ҚОРҚЫТ АТА АТЫНДАҒЫ ҚМУ - ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ТАНУ» СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ
2017 жылдың 14 желтоқсанында Мәскеу қаласындағы «Ритц-Карлтон» қонақ үйінің қабылдау залында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін Еуразиялық экономикалық одақтың «Тану» халықаралық сыйлығымен марапаттау рәсімі өтті. Халықаралық сыйлық университеттің білім мен ғылым саласындағы жоғары жетістіктері, Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін және экономикалық әлеуетін дамытуға қосқан үлесі үшін берілді.
Халықаралық сыйлықты Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасы, Ресей Федерациясы Сауда-өнеркәсіп палатасы, өнеркәсіп қызметкерлері мен кәсіпкерлер одағының қолдауымен Еуразиялық экономикалық одақ тағайындады. Сыйлық еңбек нарығында қарқынды дамып жатқан, халықаралық есептілік және ақпараттық ашықтық, жариялылық стандарттарын басшылыққа алып қызмет ететін ресейлік және шетелдік ұйымдар, кәсіпорындар мен басшыларды марапаттауға арналған.
Осыған орай Еуразиялық экономикалық одақтың «Ұлттық бірлік» мемлекеттік бағдарламасының ұйымдастыру комитеті Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің 80 жылдығына орай профессор-оқытушылар құрамының кәсіби біліктілігі, ғылым мен білімді дамытудағы ерен еңбектері үшін іргелі білім ордасын марапаттау туралы шешім қабылдады.
«Тану» халықаралық сыйлығы және дипломды Ресей Федерациясының Үкіметі жанындағы Ресейлік экспорттық орталығының директорының орынбасары Константин Грисман және Ресей Федерациясының халық әртісі, танымал тележүргізуші және Орталық теледидардың хабаршысы Ангелина Вовк табыстады. «Тану» халықаралық наградасына Қазақстанның бірнеше кәсіпорындарымен қатар, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті де ие болды.