«Бақ» егіншілері егін жинауға кірісті
«БАҚ» шаруа қожалығының күрішшілері егін жинау науқанына кірісті. Диқандардың ала жаздай бел жазбай еткен еңбегі сараланатын шақта дәстүрлі егінге орақ салу салтанаты ұйымдастырылды.
Егіншілердің қуанышына облыстық мәслихат депутаты, партия филиалы жанындағы экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері бойынша аймақтық кеңес төрағасы Бақдәулет Мақашев, «Қызылдиқан» шаруа қожалығының төрағасы Алданберген Құлбаев, «Бақ» шаруа қожалығының төрағасы Серік Әбжәлиев бастаған азаматтар мен ауыл ардагерлері қатысты. Аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев егіншілерді науқандық жұмыстардың басталуымен құттықтады.
– Күріш – Сыр бойының негізгі байлығы. Егін егу саласына зор қолдау көрсетіп келеді. Соның нәтижесінде шаруашылық құрылымдары да жұмыс сапасын арттыруда. Ендігі мәселе – осы байлықты шашпай-төкпей, ысырапсыз жинап алып, халықтың игілігіне жарату. Астық мол болып, қырман тасысын!, – деді Талғат Мейрамханұлы.
Бригадир Батырбек Сарыбаев жетекшілік ететін №1 бригаданың егістік алқабында ұйымдастырылған іс-шарада ел ағалары егінге орақ салу лентасын қиды. Қалжан ахун ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Дүйсенбаев ақ бата беріп, сәттілік тіледі. Өз кезегінде облыстық мәслихат депутаты, белгілі меценат Бақдәулет Мақашев пен «Қызылдиқан» шаруа қожалығының төрағасы Алданберген Құлбаев тілектестігін білдірді.
– Бүгін – ерекше күн. Жыл бойы баптаған күрішке орақ түсіп, егіншілердің төккен тері мен еткен еңбегі өз жемісін береді. Бұл – нағыз еңбектің мерекесі. Ал еңбек ұғымы бәрімізге ортақ құндылық. Сол себепті, баршаңызды шын жүректен егін жинау жұмыстарының басталуымен құттықтаймын. Әлемде күріштен мол өнім алу бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткізген дала академигі Ыбырай Жақаевтан «Рекордтық өнім алудың құпиясы қандай?» деп сұрағанда, даңғайыр диқан «Алдымен еңбек, содан соң еңбек және еңбек» депті. Сол секілді, еңбектеріңіз жемісті болсын! Қамба алтын дәнге толсын!, – деді Бақдәулет Еркінбекұлы.
Берекелі де мерекелі іс-шара аясында ауыл ардагерлері мен егіншілердің құрметіне дастарқан жайылып, ас берілді. Ақ дастарқан басында бас қосқан көпшілік жылы лебіздерін ортаға салып, даланы дүбірге бөлеген думанды жиын ардагерлердің ақ батасымен қорытындыланды.
– «Бақ» шаруа қожалығы биыл 515 гектарға күріш екті. «Егінші жылда арманда» дегендей биылғы жылдан да үмітіміз зор. Бұйырса, жігіттер ел ырысын шашпай-төкпей уақытылы жинап алады деп сенеміз. Соңғы жылдары су тапшылығы мәселесі шаруаларды алаңдатты. Бірақ Мемлекет басшысының қолдауымен Үкімет пен облыс әкімінің ықпалымен егін егу науқанында судан тапшылық көрген жоқпыз. Шаруалардың атынан мемлекеттік қолдау шараларын жүйелі ұйымдастырып жатқан басшыларға айтар алғысымыз шексіз, – деді «Бақ» шаруа қожалығының төрағасы.
А.ИБРАГИМҰЛЫ