Жаңа нысан – жақсы нышан

Нақтырақ тоқталар болсақ. Мемлекет басшысының қолдауымен бүгінде Қызылорда қарқынды құрылыс алаңына, өркенді өзгерістер өңіріне айналды. Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы ел болашағының алаңсыз білім алып, кемел келешекке жол бастауына негіз болмақ. Мерейлі мерекеге орай «Жайлы мектеп» жобасы аясында Қызылорданың сол жағалауында 900 орындық білім ошағы салтанатты түрде ашылды. Жас ұрпақтың білімі мен оқу-ағарту ісіне барынша көңіл бөлу – мемлекетіміздің ең маңызды міндеті. Республикалық бюджеттің тікелей қаржыландыруымен, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының үйлестіруімен салынған облыстағы алғашқы 900 орындық «Жайлы мектеп» қала күні қарсаңында ел игілігіне берілді. Айта кетейік, Мемлекет басшысының бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы еліміздің барлық аймағында жүзеге асырылуда. Ұлттық жоба аясында 740 мың оқушыға арналған 369 мектеп салынады. Осы жобамен өңірімізде 12 300 орынға лайықталған 21 мектеп салу жоспарланған, оның 10-ның құрылысы жүргізілуде. «Жайлы мектеп» жобасын іске асыру арқылы аймағымыздағы 4 апатты және 3 бейімделген мектептің мәселесі түбегейлі шешімін табады.
Келесі ғимарат – Оқушылар сарайы. «Қазгермұнай «БК» ЖШС-нің демеушілік қаражатына салынған сол жағалаудағы Оқушылар сарайы да өскелең ұрпақ игілігі жолындағы өз қызметін бастады. Аталған нысан 350 орындық заманауи үлгіде салынған. Заманауи, көпфункционалды кешен ішінде техноорталық, бағдарламалау, робототехника және өнеркәсіптік дизайн сыныптары, экологиялық зертхана, жылыжайлар мен қысқы бақ, телестудия, вокал, музыкалық аспаптар және хореография кабинеттері бар. Айта кетейік, қазіргі таңда өңірімізде 62 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Ондағы үйірмелерге 60 663 оқушы қатысады.
Қала күні қарсаңында бой көтерген айшықты нысандардың бірі – үстел теннисі орталығы. «Бүгін ел игілігіне берілген үстел теннисі орталығы Сыр спортына жаңа серпін әкеліп, жеңімпаздар сыйлайды деп сенеміз. Сүйікті Қызылордамыздың келбетіне көрік қосатын әсем ғимараттардың қатарын толықтырған орталықтың қолданысқа берілуі баршаңызға құтты болсын!» деген болатын аймақ басшысы аталған орталықтың ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде. Айта кетейік, халықтың сұранысына сәйкес үстел теннисі орталығын салуға облыстық бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінген. Оған «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры 900 млн теңге қаржы бөлген. Орталықта 16 үстел теннисі орналасқан ойын алаңы, 350 көрерменге арналған орындар, жаттығу залы мен әкімшілік бөлмелер бар.
Бұған дейін ақпарат көздерінде жазылғандай, Сырдың сол жағалауында жаңадан қан орталығы ашылып, өз жұмысын бастаған болатын. Жалпы құрылысына үш миллиардқа жуық ақша бөлінген нысан бүгінде халық игілігі үшін жұмысын жандандырып келеді. 1,5 гектар аумақты алып жатқан орталық Сыр елінің денсаулық сақтау саласына қосылған үлкен серпіліс деуге негіз бар. Орталықта жылына он мыңнан аса адам донорлық қан тапсыра алады. Сондай-ақ орталық 17 мың дозадан астам қан компоненттерін дайындайды.
Сондай-ақ жол құрылысы жаңғыртылып, халыққа қолайлы жағдай жасалуда. Биыл жол инфрақұрылымын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттен 43,3 млрд теңге бөлініп, 300 шақырымға жуық автомобиль жолдары, көшелер және көпір өткелдері жөндеуден өткізілуде.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ