Топ-баннер
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көктемгі дала жұмыстарына дайындық пысықталды

Көктемгі дала жұмыстарына дайындық пысықталды

Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, күн тәртібінде көктемгі егіске дайындық мәселелері қаралды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев суды көп қажет ететін дақылдар көлемін оңтайландыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, егіс алқаптарын әртараптандыру бағытындағы жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Атап айтқанда, суды аз қажет ететін дақылдардың үлесін арттыру, заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу және су шығындарын қысқарту мәселелеріне басымдық берілуде. Осы ретте, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шаралары мен қабылданған бағдарламалардың сапалы әрі жүйелі жүзеге асырылуы аса маңызды. Біз көктемгі дала жұмыстарына жан-жақты дайын болуымыз қажет. Сондықтан оны тиімді пайдалану – баршамызға ортақ міндет. Су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы өнім көлемін арттырып қана қоймай, су тапшылығының алдын алуға мүмкіндік аламыз. Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, заманауи цифрлық шешімдерді кеңінен қолдануымыз қажет, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Биыл ауданда 32 064 гектарға егін орналастыру жоспарлануда. Оның ішінде, күріш дақылы 17 000 гектарға егілетін болады. Суды үнемдеу мақсатында биыл 2000 гектарға жүгері, 1885 гектарға бидай, 384 гектарға мақсары, 105 гектарға соя, 10 000 гектарға жоңышқа егу жоспарлануда.

Мәжіліс қорытындысымен аудан әкімі күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына, кент және ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

25 ақпан 2026 ж. 38 0