Электронды кітап қашан пайда болған?

Ес білгелі қағаз кітаппен ғана таныс екеніміз айдан анық. Бірақ электронды кітапты бертін келе пайда болды деп ойлаймыз. Өйткені халық арасында кеңінен өріс алып дамығанына да көп уақыт болған жоқ. Ал сол ұғымның шығу тарихына тоқталсақ.
Электронды кітаптың пайда болуы 1971 жылдан бастау алған. Ресми дереккөзге сүйенсек, бұл жылы АҚШ-тағы Иллинойс университетінің студенті Майкл Харт «Project Gutenberg» деп аталатын жобаны бастаған. Ол АҚШ-тың Тәуелсіздік декларациясын теріп, компьютерге енгізген. Бұл құжат – әлемдегі ең алғашқы электронды кітап болып саналады.
1990 жылдары технология өндірісі қарқынды дамып, электронды кітапты оқуға арналған алғашқы құрылғылар пайда болды. 1998 жылы «Rocket eBook» және «SoftBook» атты құрылғылар жұртшылыққа ұсынылып, ішіне арнайы кітап форматтары жүктеліп, оқырман кез келген жерде кітап оқи алатын болды. Сондай-ақ 2007 жылы «Amazon Kindle» құрылғысының жарыққа шығуы электронды кітаптың әлем бойынша жаппай таралуына жол ашты.
Ал еліміз бойынша электронды кітаптың дамуы 2000 жылдың басында қарқын алды. Республика бойынша жоғары оқу орнының кітапханалары цифрлық форматқа көшіріле бастады. 2010-2020 жылдар аралығында цифрлық, технологиялық серпіліс жоғары деңгейде дамып, жаңа тың өзгерістер орын алды. Арнайы электронды тізімдер мен цифрлық қорлар жасалып, қазақстандық баспаларда «PDF», «EPUB», «MOBI» сынды форматта электронды кітаптар шығарыла бастады. Сонымен қатар «Bilimland», «OKUL», «Kundelik.kz», «Daryn Online», «EduPage» секілді платформаларда мектеп оқушыларына арналған онлайн оқулықтар мен көмекші материалдар жарыққа шығып, халық арасында кеңінен тарай бастады. Содан кейін әлемді дүр сілкіндірген қауіпті вирус өршігенде, қашықтықтан оқу жүйесі енгізіліп, барлық оқу материалдары онлайн форматқа көшірілді. Дәл осы жылдары электронды кітап пен цифрлық ресурстардың қажеттілігі күннен-күнге арта түсті. Еліміз бойынша оқулықтар мен қосымша әдебиеттердің электронды нұсқасы KZ электронды кітапханалар арқылы қолжетімді бола бастады.
Қазіргі таңда электронды кітап оқуға арналған бірнеше платформалар мен сайттар қолданыс үстінде. Олар «kitap.kz», «e.nlrk.kz», «library.enu.kz» және тағы басқада электронды ресурстар кеңінен пайдаланылуда.
Қазақстанда электронды кітап ресурсы жылдан-жылға үздіксіз дамып келеді. Заманауи цифрлық кітапханалар, онлайн білім беру платформалары және онлайн кітап оқу арқылы оқушы да, жоғары білім алушы да, қарапайым оқырман да түрлі әлем әдебиеті мен қазақ тілінде жарық көрген кез келген кітапқа оңай қол жеткізе алады. Бұл тек техникалық жетістік емес, ақпаратқа қолжетімділікті арттырудың және заманауи жас ұрпақты тәрбиелеудің бір жолы іспеттес.
«Заманына сай ұрпақ – ел болашағы» дегендей уақыттың жеке құндылығы мен соған сай даму үлгісі болады. Міне қазіргі технологияда дәл солай даму үстінде. Электронды кітаптың ерекшелігінің бірі – қолжетімділік. Кез келген жерде, кез келген уақытта оқуға мүмкіндік таба аласың. Сондай-ақ телефонға, планшетке, ноутбукке жүктеп алып, сапарда, үйде, мектепте болсын пайдалана аласыз. Ең тиімді жағы, шалғай ауылда тұратын оқушы да мобильді құрылғылар арқылы кез келген кітапқа қол жеткізе алады.
Электронды кітап – бұл заман талабына сай білім көзі. Елімізде бұл бағыттың дамуы білімге деген сұраныс пен технологияға бейімделудің көрінісі. Сондықтан осы мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, кітап оқу мәдениетін жоғалтпай, жаңа бір форматта жағастыру маңызды.
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ
Фото: Ашық дереккөзден