Егінге орақ түсті

Молшылық мерекесінің бастауы болған егінге орақ салу рәсімінде сөз алған аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев диқандардың жұмысына сәттілік тіледі.
– Шындығында, қазіргі уақытта еңбек етпей, игілікке жету мүмкін емес. Кез келген шаруа көктемдегі еңбегіне қарап, күзгі нәтижесін аңғара алады. Бүгін нағилықтар үшін қуанышты күн. Жаз бойы еткен еңбек ақталып, мол өнім жинауға бекінді. Әрине, су тапшылығына қарамастан, егін көлемін біркелкі сақтаған шаруалар – бар құрметке лайық. Сыр салысын егуде өзіндік позициясын жоғалтпаған ұжымның еңбегін жоғары бағалаймын, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Биыл Нағи Ілиясов ауылына 3200 гектар жерге күріш дақылы егілген. Мұнда 450 жұмысшы еңбек етіп, күнкөріс қамын жасауда. Сыр салысынан бөлек, 1500 гектарға бидай, 1600 гектарға жоңышқа дәні себілген. Техникалық база жаңартылып, 14 комбайн, 10 MacDon жатка, 10 Хтз және 15 Мтз трактор кәдеге жарап тұр.
Егістік басында жиналған көпшілікке Төребек Жұмабеков, Кенжебек Әнәпияұлы бастаған қазыналы қарттар ақ батасын берді. «Ақ әжелер» ансамблінің ұжымы халық әндерін төгілте орындап, жергілікті халыққа шат-шадыман көңіл-күй сыйлады. Молшылық мерекесінде «Қазақстанның Еңбек Ері» Абзал Ералиев пен «Мағжан және К» ЖШС төрағасы Дархан Ералиев жыл көлемінде атқарылған жұмыстар жөнінде жиналғандарға мол мағлұмат берді.
– Нағи Ілиясов ауылы еліміз бойынша туристік елді мекендер қатарына кіргені мәлім. Бүгінде ауқымды жұмыстар атқарылып, егіннің бітік шығуына күш салудамыз. Тынымсыз еңбектің арқасында егінжайдағы қызу тірлік жалғасын табуда. Қамбаны астыққа толтырып, молшылық мерекесін лайықты деңгейде тойлауға ниеттіміз. Үлкендердің ақ батасын алып, егінді шашпай-төкпей жинау – басты мақсатымыз, – деді Абзал Жұмашұлы.
Айта кетейік, аудан көлемінде бірқатар шаруашылықта егінге орақ түсіп, диқандардың мерейі таси түсуде.
Балтабай ОРДАБЕКОВ