Көктемгі дала жұмыстарының барысы пысықталды
Бүгінгі Үкімет отырысының күн тәртібінде көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы қаралды. Үкімет отырысынан кейінгі арнайы мәжілісте облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев аталған мәселеге орай бірқатар нақты тапсырмалар берген болатын.
Осыған байланысты аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, көктемгі дала жұмыстарының барысы пысықталды.
Аудан басшысы су тапшылығына байланысты вегетациялық кезеңде бекітілген егістік жерлерге ғана егін егуді қамтамасыз етіп, артық жерге егін егілмеуін қадағалау қатаң бақылауда болу керектігін айтты. Сондай-ақ, көктемгі дала жұмыстарына қажетті тұқым, минералды тыңайтқыштар мен жанар-жағармай қорын қалыптастыру, ротация тәртібін сақтау мәселелері үнемі назарда болу керектігін ескертті. Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, жылдағыдай жергілікті тұрғындардың картоп, көкөніс, бақша дақылдарын егетін қосымша жерлерін дайындау жұмыстарын аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне кент және ауыл әкімдерімен бірлесе ұйымдастыруды жүктеді.
Мәжіліс барысында суға қарызы бар шаруашылықтардың қысқа мерзімде қарыздарын қайтару қажеттігін еске салып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі