Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әке жолын қуған қыз

Әке жолын қуған қыз

Туған жердің, ауданның дамуына үлес қосу, сол жердің перзенті үшін абырой, ғанибет. Біздің кейіпкеріміз де сондай жанның бірі. Әлия Төлеуова әке жолын қуған қыз. Әкесі Нұрадин Тереңөзек аудандық партия комитетінде жауапты қызмет атқарған, поселкелік кеңестің төрағасы болған абзал азамат еді.

–Қызым, оқы, біліміңді жетілдіре түс. Біз соғыс, тағы басқа да қиыншылықтарға тап болып, жарытып оқи алмадық. Білімдінің беті жарық, – деп отырады екен жарықтық Нұрадин аға.

Асқар тау әкенің ақыл-кеңесін жас кезінен жадында ұстаған Әлия қыстақ орталығындағы №36 орта мектептің 8 сыныбын бітіргеннен кейін Қызылорда медициналық училищесінің фельдшерлік факультетіне оқуға түсті. Арнаулы оқу орнын тәмамдаған соң аудан орталығында екі-үш жыл фельдшер болып жұмыс жасады. Орта буын қызметкер жоғары білімді маман болсам деп армандап, Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының инженер-технолог мамандығына оқуға түсті. Диплом алғаннан кейін туған жерге оралып, аудандық тамақтандыру мекемесінде алғашында технолог, кейін директор болып қызмет атқарды. Осы мекемеде 13 жыл абыройлы жұмыс жасады. Одақ тұсында сауда саласында қызмет атқару асқан жауапкершілікті талап ететін. Әлия Нұрадинқызы басшы ретінде әрдайым әділеттілік ұстанымына сай жұмысты таза жүргізіп, сауда жоспарын орындауды жүзеге асырды. Соның нәтижесінде өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының бас кезінде Ә.Төлеуова Тереңөзек жұмысшылар кооперациясының төрайымы болып тағайындалды. Бұл қоғамдық формация өзгеріп, нарықтық қатынастар енгізіліп жатқан аласапыран кезең еді. Сауда саласында заман ағымына сай басшылық жасап, жарқын істерімен көрінген Әлия Нұрадинқызы 1995 жылы аудандық мәслихатқа депутат болып сайланды. «Адамды орта өсіреді» дейді халық даналығы. Сол айтқандай егемендігіміздің бастауында сайлаушылармен тығыз қарым-қатынас орнатып, олардың аманатын орындауда белсенділік танытқан халық қалаулысы аудандық мәслихатқа бас маман болып жұмысқа қабылданды. Одан кейін тексеру комиссиясының төрайымдығына сайланды. Аудандық мәслихат депутаты Әлия Нұрадинқызы 1998 жылы Астана қаласында өткен әйелдердің ІІ республикалық форумына қатысып, Елбасының қабылдауында болды. Мұндай құрмет таңдаулыларға ғана көрсетілетіні белгілі. Осындай белсенді жанға аудан жұртшылығы сенім білдіріп, үш мәрте І, ІІ, ІІІ шақырылымдағы аудандық мәслихаттың депутаты етіп сайлады. Көпшілікпен жұмыс жасаудан бай тәжірибе жинақтаған іскер басшы зейнеткерлікке шығар қарсаңында екі жыл аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бөлім басшысының орынбасары болып қызмет атқарды. Ол 2009 жылы «Лучшие люди Казахстана, России, Белоруссии, Украины» кітабына енді. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де аудандық әйелдер кеңесінде қоғамдық жұмыс атқарып, жас келіндерге тамақ дайындау­­дан дәріс берді.

Қашанда өмірлік белсенділігімен ерекшеленетін Әлия Төлеуова еңбегіне лайық марапаттарға да ие болды. Ол ҚР Конституциясының 10 жылдығы, мәслихаттың – 10, 20 жылдығы, Сырдария ауданының 90 жылдығы мерекелік медальдарының иегері.

Әлия Нұрадинқызының жолдасы Абат Сейілов кезінде ауданның маңдайалды инженер-механигі, өнертапқыш атанған жан. Бірнеше мекеме басқарды. Қазір екеуі де зейнеткер. Ынтымағы жарасқан ерлі-зайыптылар үш қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Үлкен қызы Нұргүл – Ұлттық техникалық университетте доцент, ұлы Нұрлыбек – аудандық сумен қамту мекемесінде инженер, Айымкүл – С.Асфендияров атындағы медициналық академияны қызыл дипломмен бітіріп, үш жыл Америка Құрама Штатында тәжірибеден өтті. Қазіргі таңда Назарбаев университетінде студенттерге дәріс береді. Ал кенжесі Әйгерім Талдықорған қаласында тіс дәрігері болып еңбек етеді.

Ауданға белгілі отбасы болып саналатын ерлі-зайыптылар бірнеше немере сүйіп отырған бақытты жандар.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ 
12 қыркүйек 2020 ж. 689 0