Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мен өмірді сүйемін пәк жүрекпен

Мен өмірді сүйемін пәк жүрекпен

Шіркейлі ауылының тумасы Нұрмұхаммед Әбілқасымовтың ақын ретіндегі есімі бүгінде ауданымызға ғана емес облыс, республикаға белгілі. Тағдырлы ақын бірнеше кітаптың авторы атанып, әдеби ортада өзіндік орнын қалыптастырып үлгерді. Тағдыр сынағымен бетпе-бет келіп, қайсарлықты ту еткен ақын құрметіне жыл сайын дәстүрлі түрде көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтеді.

Апта басында Шіркейлі ауылына арнайы барып, тағдырлы ақынның құрметіне арналған кешке куә болдық. Сырдария аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің және Шіркейлі ауылдық округі әкімі аппаратының қолдауымен, «AMANAT» партиясы «Ұлттық мұра» жобасы аясында Қалтай Мұхамеджанов атындағы ауылдық мәдениет үйінде Нұрмұхаммед Әбілқасымовтың шығар­машылығына арналған облыстық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті. Байқауға алыс-жақын аудан және Қызылорда қаласынан барлығы он талапкер қатысты.

Ең алдымен қонақтар мәдениет үйінің фойесінде ақынның өмір жолы мен шығармашылығына арналған көрмемен танысты. Одан кейін «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының «Сұхбат-тайм» жобасы аясында ақынның жары Айгерім Нұрлановамен сұхбат жүргізілді. Айта кетейік, көркемсөз оқу шеберлерінің байқауымен қатар шахматшылар арасында шағын турнир қатар жүріп отырды. Байқаудың алғысөзі ауыл әкімі Талғат Ізтайұлына берілді.

– Сырдария ауданының Құрметті азаматы, Б.Момышұлы атындағы «Намыс» төсбелгісінің иегері, «Шабыт» жастар фестивалінің дипломанты, «Алтын қауырсын» номинациясының лауреа­ты, «Жаншуақ» қоғамдық сыйлығының иегері, шах­маттан мүмкіндігі шектеулі жандар арасында облыс жеңімпазы, облыс әкімінің стипендианты, «Лукойл» компаниясының Грант иегері, «Тұран» сыйлығының иегері, «Тасжарған», «Тағдырымның жанары» атты кітаптарының авторы Нұрмұхаммед Әбілқасымовтың есімі баршаңызға белгілі. Мүмкін­дігі шектеулі болғанына қарамастан оқырманды жалынды өлеңдерімен қуантып, өмірге құштар екенін танытып келеді. Тағдыр қанша тартқыласа да табаны таймаған, рухы биік азаматтың жігері, қиындыққа мойымайтын қайсарлығы бәрімізді тән­ті етеді. Оның әрбір шығармасынан өмірге деген талпынысты көреміз. Сонысымен де ақынның өлеңдері шалқар шабытқа толы. Нұрмұхаммед ақынның поэ­зия әлемінде өзіндік орны қалыптасты, – деген ауыл әкімі қазақы жоралғымен ақын иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

Байқауға ақын, республикалық, облыстық жыр мүшәйраларының жеңімпазы Дүйсенбек Аяшұлы, «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы, ақын Ақтөре Ибрагимұлы және аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы Аружан Мұханбетқали төрелік етті.

Жалпы айтқанда, жыл өткен сайын ақындар сайысы жоғары деңгей алып келеді. Себебі ақындар үлкен дайындықпен, жоғары ынтамен келгені көрініп тұрды. Поэзиясүйер қауым жырға қанып, ризашылық танытып жатты. Байқау екі кезеңнен тұрды. Қатысушылар бірінші бөлімде Н.Әбілқасымовтың өлеңдерін жатқа оқыса, екінші кезеңде еркін тақырыпта сүйікті ақындарының өлеңін оқыды. Өз кезегінде кеш иесі Нұрмұхаммед Әбілқасымов қатысушыларға ризашылығын біл­діріп, сәттілік тіледі.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені жаңақорғандық Әбунасыр Шәдібек жеңіп алды. Бірінші орын сырдариялық Нұриддин Құлтайға, екінші орын Аяулым Балғабайға бұйырды. Үшінші орынды қармақшылық Мадияр Маханбетұлы мен сырдариялық Диас Асанов өзара бөліске салды. Қазалылық Нұрман Бекжан, шиелілік Аякөз Сейітқұл, аралдық Кәусар Аманжолова, жалағаш­тық Нұртөре Қосым және қызылордалық Сымбат Бүркітбай Алғыс хатқа ие болды. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған мәдени іс-шара соңында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Анар Қалдыбаева сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді. Өз кезегінде шахмат байқауының жеңімпаздары да марапат төрінен көрінді. Нұрмұхаммед Әбілқасымовтың шығармашылығына арналған «Мен өмірді сүйемін пәк жүрекпен» атты көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломмен, қар­жылай сыйақымен марапатталды.


А.МҰХАНБЕТҚАЛИ

22 қараша 2025 ж. 19 0