Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ALGA! жобасы: Қарағанды мектептерінде алғашқы футбол сабақтары өтті

ALGA! жобасы: Қарағанды мектептерінде алғашқы футбол сабақтары өтті

Қарағанды облысында облыс әкімі, аймақтық футбол қауымдастығы (QOFA) және Freedom Holding Corp. бастамасымен іске асырылған ALGA! жобасы аясында алғашқы футбол сабақтары өтті.

Бағдарламаға таңдап алынған он мектептің қатарында Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицей де бар.
Мұнда бастауыш сынып оқушылары футбол клубы «Шахтёрдың» қақпашысы Игорь Шацкиймен бірге алғашқы добын тепті.

Футболшы балалардың сұрақтарына жауап беріп, кеңес те берді.

— ALGA! жобасы балаларға тек футболшы ретінде емес, тұлға ретінде де дамуға көмектеседі. Мұндай сабақтарда олар тәртіпке, сыйластыққа және командада жұмыс істеуге үйренеді. Балаларға футбол арқылы өмірге дұрыс қарауды үйретуге мүмкіндік алғаныма қуаныштымын, — деді Игорь Шацкий.

Сабақтардың құрылымы әрбір оқушыға, жынысына немесе физикалық дайындығына қарамастан, кешенді жаттығу жасауға мүмкіндік береді.

Футбол арқылы балалар шыдамдылықты, үйлесімділікті, күш пен жылдамдықты дамытады. Педагогтар үшін бұл тек спорттық дайындық емес, сонымен бірге тәрбиелік үдеріс саналады.

Биылғы оқу жылында жоба Қарағанды, Саран, Теміртау, Абай қалалары және Үштөбе ауылында 10 мектепті қамтиды. 1–4 сынып оқушылары үшін дене шынықтырудың үшінші сабағы енді футбол сабағы болады.

Орта және жоғары буынға қосымша секциялар ашылады. Жобаға қатысқан барлық мектептер спорттық жабдықтармен қамтамасыз етілді: доптар, манишкалар, қақпалар. Ал мұғалімдер арнайы дайындықтан өтіп, ресми түрде футбол үйретуге құқық беретін UEFA D санатындағы бапкерлік лицензия алды.

— Балалармен жұмыс істеу – жай ғана футбол сабағы емес. Біз оларды жеңілістерді еңсеруге, командада әрекет етуге және көшбасшылық қасиеттерін дамытуға үйретеміз. Бұл жоба өте маңызды, өйткені ол балаларға жеңіліс – жолдың бір бөлігі екенін, ал табандылық пен еңбек жеңіске жеткізетінін түсіндіреді, — дейді Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейдің педагогы Сәуле Айдарханова.

Келесі жылы жобаға басқа да мектептер қосылады. Ал 2029 жылға дейін жасанды жамылғысы бар 10 шағын футбол алаңын салу жоспарлануда.

Жобаның мақсаты тек футболды насихаттау емес. Бастама оқушылардың өмірінде спорттың тұрақты бөлігіне айналуына, олардың физикалық тұрғыда дамуына және бала кезден пайдалы дағдыларды қалыптастыруға бағытталған.
13 қыркүйек 2025 ж. 89 0