Apple мен Samsung қолданушылары өтемақы алуы мүмкін

BBC-дің хабарлауынша, бұл өтемақы америкалық Qualcomm компаниясына қарсы Which? атты тұтынушылар құқығын қорғау ұйымының сот ісіне байланысты.
Qualcomm не үшін айыпталды?
Which? ұйымы Qualcomm компаниясын бәсекелестік ережелерін бұзды деп айыптап отыр. Айып бойынша, компания Apple мен Samsung өндірушілерін телефон микрочиптеріне арналған лицензиялар мен компоненттерді қымбат бағамен сатып алуға мәжбүрлеген.
Сол себепті смартфондардың құны жасанды түрде өсіп, оның ауыртпалығы тұтынушылардың қалтасына түскен.
Сот ісі Лондондағы Бәсекелестік апелляциялық трибуналда басталды және шамамен 5 аптаға жалғасады.
Алғашқы кезеңде Qualcomm компаниясының нарықтағы үстемдігін теріс пайдаланған-пайдаланбағаны анықталады. Егер Which? жеңіске жетсе, келесі кезеңде ұйым 480 миллион фунт стерлинг (шамамен 270 миллиард теңге) өтемақы талап етеді.
Бұл сома 2015 жылдың 1 қазанынан 2024 жылдың 9 қаңтарына дейін смартфон сатып алған 29 миллион британдыққа таратылмақ.
Біз бұл істі 2021 жылы бастадық. Үш жылдан кейін сот басталып отыр. Бірақ жақсы жаңалық – тұтынушылардың ешқандай әрекет жасауына қажеті жоқ. Егер біз жеңсек, ақша өздігінен қайтарылады, – деді Which? ұйымының заңгері Лиза Уэбб BBC арнасына берген сұқбатында.
Qualcomm – смартфондар мен телекоммуникация саласында қолданылатын микрочиптерді өндіретін әлемдегі жетекші компаниялардың бірі.
Компания бұған дейін де Канадада осындай шағыммен сотқа тартылған және Еуропалық одақтан айыппұл алған.
Which? ұйымының бас директоры Анабел Хоулт бұл процесті тұтынушылар құқығын қорғаудағы маңызды қадам деп атады.
Бұл сот тұтынушылардың ірі компанияларға қарсы тұра алатынын көрсетеді. Егер біреу нарықтағы үстемдігін асыра пайдаланса, ол үшін жауап беруі тиіс, – деді ол.