Қармақшылықтар газдандыру және жол жөндеуге қатысты мәселелерді көтерді
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтыңтұрғындармен кездесуі, құқық қорғау органдары басшыларымен бірге азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдауы Қармақшы ауданына жұмыс сапары аясында жалғасын тапты.Негізінен баспана, денсаулық сақтау, мал шаруашылығы, білім беру, жол жөндеу және елді мекендерді газдандыруға қатысты мәселелерді көтерген тұрғындарды тыңдаған соң, аймақ басшысы жауапты сала басшыларына тапсырма берді. Өтініштер мен ұсыныстар егжей-тегжей қаралуы, заң аясында шешу жолдары зерделенуі тиіс.
Жосалы кентінің тұрғыны теміржол өткеліүстінен көпір салуға қатысты бастаманың қазіргі жайын сұрады. Аталған жобаға республикалық бюджеттен 5 млрд 515 млн теңге қаржы бөлуге өтінім жолданып, қаражат қарастыру жоспарланған. Қазір келісімшарт рәсімделуде.
Төретам кентінің тұрғыны тозығы жеткен көшелерді қайта асфальттау, күрделі жөндеу мәселесін қозғады. Кенттегі жалпы ұзындығы 5,84 шақырым болатын Б. Момышұлы, А. Байтұрсынұлы және К. Байсейітова көшелерінің жолын орташа жөндеу жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған.
Тұрғындар Тұрмағанбет және Алдашбай ахун ауылдарын газдандыру мәселесін де көтерді.«Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Ақтөбе, Ақжар, Тұрмағанбет, Алдашбай ахун ауылдарына газ құбыры мен кварталішілік газ тарату желілерін салу» жобасын жүзеге асыруға облыстық бюджеттен биылға 20 млн теңге бөлінді. Жобаның жалпы құны – 5 млрд 745 млн теңге. Мемлекеттік сатып алу рәсімдерінен кейін«ТрансАзияКонстракшн» ЖШС мердігер болып танылды. Қазіргі уақытта келісімшарт рәсімделіп жатыр, 2026-2028 жылдар аралығында кезең-кезеңімен газ жеткізу жоспарланған.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі










