«Тұран» сыйлығының иегері атанды
Берекелі Бесарық ауылының тумасы, ақын Елубай Әуезов «Тұран» сыйлығымен марапатталды. Марапатты облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мәдениет және өнер күні мерекесіне орай өткізілген салтанатты жиында табыстап, ақынның мерейін өсірді.
Сырдариялық ақын Елубай Әуезов әдеби өлкеге ерте қадам басты. Ол жалынды жастық кезеңінде-ақ облыстық, республикалық деңгейдегі жыр мүшәйраларының жеңімпазы атанды. Ауылдан шыққан ақын Бесарыққа келген мәртебелі меймандарды өзінің жалынды жырларымен қарсы алып, көпшіліктің көңіл төрінен орын алды деп айтуға толық негіз бар. Көңілді тербейтін, жүректі емдейтін лирикалық туындыларымен ақын бүгінде өзіндік оқырманын қалыптастырды. Бұған ақынның соңғы жылдары жарыққа шыққан кітаптарының қолдан-қолға тимей тез тарап, оқырман қауымның оң бағасына ие болғаны дәлел. Сондықтан шығармашыл азаматқа «Тұран» сыйлығының берілуі оның шығармашылық жолдағы ізденісіне, әдеби орта қалыптастырудағы еңбегіне берілген лайықты баға болды.
– Елубай Жұманұлының жырларында ерекше сарын, тереңдік және мазмұнды идея бар. Ұйқас пен ой қуаламайды, туындысының көлемін ұзартамын деп сезімге ерік бермейді. Қысқа-нұсқа жазса да әр сөзді орнымен қолданады. Оның өлеңдерін әсіресе орта буын өкілдері мен жастар жақсы оқиды. Соңғы жылдары жазған кітаптарының сапалы мазмұны бай. Терең ізденіс үстінде жүргені анық аңғарылады. Сондықтан «Тұран» сыйлығына ұсынылып, марапатталып жатқаны өте дұрыс болды. Ақынға шалқар шабыт пен шығармашылық сәттілік тілейміз, – дейді Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облысындағы өкілі, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Қаршыға Есімсейітова.
Айта кету керек, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Елубай Әуезов ауданымызға қарасты Бесарық ауылында 1967 жылы дүниеге келген. Қызылордадағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтының түлегі алғашқы еңбек жолын Бесарық ауылындағы №147 мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастап, облыстағы қос телеарнада он жылға жуық қызмет атқарған. Облыстық «Сыр бойы» газетіне бөлім меңгерушісі, облыстық «Ел тілегі» газетіне бас редакторы болған. Соңғы кезде «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінің Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарды. Осы уақытқа дейін бірнеше кітабы жарық көрді және «Жыр тұғырым – Тәуелсіздік», «Бесарық бастауы», «Сүйген жүрек», «Сырдың сырлы сандығы» тағы басқа да ұжымдық жыр жинақтарына өлеңдері енген.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ