Оңай пайда ма, жауапкершілік пе?

Бұл дегеніміз тауарды ақшаға айналдыру. Яғни ешкім зат сатпайды, сатып алмайды. Тек банкті «алдап» қажет сумманы ақшаға айналдырады. Қазіргі таңда көп сұранысқа ие Каспий банкі 24 айға бөліп төлеу мүмкіндігін қарастыруда. Бұл белгілі банктің тұрғындар үшін жасап отырған тиімді жүйесі. Кез келген техника немесе тұтыну өнімін сатып алып, ақшасын екі жыл ішінде бөліп қайтаруға болады. Әдетте бір жыл мерзімге ғана беретін мүмкіндікті банк кейде осылай екі жылға дейін ашып береді. Уақыты ұзарғанымен, айға бөлгенде қалтаға салмақ салмайтын сумма шығады. Бұл бір жағынан тиімді. Осы орайда «обналичка» жасаушылар көп. Ұсынатын пайыздық үстемесі де аз емес.
Ақша алмастыру деген не? Бұл – несиеге алынған тауардың қаражатын қолма-қол ақшаға айырбастау. Яғни, сізге шұғыл ақша керек, бірақ банк несие бермесе немесе үстемақысы тым жоғары десеңіз, «обналичка» жасаушылар өз қызметін ұсынады. Сіз белгілі бір фирманың өнімін сатып алған боласыз, бірақ қолыңызға тауарды емес, ақшасын аласыз. Сосын алмаған затыңыздың ақысын белгіленген мерзімде бөліп төлейсіз. Яғни несиеге зат сатып алғандай болып, банкті алдап, орнына ақша аласыз. Ал бұндай мүмкіндікті үйлестіріп берген «қызмет көрсетуші» белгіленген сумманың белгілі бір мөлшерін өз қызметі үшін ұстап қалады. Мысалы 300 000 теңгені 25 пайызбен шешіп беруге уәде етсе, сіздің қолыңызға 225 000 теңге ақшалай түседі, ал 75 000 теңге – заттай несиені ақшамен рәсімдеп берген адамның қалтасына сыйақы. Бар-жоғы 15 минут ішінде қаржы шотыңызға түседі. Бірақ банкке қарызды 300000 түгел етіп қайтаруыңыз қажет. Қазіргі кезде «обналичка» жасатып жүргендер де, жасап жүргендер де көп. Әлеуметтік желі мен чаттарда «Обналичка жасаймын. Ақшасын бірден қолға аласыз. Мынша пайызбен» деген жарнама толып жүр. Сәйкесінше, заңсыз түрде заттай тауарды ақшаға айырбастап беретіндерге сұраныс та жоғары. Бұлай пайда тапқандар заңмен жазаланатын болады.
Бұл қызметті ұсынушылар өз әрекетін көбіне тұрмыстық техникалар сатумен айналысатын жеке кәсіпкерлер арқылы жүзеге асырады. Негізінен бұлай тауарды ақшаға айналдыру заңға қайшы әрекет. Одан бөлек «обналичка жасап беремін» деген адам алаяқ болып шықса, несиені мойныңызға іледі де, тайып тұрады. Бұл ретте қолма-қол ақша жасатқан адам да, жасаған адам да жазасыз қалмайды.
Алаяқтардың жарнамасы жер жарады. Ал қажеттіліктен бұны дұрыс жол екен деп білетін тұтынушы заңсыз схеманың қатысушысы болғанын білмей де қалады. Бұл жерде ешқандай тауар алмасу болмайды. Яғни жалған жұмыс жүргізіледі. Оны жасаған адам да, жасатқан адам да кінәлі саналады. Заңды тұлға болсын жеке тұлға болсын оның мүлкі тәркіленіп, 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Немесе 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Аталған қызметті пайдалану алаяқтықтың санын еселеп көбейтіп отыр. Себебі ақшаны шотқа аударуға уәделесіп, қашықтан қызмет көрсеткен адам тиісті кодты анықтағаннан кейін жалт беруі мүмкін. Бұндай жағдайлар тіпті жиі кездескен. Әсіресе осындай екі жылға бөліп төлеу мүмкіндігі болған кезде алаяқтық іс-әрекеттер де көбейеді. Ал несиені өзің мақұлдай отырып, рәсімдегеннен кейін әлбетте бұл тұтынушының мәселесі болып қалады. Осылай опық жеп жатқандар жетерлік. Банк қызметкерлері осы тұста алаяқтардың арбауынан сақ болуға шақырады.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: Ашық дереккөзден