Басқарма басшысы іссапармен келді
Сырдария ауданына арнайы іссапармен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Алмас Әбілпатта келді. Іссапар барысында Алмас Әбдіғаппарұлы аудандық аурухана базасымен танысты.Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Алмас Әбілпаттаға бас дәрігер Жанар Жұмабаева аудандық аурухананың жұмыс барысын баяндап, жергілікті халыққа медициналық көмекті сапалы ұйымдастыру тетіктерін айтты. Ең алдымен, басқарма басшысы өткен жылы ашылған «Паллиативтік көмек» және «Медициналық оңалту» бөлімшесіне барды. Мұнда науқастардың жағдайын саралап, олармен пікір алмасты. Облыс бойынша 7 аудан мен Қызылорда қаласынан науқастарды қабылдайтын «Паллиативтік көмек» бөлімшесінің ақ халатты абзал жандарымен әңгімелескен басқарма басшысы ұдайы науқастарды жіті бақылауда ұстап, денсаулығына мұқият күтім жасау керектігін алға тартты.
Бұдан кейін Алмас Әбдіғаппарұлы аудандық аурухананың бөлімшелерінде болып, материалдық базамен жабдықталу барысына қанықты. Бұл ретте бүгінде қайта жаңғыртудан өтіп жатқан «Терапия» бөлімшесінің күрделі жөндеу жұмысына қанықты. Уақытылы және сапалы жөндеу жұмысын аяқтауға тапсырма берді. «Қабылдау», «Жан сақтау», «Балалар» бөлімшесінің де қызметкерлерімен кездесіп, сырқаттанған балалардың ата-аналарымен кездесті.
– Сырдария ауданына жұмыс сапары барысында аудандық аурухананың қызметімен жан-жақты таныстым. Жалпы, медициналық мекеменің материалдық-техникалық базасы кезең-кезеңімен жаңартылып, заманауи талаптарға сай қызмет көрсету бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өткім келеді. Аурухана ұжымы тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсету жолында аянбай еңбек етуде. Әсіресе, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту, профилактикалық іс-шараны күшейту, ана мен бала денсаулығын қорғау бағытындағы жұмыстың басым бөлігі оң бағасын алуға лайық. Дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігі жоғары деңгейде екені байқалады. Цифрландыру жүйесін енгізу, жаңа медициналық құрал-жабдықтарды тиімді пайдалану, кадр тапшылығын азайту бағытында атқарылып жатқан жұмыс та көңіл қуантады. Алдағы уақытта да аудандық аурухана тарапынан көрсетілетін қызмет сапасын одан әрі арттыруға барлық мүмкіндік бар деп сенемін. Жалпы алғанда, Сырдария аудандық ауруханасының ұжымы өңір тұрғындарының денсаулығын сақтау жолында жүйелі әрі нәтижелі жұмыс атқарады. Бұл бағыттағы негізгі жобалар облыстық денсаулық сақтау басқармасының тұрақты бақылауында болады, – деді Алмас Әбдіғаппарұлы.
Аудандық емхананы аралап көрген басқарма басшысы жергілікті халықпен кездесіп, аудан медицинасы жөнінде кеңінен әңгімелесті. Тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету барысына қатысты тұрғындар пікірін білді.
«Жалпы тәжірибелік» және «Мамандандырылған», «Күндізгі стационар» бөлімшесінің мамандарына тұрғындармен ұтымды әрі нақты іс-әрекет арқылы байланыс орнату керектігін ескертті. Қашанда тұрғындар пікіріне құлақ асып, дертіне дәру іздеген тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру – ортақ міндет екенін жеткізді.
– 2026 жылдың басты жаңалығы – Сырдария аудандық ауруханасының базасында «PHILIPS» маркалы компьютерлік-томографиялық аппарат пайдалануға берілді. Қырық мыңға жуық халық тұратын аудан тұрғындары алдағы уақытта жаңа аппараттың игілігін көре бермек. Жалпы алғанда, аудандық ауруханада 8 бөлімше 160 төсек орынға лайықтандырылған. Қазіргі уақытта құрамында «Балалар», «Хирургия», «Терапия», «Гинекология» және «Перзентхана», «Жұқпалы аурулар» бөлімшелері сырқатына дауа іздеген жергілікті тұрғындарға есігін айқара ашуда. Бұдан бөлек, «Жан сақтау» бөлімшесінің мамандары адам өміріне араша түсуде. Өткен жылы аудандық аурухананың жедел сатысын орналастыруға қомақты қаржы бөлініп, көпшілік игілігіне берілді. Қазіргі таңда Сырдария аудандық ауруханасында медициналық қызмет сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Соның бірі – «Терапия» бөлімшесінің күрделі жөндеуден өткізілуі. Бұл – науқастарға қолайлы жағдай жасап, емдеу үдерісінің тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Аурухана базасында бірқатар арнайы орталық ашылып, тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасы жаңа деңгейге көтерілуде. Заманауи талаптарға сай медициналық аппараттар алынуда. Бұл өз кезегінде диагноз қоюдың дәлдігін арттырып, емдеу шараларын уақытылы әрі сапалы жүргізуге мүмкіндік береді. Біздің басты мақсатымыз – халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету. Осы бағытта қолға алынған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Аурухана ұжымы тұрғындардың денсаулығын нығайту жолында аянбай еңбек ете береді, – деді бас дәрігер.
Іссапар аясында басқарма басшысы облыстық медициналық «Жедел жәрдем» станциясының Сырдария аудандық бөлімшесінің қызметкерлерімен жүздесіп, олардың қызмет бағытын айқындады.
Балтабай ОРДАБЕКОВ












