Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыс әкімі ұлттық статистика бюросының басшысымен кездесті

Облыс әкімі ұлттық статистика бюросының басшысымен кездесті

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаевпен кездесті. Кездесуде Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы мәселелері талқыланды.

Санақты талапқа сай өткізу үшін ұйымдастыру комиссиясы құрылып, іс-шаралар жоспары мен ақпараттық қолдауға арналған медиа-жоспар бекітілді. Оның қорытындысы елдегі аграрлық саланың қазіргі ахуалын нақтылап, агроөнеркәсіп кешеніндегі тиімді мемлекеттік саясат пен бағдарламаларды қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Мемлекет тарапынан аграрлық салаға жасалған қолдаудың арқасында өсім қалыптасқан. Биыл 31 млрд. 300 млн. теңге, оның ішінде субсидиялауға 14 млрд. 200 млн. теңге қаржы бөлінді.

Өткен 8 айдың қорытындысымен 66 млрд. 900 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 2,5 пайыз, тамақ өнімдерін өңдеу көлемі 16 пайызға артты. Ауыл шаруашылығына 9 млрд. 900 млн. теңге инвестиция тартылып, көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,4 есе өсті.

Мал басы мен оның негізгі түрлерін өндіруде тұрақты өсу үрдісі қалыптасты. Ет өндіру 3,8 пайыз, сүт өндірісі 3,3 пайыз, жұмыртқа өндірісі 7,9 пайызға артты.

Аймақтың жер қоры 24 млн. гектар, оның 12 пайызы – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер. Биыл 189 600 гектарға дақылдар, оның ішінде 80 900 гектарға күріш егілді. Қазіргі таңда егін жинау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Егілген күріштің 73 мың гектары орылып, 64 мың гектары бастырылды, 340 мың тонна өнім алынып, әр гектардан орташа 52,9 центнерден айналуда. Өңірде алдағы үш жылда 37 инвестициялық жоба іске асырылады.

Биыл 8 млрд. 800 млн. теңгенің 16 инвестициялық жобасы жоспарланса, оның 3 млрд. 400 млн. теңгеге бағаланған 8-і іске қосылды. Өткен екі жылда «Ауыл аманаты» жобасымен 5 млрд. 500 млн. теңгеге 782 жоба қаржыландырылды. Биылға 5 млрд. 500 млн. теңгенің 559 жобасы межеленген.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
06 қазан 2025 ж. 81 0