Қазақстан цифрлы мемлекетке айналады

Биылғы Жолдау «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» тақырыбын арқау етті. Жолдауда айтылған нақты тапсырмаға орай, Қазақстан үш жылда цифрлық елге айналады. Президент кезекті Жолдауында жаңа технологияларға басымдық берді. Әлбетте, қазіргі күні жаңа технологиялар тұрмысқа терең еніп, алпауыт елдер роботтар арқылы әлемдік рейтингте мәртебесін асырып үлгерді. Заман – техника мен жаңашыл технологияларға негізделген. Осы орайда Мемлекет басшысының кезекті Жолдауын цифрлық шешімдерге негіздеуі құптарлық. Жолдау тақырыбы да нақты міндеттерді айқындап бергендей.
Айта кетейік, жасанды интеллект бүгін не кеше ғана пайда болып, өмірімізге енген алгоритм емес. Ол туралы алғашқы зерттеулер 1950 жылдары жүргізіліп, 1956 жылы бұл термин қолданысқа енген. Бірақ дәл қазіргі уақытта оның мүмкіндіктері мен ауқымы артып, әрбір салаға дендеп еніп, өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып барады. Енді ел өміріндегі барлық салаға цифрлық шешімдер енгізіледі. Бұл – заман ағымына ілесу мен еліміздің тұрақты дамуы үшін өте маңызды фактор.
«Қазіргі заман бұлыңғыр, тұрақсыз болса да, біз бәріміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық. Менің негізгі мақсатым – осындай түрлі қатерге толы кезеңде еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Өскелең ұрпақ бақытты, берекелі өмір сүруге тиіс. Сол үшін бәріміз бір ұлт болып, табанды еңбек етуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ өте маңызды жұмыс, аса жауапты азаматтық және ұлттық міндет. Жұмысымыз қаншалықты күрделі болса да, біз міндетті түрде табысқа жетуіміз керек. Басқа жол жоқ. Себебі, бұл – еліміздің болашағы, халқымыздың тағдыры. Сондықтан барлық реформаны салмақты көзқараспен, мұқият, жан-жақты ойластырып, сапалы түрде жүзеге асыруымыз керек» деді Президент.
Әлем жасанды интеллект дәуіріне аяқ басты. Қазақстан көштен қалмай, көш ілгері жүру үшін экономиканың барлық саласына арнайы жүйе енгізбек. Тіпті Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі де құрылатын болды. «Үкімет экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажет. Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде дамытамыз десек, жұмысымызды жаңаша тәсілмен жүргізуіміз керек. Осы орайда, алдымызда тұрған мынадай маңызды міндеттерге тоқталып өткім келеді» деген Мемлекет басшысы негізгі жеті бағытқа тоқталды.
Алғашқысы – елге инвестиция тарту. Осы ретте Мемлекет басшысы Олжас Бектеновке он күн ішінде нақты ұсыныстарды даярлауды тапсырды. «Бірақ көзге оттай басылатын нәрсе: елімізде бірде-бір мекеменің атауында инвестиция деген сөз жоқ. Инвестиция тіпті, жетім бала сияқты үш-төрт мекемеге ортақ мәселе болып, өз жолын таппай жүр» деп мәселені қатаң сынға алған Мемлекет басшысы елдегі инвесторлармен қарым-қатынас жүйесі күрделі әрі бытыраңқы екенін де айтты. Бұдан бөлек, Үкіметке инвестиция тарту жүйесін түгел жаңғырту жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Сонымен қатар Бас прокуратураның Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитетінің атауы Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитет деп өзгертілетін болды. Бұл ретте, Бас про-куратура заңсыз актив иелерімен өнімді жұмыс істеп, нәтижесінде қазынаға 850 миллиард теңгеге жуық қаржы қайтарылғанын айта кету орынды. Бұл қаражат он мектеп, төрт спорт ғимаратын салуға, 235 денсаулық сақтау нысаны мен 177 су инфрақұрылымы нысанының құрылысына және жөндеу жұмыстарына жұмсалған.
Әрине онлайн жүйенің жолға қойылуында өзіндік мәселелер де жоқ емес. Интернет алаяқтықтың көптеп кездесіп отырғаны жасырын емес. Бұл мәселе де Президент назарынан тыс қалған жоқ. «Соңғы жылдары онлайн-алаяқтық мемлекеттің және азаматтардың қаржылық қауіпсіздігіне үлкен нұқсан келтіріп жатыр. Сондықтан киберқылмыспен күресу үшін антифрод орталығы құрылды. Биометриялық анықтау жүйесі енгізілді. Банктердің, микроқаржы ұйымдары мен байланыс операторларының жауапкершілігі күшейді. Дегенмен бұл мәселеге үнемі жіті назар аудару қажет. Құзырлы органдардың жұмысын ұдайы жетілдіріп отырған жөн» деген Қасым-Жомарт Кемелұлы банк саласын цифрландыру ісінің пайдасы көп екенін айтты. Сондай-ақ еліміздің жаңа іскерлік және инновациялық орталығы Алатау қаласы болмақ. Арнайы мәртебе беріліп, Үкіметке тікелей бағынатын болады.
Президент «жоғары инфляция экономикалық көрсеткіштер мен халықтың табысын «жұтып қойып» жатыр» деп қараша халық бұны айрықша сезініп жатқанына да баса мән берді. Бұл ретте, нақты дайын шешім болмағанымен, оны шешуде озық тәжірибелерді ескеру қажет. Мемлекет басшысы қай мәселенің де шешімі бірлесіп іс қылып, жауапкершілік жүгін сезіну қажет екенін атап өтті.
Осылайша Президент алдағы уақытқа мемлекеттің басым бағыттарын айқындап берді. Нақты тапсырма – жүйелі жұмыс кепілі екені даусыз. Ендігі жұмысты ширатып, сөзді іске айналдыру қажет. Алдағы уақытта елімізді жаңа экономикалық бастамалар мен саяси реформалар күтіп тұр.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: Ашық дереккөзден