Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыс әкімі ҚР Ұлттық музейі басшысымен кездесті

Облыс әкімі ҚР Ұлттық музейі басшысымен кездесті

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Ұлттық музейі басшысы Берік Әбдіғалиұлымен кездесті.
Аймақ басшысы өңіріміздің руханият, мәдениет саласындағы ауқымды жобалар туралы айтты.

«Биыл Қызылорда қаласының еліміздің астанасы болғанына 100 жыл толды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Сыр еліне жұмыс сапары кезінде ардақты аналарымызға арналған «Анаға тағзым» орталығының жұмысымен танысып, жоғары бағасын берді. Былтыр «Руханият жылы» аясында 1000 орындық "Өнер орталығы" іске қосылды. Сыр мәдениетінің негізгі бренді – жыраулық дәстүр өкілдеріне арналған "Жыраулар үйі" ашылды.

Қызылорда облысының барлық 7 аудан орталығында 11 млрд. 500 млн. теңгеге "Руханият орталықтары" салынып, пайдалануға берілді. Осыған дейін облыс музейлерінде арнайы қор сақтау бөлмелері болмаған. Қазір аудандық музейлердің қор бөлімдері талапқа сай жасақталып, 20 мыңға дейін экспонат сақтауға мүмкіндік алды.

Бұрын аудандардағы архив мекемелерінің қор сақтау қоймасының сыйымдылығы 35 мың құжатқа арналған болатын. Архивтер "Руханият орталығына" көшірілген соң 200 мыңға дейін, яғни алдағы 40 жылға құжат сақтауға жол ашылды. "Руханият орталығына" көшірілген аудандық кітапхана, музей, архив мекемелерінің соңғы 20 жылда жаңартылмаған материалдық-техникалық базасы заманауи үлгідегі жаңа жабдықтармен жарақтандырылды.

Сол жағалаудан құны 2 млрд. 700 млн теңге болатын облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты салынып, пайдалануға берілді.
Мәдени мұра – біздің құнды әрі рухани қазынамыз. Сыр өңірі – ежелгі қалалардың мекені. Ұлы Жібек жолы бойындағы ежелгі Бәбіш мола, ортағасырлық Жанкент, Сығанақ қалашықтарында археологиялық қазба жұмыстары жалғасуда. 2023-2024 жылдары ғылыми негіздемелерге сүйеніп, бюджет қаражаты есебінен алтын киімді «Шірік Рабат сақ жауынгері», алтын әшекейлі «Сығанақ ханшайымы», алтын қылышты «Түгіскен көсемі» және «Жетіасар ақсүйек әйелі» тарихи реконструкциялары жасалып, музей қоры құнды экспонаттармен толықты.

Өткен жылы Сыр өңірі мәдениетін, құнды жәдігерлерін насихаттау мақсатында «Сыр өңірі –Түркі өркениетінің алтын бесігі» атты жылжымалы көрмені Ұлттық музей төрінде өткізуге үлкен қолдау көрсеттіңіздер. Сол үшін өзіңізге зор алғыс білдіремін», - деді Н.Нәлібаев.
Басқосуда Берік Әбдіғалиұлы өңірлер арасындағы мәдени-рухани байланысты арттыру, тәжірибе алмасу ұлт руханиятына зор үлес қосатынын жеткізіп, бірқатар ұсынысын ортаға салды.

Сыр еліне жұмыс сапарында ҚР Ұлттық музейі басшысы аймақтағы тарихи-мәдени нысандармен танысады деп жоспарлануда.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

23 маусым 2025 ж. 313 0