ПӘРМЕН БЕРІЛДІ, МАТЕРИАЛДЫҚ ДӘРМЕН ҚАНДАЙ?
Бұрнағы күні облыс әкімі Қ.Көшербаевтың төрағалығымен облыста жаппай кәсіпкерлікті дамыту мәселесін қараған аудандағы мүдделі мемлекеттік органдар мен қаржы институттары өкілдерінің қатысуымен көшпелі жиын өтті.
Жиынды ашқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ауылдық жерде кәсіпкерлікті дамытудың маңыздылығын атап өтті.
«Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді қолдау бойынша үлкен жұмыс атқарылды. Жобаларды сүймелдеуге алу үшін әрбір жауапты лауазымды тұлғалар бекітілді, толық форматты «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалдары ашылды. Несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау үшін облыстық бюджеттен 1 млрд. теңгеден астам қаражат қаралды. Яғни, біз бизнесті жүргізу және дамыту үшін барлық қажетті жағдайларды жасадық», – деді аймақ басшысы.
Мұнан соң аудан әкімі Ғанибек Қазантаев кәсіпкерлікті дамыту бойынша атқарылған жұмыс туралы баяндады. Атап айтқанда, 2018 жылдың 1 маусымына 2169 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері, оның ішінде 1652 нақты жұмыс істейтіндер, яғни өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда саны 17,5 пайызға өсті.
«Бизнестің жол картасы –2020» бағдарламаның грант тетігі бойынша құны 202 млн.теңгенің 132 жобасы конкурстық комиссияның қарауына ұсынылып, құны 21,5 млн.теңгенің 28 жобасы комиссияның оң қорытындысын алды.Нәтижесімен ауданда кондитерлік цех ашу жобасы 4, дәнекерлеу цехы 2, тіс емханасы 1, тігін цехы 2, ағаш өндіру цехы 1 және де басқа да инновациялық жобалар жұмыс жасайтын болады. Ашылатын жұмыс орындары 43. 2018 жылы кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған үкіметтік және өнірлік бағдарламалар арқылы 211,1 млн.теңгенің 46 жобасы іске қосылып, 54 жұмыс орындары ашылды, жыл аяғына дейін 533,5 млн.теңгенің 122 жобаның іске қосылуы жоспарлануда», – деді Ғанибек Қонысбекұлы.
Одан бөлек, 136 аудан тұрғыны «Бизнес-Кеңесші» бағдарламасы бойынша білім алып, «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы аясында жалпы құны 98,55 млн.теңге 29 жоба мақұлданды.
Сондай-ақ, жиында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының директоры Қ.Бекетаева, А.Тоқмағанбетов ауылының әкімі Ғ.Алданазаров, Ақжарма ауылдық округінің әкімі Қ.Нұрсейітов, Қалжан ахун ауылының әкімі Н.Қарсақбаев, Н.Ілиясов ауылының әкімі С.Нұрмағамбетов хабарлама жасап, кәсіпкерлікті дамыту бойынша өз тараптарынан атқарылған жұмыстарға тоқталса, оларға кураторлық ететін департамент, басқарма басшылары жалпы осы сала бойынша халықтың өз кәсібін ашуға, жүргізуге деген ынтасы, динамика барын алға тартты.
Ал, облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы ел халқының өз өмірлерін, тұрмыс-тіршілігін жақсартуға жасалған зор мүмкіндік екенін атап өтті. Сондықтан жұмыс барынша ашық, мөлдір болуды, халық үшін ақпарат барынша қолжетімді болуы шарт екенін жеткізді.
Көшпелі мәжілісте аймақ басшысы кәсіпкерлік саласы бойынша атқарылған және алдағы уақытта жүзеге асатын жоспарлар туралы ауыл әкімдеріне сұрақтар қойды. Жоспарлы жұмыстар сапалы, уақылы іске асу керектігін тапсырды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аудандарда кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бойынша жұмысты әрі қарай күшейтуді тапсырып, жыл қорытындысы бойынша биыл кәсібін бастаған әр аудан мен облыс орталығында үздік стартап-кәсіпкерлерді, сондай-ақ, үздік аудан әкімі мен жауапты лауазымды тұлға 1 миллион теңге көлемінде сыйақымен марапатталатынын жеткізді.
Қазіргі таңда Қызылорда облысында 40 мыңға жуық нақты жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген, бұл көрсеткіш 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 10,8 пайызға артық.
Сондай-ақ, өңірде «Бастау-Бизнес» бағдарламасы аясында 1600 адамды оқыту жоспарланған. Қазіргі таңда қатысушылардың алғашқы легі оқуды бітіріп, бизнес-жобаларын облыстық комиссия отырысында қорғады. 291 адам оқу курстарын бітіріп, 127-сі жобасын қорғап шықты. Тағы да 800 жуық кәсіпкер «Бизнес-Кеңесші» жобасы аясында оқытылатын болады, бүгінгі күні облыс бойынша 1171 адам оқу бітірді.
Иә, сонымен аймақта жаппай кәсіпкерлікті дамытуға пәрмен берілді. Оның материалдық дәрмені қандай? «Балапанды күзде санайтын қазекең енді жатып алып, алма піс – аузыма – түс» деп емес, шын мәнінде табан ет, маңдай термен еңбек етіп, еңбекпен тапқан нанның тәтті болатынын түсінетін уақыт келді. Ол үшін кәсіпкерлікті жаппай дамытуға барлық жағдай жасалды.
С.СҰЛТАНҚЫЗЫ
Пікір 2