Сырдария ауданында экономиканың негізгі көрсеткіштері тұрақты өсім көрсетті
Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаев 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму барысы және алда атқарылатын жұмыстар туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде баяндады.Брифинг барысында аудан басшысы ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталып, барлық негізгі бағыттар бойынша жоспарлы жұмыстардың жүйелі жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Бүгінде аудан бюджеті жыл басында 10 млрд. теңгеге бекітілсе, шілде айындағы нақтылаумен 13 млрд. теңгеге жетті. 2026 жылдың 1 шілдесіне өнеркәсіп орындары 55,8 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, көрсеткіш 4 есеге ұлғайса, өңдеу өнеркәсібі 6,3 млрд. теңгені құрап, 32,2 пайызға өсті.
–Ауданда кәсіпкерлік саласын дамытуға әркез басымдық беріліп келеді. 2026 жылдың 1 шілдесіне негізгі капиталға 42,5 млрд. теңге инвестиция тартылып, өсім 3 пайызды құраса, бөлшек сауда көлемі 1,7 млрд. теңге болып, 100,5 пайызға орындалды. Ағымдағы жылдың 1 шілдесіне ауданда 2354 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелді. Оның ішінде, жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2314 болып, тіркелгендерге үлесі 98,3 пайызды құрады. Жыл басынан бері мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 1,7 млрд. теңгені құрайтын 70 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы құны 13,5 млн. теңгенің 1 жобасы, «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 367,4 млн. теңгенің 48 жобасы қаржыландырылды. «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 947,7 млн. теңгенің 11 жобасы қолдау тапты. «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының Қызылорда филиалы арқылы құны 185,3 млн. теңгеге 9 ауыл шаруашылығы техникалары мен құрал-жабдықтары алынса, құны 160 млн. теңгені құрайтын 1 жоба екінші деңгейлі банк тарапынан кепілдендірілді. Алдағы уақытта да экономиканың барлық саласы бойынша жүйелі жұмыстар жалғасып, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жобалар тұрақты бақылауда болады, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.









