Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Баланы мектепке дайындайық!» акциясы аясында 36 оқушыға көмек көрсетілді

«Баланы мектепке дайындайық!» акциясы аясында 36 оқушыға көмек көрсетілді

«AMANAT» партиясы жаңа оқу жылы қарсаңында «Баланы мектепке дайындайық!» қайырымдылық акциясын жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп келеді. Биыл да игі іс жалғасын тауып, партияның Сырдария аудандық филиалында 36 оқушыға қажетті оқу құралдары салынған сөмкелер таратылды.

Іс-шарада «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында 2010 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан бұл іс-шараның түпкі мәні қайырымдылық, ізгілік, жақсы ниет секілді ұғымдармен ұштасып жатқанын айтты.

– «Баланы мектепке дайындайық!» акциясының негізгі мақсаты – көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларын жаңа оқу жылына дайындауға қолдау көрсету. Іс-шараға партияның Орталық аппараты мен өңірлік және аумақтық филиалдарының қызметкерлері, партия депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері және белсенді азаматтар қатысып, қолдау көрсетуде. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлер де қаржылай және материалдық көмек көрсетіп, бұл іс-шара қыркүйек айына дейін жалғасатын болады. Биыл аудан бойынша 36 оқушыға қажетті оқу құралдары салынған сөмкелер сыйлауды жөн көрдік. Бұл – тек материалдық көмек қана емес, әр баланың жүрегіне мейірім мен шабыт ұялату, жаңа оқу жылын толық дайындықпен қарсы алуға мүмкіндік беру, – деді Ақтөре Ибрагимұлы.

Өз кезегінде аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ж.Бегайдарова жақсы іске бастамашы болған «AMANAT» партиясына ризашылығын білдіріп, әріптестерін ел мүддесі жолындағы ортақ мақсат-міндеттер аясында бірлесе еңбек етуге шақырды.

Ал аудандық мәслихат депутаттары, «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшелері Алмас Есназар, Марат Бакуов пен Болатбек Ұлтанбекұлы партия балалардың сапалы білім алуына лайықты жағдай жасау бағытында жергілікті атқарушы органдармен бірге ауқымды жұмыс атқарып жатқанын атап өтті.

– Өздеріңізге белгілі, «AMANAT» партиясы қай кезде де игі істердің көш басында жүреді. Жаңа оқу жылы қарсаңында ұйымдастырылып жатқан бүгінгі акция осы сөзімізге дәлел бола алады. Шын мәнінде, біздің бір баланы демеп, бір баланы мектепке дайындауымыз мүмкін болашақта бір ғалымды дайындағанымыз шығар. Жас буынның жолын ашып, жағдайын жасасақ, ол да шабыттанып, ертеңгі күнге сеніммен қарап, риза болары анық. Ең бастысы, іс-шара дер кезінде өткізілуде. Өйткені, қазір әр ата-ана баласын сабаққа дайындап жатыр. Жаңа оқу жылы бәрімізге шығармашылық сәттілік әкелсін, – деді Алмас Зейноллаұлы.

Айта кетейік, сөмкелер аудандағы барлық білім беру ұйымдарына тең бөлініп, әлеуметтік педагогтарға берілді. Енді олар тиісті көмекті қажет ететін отбасыларға барып, партияның көмегін жеткізетін болады.

14 тамыз 2025 ж. 374 0