Жылды табысты қорытындылады
«AMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты облыс бойынша «Үздік бөлімше» атанды. Марапат Қызылорда қаласындағы Достық үйінде өткізілген іс-шарада табысталды.
Жылдық жұмысты қорытындылау мақсатында өткізілген жиында «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов сөз сөйлеп, жиналғандарды Жаңа жыл мерекесімен құттады. Сондай-ақ облыстық мәслихаттағы AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі Жорабек Нұрымбетов «AMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатына «Үздік бөлімше» аталымын табыстады.
Айта кету керек, «Жастар рухы» жастар қанатының аудандағы белсенділері жыл көлемінде ерікті түрде қоғамның дамуына атсалысып келеді. Жалынды жастар еліміздің бірқатар өңірі су тасқыны апатына ұшырағанда гуманитарлық көмек көрсетуде белсенділік танытты. Сондай-ақ «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында тыл және еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетсе, «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы», «Халыққа көмек» жобалары шеңберінде көптеген игі іс-шараларды ұйымдастыруда. Мұнан бөлек жадынамалар мен үнпарақтар тарату, тазалық іс-шараларына қатысу, жастар арасында спорттық, мәдени іс-шаралар ұйымдастыру ісіне де «Жастар рухы» жастар қанаты өз үлесін қосуда. АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штабтың мүшесі ретінде де сырдариялық жастар түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жергілікті БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы жүйелі істер атқарды. Сондықтан жастық жалынға толы осынау еңбек пен ізденіс еленіп, лайықты бағаланып, «AMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатына «Үздік бөлімше» аталымы табысталды. Бұл аудан жастарының бірлесе атқарған жұмысының жемісі екені анық.
***
Жаңа жыл мерекесі аясында «AMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалы бастауыш партия ұйымдарының ұсынысына сәйкес 113 баланы қуантып, жаңа жылдық сыйлықтарды тарту етті. Игі іс-шара партияның аудандық филиалында өткізіліп, мерекелік салтанатқа Аяз ата мен Ақшақар да қатысты.
Балалар асыға күтетін мерекелік іс-шара барысында мектеп оқушылары мен олардың ата-аналарына партия туралы ақпараттар берілді. «AMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы жиналғандарды мерекемен құттықтап, оқушылардың оқуда және білім мен өнер бәйгелерінде озаттар көшін бастауына тілектестігін білдірді.
– «AMANAT» партиясы балаларды, олардың бақытты болашағына қатысты жобаларды әркез қолдайды және ұйымдастырады. Жаңа оқу жылы басталар тұста партия тарапынан «Баланы мектепке даярлайық» акциясы аясында 54 балаға оқу құралдары берілсе, бұл жолы мүмкіндігімізге қарай 113 баланы қуантуды жөн көрдік. Біздің басты мақсатымыз – халықпен бірге болу, сайлаушыларға берген уәделерімізді орындау. Бұл бағытта партия алдағы уақытта да нақты жұмыстарды атқаратын болады, – деді А.Ибрагимұлы.
Өз кезегінде балалар мен олардың ата-аналары шынайы ризашылығын білдірді және Аяз ата мен Ақшақарды ортаға алып, естелік суретке түсті.
«Тт» ақпарат