­нерлік желілері тартылып жатса, бұл жаңа көшелердің, жаңа үйлердің және жаңа мүмкіндіктердің бастауы. Жол – экономиканың күретамыры. Биыл осы салаға 740,2 миллион теңге бөлініп, 15,1 шақырым автомобиль жолы жөнделуде. Нәтижесінде аудандық маңыздағы жолдардың 99 пайызы, ал елді мекендердің ішкі жол­дарының 87 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жетті. Бұл көрсеткіштер тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қатынауына мүмкіндік беріп қана қоймай, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығының дамуына да серпін береді. Жуырда пайдалануға бері­летін Тереңөзек кенті тұсындағы көпір мен жаңадан салынып жатқан теміржол вокзалы ауданның көлік-логис­тикалық әлеуетін жаңа деңгейге көтермек. Нысандар Сырдарияның кел­бетін жаңартып қана қоймай, өңірдің экономикалық белсенділігін арттыратын маңызды жоба саналады. Бүгінде аудан халқының 100 пайы­зы сапалы ауызсумен қамтамасыз етілгені – орасан жетістік. Ал алты елді мекендегі ауызсу жүйесін жаңғырту жұмысы бұл қызметтің сапасын одан әрі жақсартуға бағытталған. Газдандыру жұмыстары да қарқынды жүр­гізілуде. Бір ғана жылдың ішінде бұл салаға 5,1 миллиард теңге бөлінуі – мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған үлкен қолдаудың көрінісі. Ақжарма ауылы табиғи газға қосылуға толық дайын болса, Шіркейлі, Қоғалы­көл және Бесарық ауылдарында жаңа жобалар қолға алынуда. Осы жұмыс­тар аяқталған кезде ауданды газбен қамту деңгейі 80 пайыздан асады. Бұл мыңдаған тұрғынның тұрмыс сапасын арттырып, экологиялық таза отын­ға қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Электр желілерін жаңғырту да – уақыт талабы. Соңғы жылдары бірнеше ауылда бұл жұмыстар толық аяқталса, биыл тағы екі елді мекенге 1 мил­лиард теңге бөлінді. Нәтижесінде электр желілерінің тозу деңгейі қазіргі 62 пайыз­дан 50 пайызға дейін төмендейді. Абаттандыру бағытындағы жұмыс та аудан келбетінің жаңарып келе жатқанын көрсетеді. 11 мыңнан астам көшет отырғызылып, 229 миллион теңгеге көшелер көркейтілуде. Жаяу жүргіншілер жолдары, балалар ойын алаңдары мен орталық алаң­дағы жаңа субұрқақ – мұның бәрі тұр­ғындарға қолайлы әрі жайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Эконо­миканың басты көрсеткіші – халықтың жұмыспен қамтылуы. Биылғы алты айда 1159 жаңа жұмыс орнының ашылуы – көптеген отбасының тұрақты табысқа қол жеткізгенін білдіреді. Ұлттық жобалар аясында да жаңа жұмыс орындары құрылып, жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз шамасында сақталуда, – деді аудан басшысы.

Брифинг барысында журналис­тер­дің сауалдарына жауап беру барысында аудан әкімі әлеуметтік саланың басым бағыттарына тоқталды.

– Экономиканың дамуы мен инфра­құ­рылымның жаңаруы қаншалықты ма­ңызды болса, елдің ертеңін айқын­дай­тын ең басты көрсеткіш – адам капиталы. Сондықтан білім, денсаулық сақтау және мәдениет саласына салын­ған әрбір инвестиция – болашақ­қа салынған инвестиция. Сырдария ауданында бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі нақты көрсеткіштерден анық байқалады. Ең алдымен, білім саласына назар аударсақ, ауданда бүгінде апатты жағдайда немесе үш ауысыммен оқытатын бірде-бір мектеп­тің болмауы – сапалы білім беруге жасалған жүйелі жұмыстың жемісі. Бұл – балалардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуына толық мүм­кіндік жасалғанын көрсетеді. Білім сапасының басты өлшемі – оқушылардың жетістігі. Биыл мектеп бітірген 585 түлектің 494-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, олардың орташа көрсеткіші 85,6 баллды құрады. Ең қуантатыны – 89 оқушының 100 баллдан жоғары нәтиже көрсетуі. Ұстаздардың қажырлы еңбегі мен оқушылардың мақсатқа ұмтылысының нақты жемісі деп білеміз. Жетістік мұнымен шектелмейді. 53 түлектің «Алтын белгі», 70 түлектің «Үздік аттестат» иегері атануы – ауданда дарынды жастарды қолдау мен білім сапасын арттыру бағытындағы жұмыстың жоғары деңгейде жүргізіліп жатқанын дәлелдейді. Ал 247 оқушының түрлі білім додаларында жеңімпаз атануы Сырдария жастарының білім бәсе­кесінде өз орнын қалыптастырып келе жатқанын көрсетеді. Баланың дамуы мектептен емес, балабақшадан бас­талады. Осы тұрғыдан алғанда аудан бойынша 3-6 жас аралығындағы балалардың балабақшамен 100 па­йыз қамтылуы – үлкен жетістік. Бұл – ата-аналардың алаңсыз еңбек етуіне, ал бүлдіршіндердің сапалы мектепке дейінгі тәрбие алуына мүмкіндік беріп отыр. Жазғы демалысты тиімді ұйымдастыру да назардан тыс қалған жоқ. «Жалын» лагерінде 791 баланың демалуы, сондай-ақ 165 баланың республикалық және өңірлік лагерьлерде тынығуы – балалардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың жан-жақты дамуына жасалған қамқорлықтың айқын көрінісі. Ден­саулық сақтау саласындағы жаңа­шылдықтар да халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Заманауи компьютерлік томография, цифрлы маммограф, портативті УДЗ және жылжымалы рентген аппараттарының іске қосылуы аудан тұрғындарының күрделі медициналық қызметтерді өз өңірінде алуына мүмкіндік берді. Бұл бұрынғыдай уақыт жоғалтып, облыс орталығына сабылудың қажеттілігін азайтады. Аурухананың «Терапия» бөлімшесінің жаңғыртылуы, балаларға арналған «Даму және ерте араласу орталығы» және «Госпитальдық фармация» бөлімшесі медициналық қызметтің сапасын жаңа деңгейге көтеретін маңызды жобаға айналды. Қоғамның рухани дамуы да назардан тыс қалмаған. Бүгінде аудан бойынша 140 шығармашылық үйірмеде 1699 өнерпаз өнерін шыңдап жүр. Бір ғана жарты жылда ұйымдастырылған 775 мәдени іс-шара тұрғындардың мәдени өмірін жандандырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге серпін берді. «Алтын қазына» ансамблінің Орал қаласындағы гастрольдік сапары Сырдарияның өнерін өзге өңірге танытса, облыстық «Кітап керуені» акциясының ауданнан басталуы – руханиятқа деген ерекше құрметтің белгісі. Ал алдағы «Кітап оқы да, кемелден» жобасы жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, ойлы ұрпақ тәрбиелеуге қызмет ететін маңызды бастама болмақ, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Б.АЯБЕКҰЛЫ
18 шілде 2026 ж. 59 0