Эксаумақтық соттылық
Эксаумақтық соттылық 2021 жылғы 20 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру және дауларды соттан тыс және сотқа дейін реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. 2022 жылдың 1 тамызынан бастап экстерриториялық, яғни эксаумақтық соттылық принципі қолданысқа енгізілді.
Сот саласында қолға алынған реформалардың негізгі мақсаты – азаматтардың құқығы мен бостандығын мінсіз қорғауға, әділ сот төрелігін қамтамасыз етуге және қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Бұл реформалар сот жүйесіне деген қоғамдық сенімді арттырып, сот төрелігінің қолжетімді әрі түсінікті болуын көздейді. Сонымен бірге сот қызметіндегі ашықтық пен жеделдікті қамтамасыз етіп, сот процесін мейлінше оңтайландырады.
Соған орай Азаматтық процестік кодекстің 32-бабына сәйкес тараптар өзара келісім бойынша эксаумақтық соттылықты таңдай алады. Яғни кодексте көрсетілгендей, тараптар істі сот талқылауына дайындау сатысында, оның ішінде соттың іс жүргізуінде жатқан істер бойынша аумақтық соттылықты өзгертуге, эксаумақтық соттылықты таңдауға құқылы. Бұл норма азаматтардың өз құқықтарын қорғауда таңдау еркіндігін кеңейтеді.
Эксаумақтық соттылық қағидаты талап қою немесе азаматтық іс республиканың барлық соттары арасында бөлінетін болады.
Тараптар эксаумақтық соттылықты таңдаған жағдайда «Төрелік» ақпараттық жүйесі өтінішті автоматты түрде қабылдап, істі жүктемесі аз әрі осы санаттағы істерді қарау құзыретіне кіретін соттарға бағыттайды. Бұл соттар арасындағы теңгерімді сақтауға мүмкіндік береді. Басқаша айтқанда, талапкер мен жауапкер бір аймақта, ал сот басқа аймақта болатын жағдай мүмкін болады. Өйткені азаматтар республиканың кез келген аймағындағы сотты таңдауға мүмкіндік алады. Бүгінгідей онлайн сот процестері қалыпты үрдіске айналып, бейнеконференц байланысы арқылы іске қашықтан қатысу еш қиындық тудырмайтын заманда эксаумақтық соттылықты қолдану барынша қолайлы. Бұл бір жағынан сотқа жүгінуді жеңілдетсе, екінші жағынан сот жүйесінің заманауи талаптарға сай екенін көрсетеді.
Дархан КҮЗЕРБАЕВ,
Сырдария аудандық соты
әкімшісінің жетекші маманы











