Есепті кездесулер Бесарық, Қоғалыкөл және Шіркейлі ауылдарында жалғасты

Аудан басшысы кездесу барысында облыс көлемінде жүзеге асып жатқан жобалар мен аудандағы әлеуметтік-экономикалық жетістіктерді атап көрсетті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей қолдауымен аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасты. Өңіріміз барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикада алғашқы орындарда. Облыс бюджеті 750 млрд теңгеден асты. Биыл облыс аумағындағы барлық елді мекендер орталықтандырылған ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз етіледі. Тұрғындарды электр энергиясымен қамту бағытында құны 11 млрд. теңгеге 38 жоба жүзеге асырылуда. Қызылорда қаласында 215 млрд. теңгеге қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жаңа жылу электр орталығы қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Президентіміздің Катар еліндегі іс-сапарда үкіметаралық келісім шеңберінде қуаттылығы 1100 МВт, құны 800 млрд теңге болатын бу-газ қондырғысын салу келісілді. Жаңа бу газ қондырғылары Сырдария ауданының аумағында салынатын болады. «ҚазМұнайГаз» компаниясының демеушілігімен Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі 350 орындық Оқушылар сарайы пайдалануға берілді. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 28 нысан салынып, тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуде, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Бүгінде аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен ауданда ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Аудан орталығында құны 1,5 млрд. теңге болатын «Руханият» орталығының құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Аудан халқы 100 пайызы таза ауыз сумен қамтылған. Соңғы 3 жылда 670 млн. теңгеге Тереңөзек кенті, Шаған, Қоғалыкөл, Аманкелді елді мекендерінде ауыз су желілері жаңартылды. Өткен жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында құны 241,1 млн. теңгеге Тереңөзек кенті және Аманкелді елді мекеніндегі медициналық нысандар күрделі жөндеуден өтті. 2024 жылы құны 185,4 млн. теңгеге Бесарық ауылдық мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтсе, биыл 389,2 млн. теңгені құрайтын дене шынықтыру және сауықтыру кешені пайдалануға берілді.
Есепті кездесулерде тұрғындар елді мекеннің өзекті мәселелерін жеткізіп, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Аудан әкімі барлық мәселе назарда болатынын айтып, тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі