Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 314 түлек мемлекеттік грант иегері атанды

314 түлек мемлекеттік грант иегері атанды

Еліміз бойынша мемлекеттік білім гранты иелерінің тізімі жарияланды. Негізінен, биыл грант тағайындау конкурсына қатысу үшін 94 мың талапкер құжат тапсырған. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 14 мыңға артық.

Мемлекеттік гранттар республикалық комиссия отырысының қорытындысы бойынша тағайындалатыны мәлім. Өз кезегінде негізгі комиссия құрамында ҚР Парламентінің депутаттары, мүдделі мемлекеттік органдардың, білім саласы кәсіподақтарының, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, ҚР жоғары оқу орындарының ассоциациясының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері болады.

Осы жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, тығыз қоныстанған батыс және жаңадан ашылған өңірлердің жастары үшін арнайы гранттар бөлінген болатын. Бұл ретте, 314 сырдариялық оқушы мемлекеттік грант иегері атанды. Бұл – аудан үшін жақсы нәтиже саналады.

Айта кетейік, аудан бойынша 2022-2023 оқу жылында 471 оқушы мектеп бітірген болатын. Олардың ішінде, 396 оқушы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. ҰБТ-ға қатысқан түлектердің 366-ы мемлекеттік грант конкурсына өтініш білдірді.

Білім грантын иеленген сырдариялық түлектердің 156-ы педагогикалық, 24-і медициналық, 68-і тех­никалық, 27-і ауыл шаруашылық және 39-ы басқа ма­мандықтар бойынша жоғары білім алатын болады.

– Менің ұлым – Мансұр Қанибеков №131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектептің түлегі. ҰБТ-дан межелі балл жинаған ұлымыз мемлекеттік грант иегері атанып отыр. Әрбір ата-ана үшін баласының сапалы білім алуы – маңызды рөл ойнайды. Перзентіміз телекоммуникация саласы бойынша оқуға түсіп, Алматы қаласындағы Халықаралық білім беру корпорациясы университетінің шәкірті атанды. Көп балалы отбасынан шыққан баламыз өзінің қалаған мамандығына қол жеткізді. Біз ата-ана ретінде қуаныштымыз. Барлық грант иегерлерін шын жүректен құттықтаймыз, – дейді ұстаздар сенімін, ата-ана үмітін ақтаған жас түлектің әкесі Ұлықбек Емжаров.
«ТТ» ақпарат
08 тамыз 2023 ж. 294 0