Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Берері мол онкүндік

Берері мол онкүндік

12 тамыз – халықаралық жастар күні аясында аудан көлемінде онкүндік аясында бекітілген жоспарға сәйкес, жастарға арналған сан түрлі іс-шара ұйымдастыру қолға алынды. Он күн бойы аудан жастары бірнеше іс-шараға қамтылып, көптеген жетістікке қол жеткізе білді. Білімді де білікті басшы Айгүл Ахметова жетекшілік ететін аудандық жастар ресурстық орталығының мамандары атаулы күнді жоғары деңгейде өткізуге күш салды.

Ең алдымен, жастар тазалық акциясына үн қосып, Қалжан ахун медресесіне барды. Медресе айналасына «Сырдария жастары» еріктілер штабының мүшелері мен «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары мен орталық кеңесшілері тазалық жұмысын жүргізді. Акцияның басты мақсаты – жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны таза ұстауға дәріптеу екені мәлім. Келесі күні болашақтың ертеңі саналатын жастарға «Жалын» сауықтыру лагерінде «ASPAN CINEMA – ашық аспан» деп аталатын іс-шарасы негізінде «Алмас қылыш» фильмі көрсетілді. Онкүндіктің тағы бір күні жастардың денсау­лығын жақсартуға бағытталды. Аудандық ауруханада өткізілген «Ашық есік күнінде» олар скринингтік тексеруден өтті. Арнайы іс-шара барысында аудан жастарының денсаулығы жіті тексеріліп, барлығына дәрігерлер тарапынан жан-жақты кеңес берілді. Өз кезегінде медицина мамандары жастарды скринингтік тексеруден өткізіп, сырқаты бойынша мамандандырылған дәрі­герлерге жолдады. Сонымен қатар саламатты өмір салтын ұстануға қатысты түсіндірме жұмысы жүргізіліп, денсаулықты күтудің қыр-сыры қамтылды.

«Quiz Night» интеллектуалдық сайысында білімді ауданның мақтаныштары бір арнаға тоғысты. Ой-өрісті дамытып, білім мен логиканы ұштастырған бұл кеш тартысты әрі қызықты сәттерге толы болды. Қатысушылар топпен жұмыс істеп, сан түрлі тақырыптағы сұраққа жауап беріп, білімдерін сынады. Сайыс жастардың зияткерлік әлеуетін арттырып, достық пен серіктестік қа­рым-қатынасты нығайтты. «Жас­­тар және білім күні» аясында білімді жас Заманбек Аманбековпен кездесу жүзеге асты. Сырдария ауданында ерен еріктілік үлгісін көрсете білетін азаматтар қатары жетерлік. Мереке аясында еріктілік күні аталып өтіліп, жастар қарт кісінің үйінің ауласын тазалап, күл-қоқыстан, арам-шөптен арылтты.

                                

Шындығында, жастар арасында абайсызда құқық бұзушылыққа баратын жандар кездеседі. Кез келген жағдай қоғамдағы жағдайды бағдарлай отырып, заң бәріне ортақ екенін ұмытпаған жөн. «Руханият орталығында» Сырдария аудандық прокуратурасының прокуроры Әсел Төлегенова, аудан әкімінің аппараты жанындағы мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Ернар Зұлқар­наев, Сырдария аудандық заң кең­сесінің меңгерушісі Қалдыгүл Жаппасбаева жастармен кездесіп, құқықтық кеңес берді. Жастардың ұйымшылдығын арттыру, бірлік пен өзара түсіністікті қалыптастыру мақсатында тимбилдинг ойыны жоғары деңгейде жүзеге асты. Қызықты ойын жастардың бейресми ортада араласуына, жаңа дос­тар табуына және бос уақытын тиімді өткізуіне үлкен мүмкіндік берді.

Қазақстан Халқы Ассамб­лея­сының 30 жылдығы мен атау­лы күнге арналған мерекелік іс-шара шеңберінде этнос өкілдері арасында интеллектуал­ды сайыс­та көпшілік даралана білді. Қатысушылар көптеген тақырыпта өз білімдерін ортаға салып, тапқырлық пен ұйым­шылдық үлгісін байқатты. Бұл ретте ауданның білімді және дарынды өрендері Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жылдығы аясында ұлы ақынның шығармашылығына аса мән берді.

Кеше аудан орталығында «Мүмкін­діктер алаңы» атты іс-шарада жастарға сан бағытта кеңес беріліп, мемлекеттік бағ­дарлама таныстырылымы болды. Жас отбасыларға қаржылық мәселе бойынша ақпарат беріліп, денсаулықтың жағдайы қалыс қалмады. Спорттық сайыстарда білектілер жеңіс тұғырынан көрінді.


Б.ҚАРАМАНТЕГІ

12 тамыз 2025 ж. 170 0