Аудан әкімі қаламгерлерді қабылдады
Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаев ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облыстық филиалының төрайымы, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Қаршыға Есімсейітова мен ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қатира Жәленованы қабылдады.Аудан басшысы қазақ поэзиясына өзіндік үнімен, сыршыл сезімімен, терең ойлы лирикасымен келген қаламгерлердің өмірі мен шығармашылығы туралы жақсы пікірлер айтып, еңбектерін жоғары бағалады.
– Халқымызда «Ақын – елдің ардағы» деген даналық сөз бар. Сіздер өзіндік оқырманы қалыптасқан, әдеби ортада құрметке ие ақынсыздар, журналистика саласында ұзақ жыл табанды еңбек еткен майталман тұлғасыздар. Аймағымызда Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен мәдениет, өнер саласын және әдебиет өкілдерін қолдау жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Сол іс-шаралардың көш басында өздеріңіздің жүрулеріңіз – ұрпақтар сабақтастығы. Ақын-жазушыларымыздың қарашаңырағы саналған Жазушылар одағының облыстағы филиалына жетекшілік ету – зор құрмет әрі жауапкершілігі зор міндет. Біз Жазушылар одағының бастамаларын қолдаймыз, бұл бағытта ауданымызда әдеби-мәдени, рухани-танымдық іс-шаралар мен кездесулер тұрақты түрде өткізіліп келеді. Игі іс-шараларды алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз, – деді аудан әкімі.
Кездесуде өңірдің әдеби-мәдени саласындағы жаңалықтар мен жетістіктер туралы айтылып, қаламгерлер өз естеліктерімен бөлісіп, алдағы жоспарларын ортаға салды. Өз кезегінде Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалының төрайымы, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Қаршыға Есімсейітова аудан басшысына «Шешім ІІІ» кітабын сыйға тартты. Ал ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қатира Жәленова шығармашыл тұлғаларға қолдау көрсетіп келе жатқан аудан әкіміне шынайы ризашылығын білдірді.
Айта кету керек, бүгін «Руханият» орталығында қаламгерлердің оқырманмен кездесу кеші ұйымдастырылды.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі









