Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№99

27 желтоқсан 2025 ж.

№98 газет

23 желтоқсан 2025 ж.

№97 газет

20 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Ортақ ой – оңтайлы бағдар: партияның облыстық филиал төрағасы ауданға келді

Ортақ ой – оңтайлы бағдар: партияның облыстық филиал төрағасы ауданға келді

Жақында «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы болып өз жұмысын бастаған Жандос Базартай Сырдария ауданына іссапармен келді. Облыстық филиал төрағасы ең алдымен аудан әкімі Берік Сәрменбаевпен кездесіп, бірқатар мәселені талқылады. Өз кезегінде аудан басшысы партияның сайлауалды бағдарламасының аудан көлемінде орындалу деңгейі туралы кеңінен ақпарат берді.

– «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдар­ла­масының ауданда орындалуы жіті бақылауда. 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламаны іске асырудың Жол картасының Сырдария ауданына жүктелген міндеттеріне 2025 жылға барлығы 48 шара белгіленген. Бүгінгі күнге 48 шараның 38-і орындалды, 10-ы орындалу үстінде. Біз жетекші партияның сайлауалды бағдарламасын ауданда толық жүзеге асыру жұмыстарын жалғастыра береміз. Бұл бағытта нақты шаралар қабылдануда. Партиялық жобалар аясында да түрлі бағытта мәдени, спорттық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Жол картасы аясында ағымдағы жылы Н.Ілиясов ауылын газдандыру жобасына облыстық бюджеттен 661,4 млн теңге бөлініп, елді мекен табиғи газбен қамтамасыз етілді. Ауданда электр желілерін тозу деңгейін 68 пайызға дейін түсіру межеленген. Бұл бағытта 2024 жылы Шаған ауылын электр желілерімен жабдықтау жұмыстары толық аяқталса, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында құны 490,5 млн теңгені құрайтын Қалжан ахун елді мекенін электрмен жабдықтау жүзеге асуда, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.


Келелі кездесу барысында облыстық филиал төрағасы Жандос Базартай партияның мақсат-мін­деттеріне кеңінен тоқталып, алдағы кезеңге арналған жоспарларымен бөлісті. Сонымен қатар аудандық филиал тарапынан атқарылып жатқан жұмыстары мен сайлауалды бағдарламаның негізгі басым бағыттары туралы айтты.

Одан кейін аудандық мәдениет үйінде ауқымды жиын өтіп, партия активімен кездесу ұйымдастырылды. Актив отырысына аудан әкімі Б.Әбдіғаппарұлы, ау­дандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов, «Абай-Дәу­лет» серіктестігінің директоры М.Сәрсенбаев, облыстық, аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партия­сы фракциясының мүшелері, аудандық партияның аумақтық филиалының төрағасы, партия ардагерлері, БПҰ жетекшілері мен кент және ауыл әкімдері қатысты.

Актив отырысында аудан басшы­сы Берік Сәрменбаев партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағ­дарламасының орындалуы, аудан­ның әлеу­меттік-экономикалық дамуы туралы баяндады.

Партияның облыстық филиа­лы­­ның төрағасы Жандос Базартай партия активі алдына сайлауалды уәделердің орындалуын қатаң ба­қылауға алу, қоғамдық қабылдау бөл­месіне тұрғындардан келіп тү­се­­тін өтініштердің оң шешілуіне ықпал ету туралы айтты. Сондай-ақ пар­тиялық жобаларды жүзеге асыру барысында сайлаушылармен жүйелі әрі тиімді жұмыс жүргізу, баста­уыш партия ұйымдарының жұмысын күшейтіп, олардың рөлін арттыру қа­жеттігіне назар аударды. Партия атынан ұсынылған ауыл әкімдерінің жауапкершілігін күшейтіп, сайлауалды уәделерінің орындалуына жұмыс жасау жөнінде міндеттер қойды.

Өз кезегінде партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы, фракция жетекші Ақтөре Ибрагимұлы баян­дама жасап, атқарылған жұмыс­тар бойынша есеп берді. Сонымен қатар «Құрмет» орденінің иегері, партия ардагері Балшекер Өтегенова сөз сөйлеп, лебізін білдірді. Жиында партия қатарына жаңадан қабылданған азаматтарға партия би­леті табысталып, белсенділер Құрмет грамотасымен, Алғыс хатпен марапатталды.

Бұл сапарында «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төра­ғасы «Руханият орталығында» ау­дан жастарымен және кітапхана оқырмандарымен жүздесіп, пікір­лесті. Алдымен «Руханият» орта­лы­ғымен танысып, тарихи-өлкетану музейін, архив мекемесін, үкіметтік емес ұйымдар жұмысымен танысқан қонақтар «Кітап – AMANAT» пар­тия­лық жобасы аясында әзірленген кітап көрмесіне қанықты.

– Президент жаһандану жағ­дайында еліміздің табысқа жетуінің басты факторы білім екенін түрлі алаңдарда үнемі айтуда. Аталған мін­­деттемелерді іс жүзінде жүзеге асырудың маңызды қадамдарының бірі – кітап оқу. Сондықтан да Президентіміз Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысында бұл мәселеге ерекше тоқталды. Ол өз сөзінде: «...озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнық­тыруымыз керек» деген болатын. Мемлекет басшысының саясатын қол­дау мақсатымен «AMANAT» партиясы «Кітап-AMANAT» жобасын іске қосты. Жоба аясында отандық баспагерлер мен жазушыларды қолдау, олардың туындыларын ілгерілету мен насихаттау бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде, – деген Жандос Нұртайұлы кітапханаға оқырмандар сұранысына ие жаңа кітаптарды сыйлады.

Сондай-ақ аудандық жастар ре­сурс­тық орталы­ғында жастармен кездескен Ж.Базартай еркін фор­матта әңгіме құрып, жастардың елдің ертеңі ғана емес, бүгінгі күннің бел­сенді, креативті тірегі екенін тілге тиек етті.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ

27 желтоқсан 2025 ж. 23 0