Даму бағыты айқын
Аудан басшысы кезекті брифингте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Үкіметтің ерекше қолдауымен, аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасымен тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған серпінді жобаларды, өткен жылдың оң қорытындысын айтып өтті. Сөз басын V Ұлттық құрылтай отырысында Президенттің Сыр елінде атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беруінен бастаған аудан басшысы Сырдария ауданының өткен жылдағы әлеуметтік-экономикалық даму барысын баяндады.
– 2025 жылы ауданда барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсімі қамтамасыз етілді. Аудан бюджеті өткен жылдың басында 10 млрд теңгеге бекітілсе, жыл қорытындысымен 12 млрд теңгеге жетті. Өнеркәсіп орындары 101,8 млрд теңгенің өнімін өндіріп, көрсеткіш 72,4 пайызға ұлғайса, өңдеу өнеркәсібі 14,2 млрд теңгені құрап, 11,2 пайызға өсті. Ауданда кәсіпкерлік саласын дамытуға әркез басымдық беріліп келеді. 2025 жылы аудан экономикасына 89,5 млрд теңге негізгі капиталға инвестиция тартылып, бөлшек сауда көлемі 3,2 млрд теңге болып, 100,1 пайызға орындалды, – деген аудан басшысы 2026 жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткіш бойынша 2675 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелгенін, оның ішінде жұмыс жасап тұрғандары 98 пайызды құрайтынын айтты. Сондай-ақ өткен жылы мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 5,7 млрд теңгені құрайтын 199 жобаға қаржылай қолдау көрсетілген.
Арнайы жобаларға тоқталып өткен аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы жақында іске қосылған жылыжай, наубайхана жұмысын, сондай-ақ жоспардағы бу-газ қондырғысы, крахмал-сірне зауыты, газ өндіру зауытының және тауарлы сүт фермасының құрылыс жобасымен таныстырып өтті.
Сонымен қатар брифингте ауданымыздың негізгі саласы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға жыл сайын ерекше көңіл бөлініп келе жатқаны сөз етілді. Бұл тұста аудан еңбеккерлерінің еселі жұмысы нәтижесінде облыста Сырдария ауданы «Егін шаруашылығы бойынша Озат аудан» атанғанын айта кету орынды.
Аудан әкімі БАҚ өкілдерімен өткізген брифинг барысында Мемлекет басшысы ең алдымен халыққа қажетті инфрақұрылымдық жұмыстарды атқаруды тапсырғанын, бұл ретте ауданда құрылыс, жол және коммуналдық сала бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілгенін айтты. Және «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандыру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Жыл бойына 17500 дана көшет отырғызылып, 8000 тонна қалдық шығарылған.
Брифинг барысында спорт, білім беру, денсаулық, мәдениет пен руханият саласында атқарылып жатқан игі жұмыстар мен тың жобалар – негізгі тақырыптың бірі болды. «Ауданды дамыту үшін Мемлекет басшысының тапсырмасын назарда ұстап, облыс әкімінің қолдауымен жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Биыл да осы бағыттағы жұмыстар жалғасады» деген Берік Әбдіғаппарұлы ауданның даму бағыты айқын екенін айтты.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ











