Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сүт өнімдерінің пайдасы

Сүт өнімдерінің пайдасы


Бүгінде адамзат дамудың биік белесіне шықты. Осы кезеңде өркениетті мемлекеттердің неғұрлым биік деңгейге көтерілген сайын соғұрлым тарихи, табиғи құндылықтарына назар аударып, оларды кеңінен таратуға мән беріп отырғанын көреміз. Біздің халқымызда да адам ағзасына өте пайдалы, бірақ бүгінде сирек дайындалатын тағамдар көп. 

Ірімшік – қазақтың ұлттық сүт тағамдарының ішіндегі ежелгі, ең көп тараған және адам ағзасы үшін аса маңызды тағам. Ірімшікті әжелеріміз қойдың, ешкінің, сиырдың сүтінен әркім өз рецебі бойынша әзірлеген.

Дайындау технологиясы
Алдымен сүтті қазанға құйып, алдын ала жуылған мәндірді (жас қозының ұлтабары) үлпершек жағын сүтке батырып, қазанның бетін жауып 2-3 сағат ұйытып қояды. Сүт ұйығаннан кейін мәндірді алып, жуып, кептіру үшін іліп қояды. Қазанның астына от жағып, ұйыған сүтті бүлкілдетіп, сары суы сарқылғанша баяу қайнатып, пісіреді. Дайын болған ірімшікті сүзіп алады.

Органолептикалық көрсеткіштері
Мәндірмен дайындалған ірімшіктің дәмі өте ерекше болады. Сүттің құрамындағы табиғи қанттың мөлшеріне қарай сәл тәттілеу, хош иісті, түсі қызғылт сары, өзі жұмсақ келеді.

Ірімшіктің құндылығы мен құпиясы

Ірімшік тек қана сүттен дайындалатын және әбден қайнатылып, сарысуынан бөліп алынатын тағам болғандықтан, сүттегі маңызды қоректік заттар ірімшікте екі есе көп болады. Атап айтқанда: толыққанды сүт майы, оның құрамында өте маңызды (арахидон, линолды, линоленді) май қышқылдары және А, Е, Д, В1, В2, В6, В12, РР, С дәрумендері бар. Сүттегі лактоза жүрек-жүйке тамырларының қабілеттілігін арттырады.

Ірімшіктің құрамында адам ағзасының қызметі үшін маңызды макро-микро элементтердің барлығы бар, сондықтан сүт тағамдары – күш-қуаттың қайнар көзі. 

Авиценна «Адам баласы үшін ең жақсы, ең маңызды тағам – сүт» деген. Осы ретте өндірістік жолмен жасалатын сүттерден емес, еркін жайылып, шөп жеген малдың табиғи сүтінен жасалған тағамдардың адам ағзасына өте пайдалы екенін айта кету керек.

Сүт тағамдарының құрамындағы дәрумендер рөлі:

А — адам ағзасының дамуына әсер етіп, түрлі ауруларға қарсы тұру қабілетін және көз қырағылығын арттырады.

Д — сүйек ұлпасының мықты болуына әсер етеді. Жас балаларды мешел ауруларынан сақтайды.

В1 — адам ағзасына күш-қуат береді, жүйке-жүйесінің дұрыс қалыптасуын және ас қорыту процесін жақсартады.

В2 — ағзаның бірқалыпты өсуіне қажет дәрумен, көздің жақсы көру қабілетін сақтайды.

В6 — баланың бойы өсуіне әсер етеді, қан мөлшерін реттейді.

В12 — қанның пайда болу процесіне қатысады, анемия ауруына қарсы тұратын қасиетті қалыптастырады.

Е — адам бұлшық еттерінің және жыныс бездерінің қызметін жақсартады.

РР — қан ағымын және бауыр жұмысын жақсартады.
26 маусым 2018 ж. 1 258 0