Өлке тарихымен өмірі ұштасқан Жұмекең
Өлке тарихын зерттеп-зерделеу көп адамның қолынан келе бермесі анық. Рухани құндылыққа жақын, ішкі әлемі бай бесарықтық Жұмабай Байзақұлы өз оқырманына тынысы тереңнен сыр тартатынын аңғартып келеді. «AMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалының ұйымдастыруымен, саналы ғұмырында бірнеше кітапты жарыққа шығарып, елдің құрметіне ие болған қаламгер Жұмабай Байзақұлымен кездесу кеші «Руханият орталығында» өткізілді.Аудандық орталық кітапханасы ұжымының ұйытқы болуымен жүзеге асқан кештің шымылдығы өлкетанушы, қарымды қаламгер Жұмабай Байзақұлының шығармашылығына арналған көрмемен ашылды. Қарапайымдылығында қадір бар, жүрегінің жарығы жол көрсететін арда азаматқа арналған тағылымы мол кешті «AMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы ашып, жүргізіп отырды.
Сырлы сұхбатқа негізделген кездесу барысында қаламгердің білім мен мемлекеттік қызмет саласындағы еңселі еңбегі сараланып, Сыр мәдениетіне қосқан үлесі кеңінен насихатталды.
– Үнемі жазудан қол үзбейтін, рухани ортадан алыстамайтын Жұмабай Байзақұлының есімі қолына қалам ұстаған қаламгерлердің арасында ерекше аталады. Өзі Қоғалыкөл ауылында дүниеге келіп, өмір жолында талай кезеңді бастан өткерген дегдар мінезді азаматтың шығармашылық бағыттағы еңбегін ерекше бағалаймыз. Партияның Сырдария аудандық филиалы қашанда жергілікті ақын-жазушылардың есімін көпке ұлықтап, құрмет көрсету дәстүрінен жаңылмайды. Әрине, кітап жазу оңай дүние емес екенін жақсы білеміз. Біздің кейіпкеріміз өлке тарихына аса мән беріп, шығармашылығына ерекше көңіл бөлді. Ескіден жеткен ұлттың мол мұрасын қайтадан жарыққа шығаруға зор үлес қосты, – деді Ақтөре Ибрагимұлы.
Жетекші партия атынан қаламгерге арнайы Алғыс хат табысталып, иығына шапан жабылды.
Айта кетейік, «СССР-дің 50 жылдығы» ауылының атын «Бесарық» атауына өзгерту мақсатында ономастикалық комиссияға ұсыну үшін «Бесарық бастауы» атты кітап жазған Жұмабай Байзақұлы – «Берекелі Бесарық», «Бесарық» ауылының құрылғанына 60 жыл толуына орай «Берекелі, мерекелі Бесарық», «Қалдырған ізің мәңгілік», «Әулетім – асыл дәулетім», «Ақжол», «Еңбекпен өрілген өмір», «Дала мен бала», «Өнегелі өмір», «Бесарықтан Берлинге дейін», «Қоғалыкөл қаһармандары», «Әшімхан әлемі», «Жердің аты – тарихтың хаты», «Бесарықтың берені», «Тұғыры биік тау тұлға» кітаптарының авторы.
Жұмекең Бесарық ауылында қоғамдық негізде музей ұйымдастырып, өлкенің жәдігерін жинақтауға қажыр-қайрат танытты. Бағыты айқын, ұстанымы нық Жұмабай Байзақұлы аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің тұрақты авторы ретінде көпшілікке танымал.
– Сіздердің ықыластарыңыз бен қолдауларыңыз мен үшін үлкен қуат. Осыған дейін қай салада болсын жасаған жұмысымның нәтижесі болар, ел құрметіне бөленіп келемін. Ел үшін, туған жер үшін ер азаматтың еңбегі ешқашан өлшенбейді. Кіндік қаны тамған топырақтың тарихына аса мән бере отырып, барынша зерттеу – үлкен қажыр-қайраттың көрінісі. Менің әрбір еңбегіме тоқталып, шығармашылығымды дәріптеген баршаңызға алғыс айтамын, – деді Жұмабай Байзақұлы.
Еркін форматта өрбіген кеште аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Рүстем Байділдаев, аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Салтанат Қуандықова, ҚР Журналистер одағының мүшесі, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Марат Омаров, әдіскер Раушан Құлмахова, кітапханашы Ләззат Серікбаева ардақты азаматқа жылы лебізін білдіріп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы аясында жасаған жазба жұмысын таныстырған Жұмекең мерейтой барысында Абай еліне жасаған сапарын кеңінен әңгімелеп берді. Аудандық кітапхана ұжымына «Сыр сұлуы» кітабын табыстады. Кітап елге белгілі «Сыр сұлуы» әнінің жарыққа шығу тарихына негізделген.
Балтабай ОРДАБЕКОВ










