Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алаяқтар қақпаны: «Обналичка» опық жегізбесін

Алаяқтар қақпаны: «Обналичка» опық жегізбесін

«Адамнан айла артылмайды» деген сайын небір сұмдықты көз көріп жүр. Қазіргі қоғамда алаяқтықтың сан алуан түрі бар. Оның ішінде қаржыға байланысты алаяқтардың қарасы азаймай тұр. Құқық қорғау органдары қанша жерден түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, алдын алу шарасын жүргізсе де қылмыскердің қулығына құрық бойламайды.

Қаржы пирамидасы, онлайн сатушы мен сатып алушы, алаяқтықпен шоттағы қаржыны жымқыру сияқты құйтұрқылықты былай қойғанда көпшілік сұранысына ие ақша алмастырушылар саны артып отыр. Әлеуметтік желі мен чаттарда «Обналичка жасаймын. Ақшасын бірден қолға аласыз. Мынша пайызбен» деген жарнама толып жүр. Сәйкесінше, заңсыз түрде заттай тауарды ақшаға айырбастап беретіндерге сұраныс та жоғары. Оны арнайы желілерде «Обналичка жасайтын адам бар ма?» деп «іздеу салатын» көптің сұрауынан аңғардық.

Ақша алмастыру деген не? Бұл – несиеге алынған тауардың қаражатын қолма-қол ақшаға айырбастау. Яғни, сізге шұғыл ақша керек, бірақ банк несие бермесе немесе үстемақысы тым жоғары десеңіз, «обналичка» жасаушылар өз қызметін ұсынады. Сіз белгілі бір фирманың өнімін сатып алған боласыз, бірақ қолыңызға тауарды емес, ақшасын аласыз. Сосын алмаған затыңыздың ақысын белгіленген мезгілде бөліп төлейсіз. Яғни несиеге зат сатып алғандай болып, банкті алдап, орнына ақша аласыз. Ал бұндай мүмкіндікті жасап берген «қызмет көрсетуші» белгіленген сумманың белгілі бір мөлшеріне өз қызметі үшін ұстап қалады. Мысалы 300 000 теңгені 25 пайызбен шешіп беруге уәде етсе, сіздің қолыңызға 225 000 теңге ақшалай түседі, ал 75 000 теңге – заттай несиені ақшамен рәсімдеп берген адамның қалтасына сыйақы. Бар-жоғы 15 минут ішінде қаржы шотыңызға түседі. Бірақ банкке қарызды 300000 түгел етіп қайтаруыңыз қажет. Қазіргі кезде «обналичка» жасатып жүргендер де, жасап жүргендер де көп. Ендігі оларға заң жүзінде шектеу қойылмақ!

«Обналичка» – бұл Kaspi Pay-мен жұмыс істеу ережелерін өрескел бұзу болып табылады. «Обналичкамен» айналысатын серіктестермен біз ынтымақтастықты бірден тоқтатамыз. Содан кейін ондай тұтынушы Kaspi Pay-ге қайта қосыла алмайды» дейді банк қызметкерлері.

Дәл бұндай жолмен ақша алмастыру әрекеті заңға қайшы. Заңсыз екеніне қарамай, онымен айналысатындарға қандай жаза қарастырылған? Мамандардың айтуынша, несиеге алынған тауардың қаражатын қолма-қол ақшаға айырбастаумен айналысу «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру» 218-бапқа сәйкес заңсыз деп танылған. Заңға қайшы әрекет еткен азамат, бас бостандығынан айырылады немесе үлкен сомада айыппұл төлейді.

Каспий ред арқылы обналичка жасаушыларға, заңға сәйкес, 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе 5000 АЕК мөшерінде айыппұл салу жазасы қарастырылады. Егер аталған іс-әрекет адамдар тобымен ұйымдастырылып және бірнеше мәрте қайталанатын болса жаза мерзімі де, өтем ақысы да арта түспек. Сондай-ақ алдын ала сөз байласқандар да кінәлі болып табылады.

Осындай заңсыз әрекетке жаппай бой ұрған халық алаяққа да оңбай жем болуда. Жақында бір танысым алаяқтарға жем болып, аса үлкен көлемде қарызға батқанын айтып шағымданды. «Былайынша ондай алаяқтар бар екенін, сенуге болмайтынын білемін ғой. Бірақ сол кезде қалай алданып қалғанымды білмеймін» дейді ол. Сонда алаяқ былай айтқанда «өз ісінің нақ маманы» болып тұр ғой. Тіпті алданбаймын деген кісінің өзін сөзбен құрыққа бір-ақ түсірген. Әлгі танысым ендігі жерде өзінің ипотекалық несиесі мен оған дейін алынған қаржылық қарыздары, төрт баласының аузынан жырып «алмаған қарызын» ұзақ мерзім бойына өтейді. Алаяққа алдандың ба, оны заң алдында дәлелдеу қиын. Себебі ондай қылмыскерлер мәселені бүге-шүгесіне дейін ойластырып, із қалдырмай шаруаны шешіп қояды. Ал несие сенің атыңнан рәсімделген соң мемлекет пен заң алдында сен қарыздар болып шыға келесің.

– Алаяқ пен банк қызметкерін қалай ажыратуға болатынын көпшілік білмей жатады. Айтып өтейін, банк қызметкері сізге хабарласса, тек банкте жүріп жатқан акциялар мен пайыздық несиелер туралы ақпарат береді. Бірақ сізге қандай да бір бағдарламаны ұялы телефонға жүктеуді және жеке нөмерге келген кодты айтуды талап етпейді. Былай айтқанда, банк қызметкеріне ондай дерек керек те емес. Ал егер «сіздің атыңыздан мынадай көлемде несие алғалы жатыр, жылдам маған құпиясөзді айтыңыз немесе «RustDesk», «AnyDesk», «HopToDesk», «Teamviewer» бағдарламаларын телефонға көшіріп алыңыз десе, ондайға сенуге болмайды. Бірден банктық шотыңызды бұғаттау немесе мамандарға хабарласып, нақтылау қажет. Жоғарыда аталған қашықтан қол жеткізу бағдарламаларын телефонға орнатпаңыз, – дейді банк қызметкері Г.Әбенова.

Қазір онлайн сауданың көркі қызып тұр. Интернет арқылы төлем жасау тіпті кең етек алған. Қолма-қол ақша ұстап, әмиян толтыратындар қатары да сиреген. Бұл қауіптің еселенуіне жағдай туындатпақ. Бұл мәселені талай қозғап, құзырлы  органдар дабыл қағып жатса да, күнделікті қылмыстық істің беті ашылса да, алаяққа арбалып қалғандар саны азаймай тұр. Банкке барып, үлкен көлемде қаржыны несиеге ала алмаған көпшілік алаяқтың адам айтса нанғысыз сумманы қалай шығарғанына да таңқалып жатады. Бұл ретте сан соғып қалмаудың басты шарты – қауіпсіздікке баса мән беру екенін ескерткіміз келеді. Асыл дініміз де, таным мен дәстүріміз де алаяқтық пен арбауға, кісінің ақысына кіруге шек қояды. Сондықтан кез келген күмәнды ақпараттың артында алаяқтың тұрмауына кепілдік жоқ екенін ескерсек, қай істе болсын жеті рет өлшеп, бір рет кесудің, шаруаңызды заңнан алыс кетпей шешудің маңызы зор екенін айтқымыз келеді.

Статистикалық деректерге сүйенсек, өткен бір аптаның ішінде 120-дан астам адам киберқылмыстың құрбаны болған. Бұл тиісті органдарға шағым түсіріп, ресми тіркелгендері ғана. Қазақылыққа салынып, «бастан құлақ садақа» деп жылы жапқандар қаншама?!

Бұл мәселені сөз еткенде халықтың қаржылай сауаттылығының төмендігін аңғаруға болады. Орта есеппен әрбір қазақстандықтың басында 1 миллион теңгедей кредиті бар. Бір қарызды екінші қарызбен жабу да көпшілікке үйреншікті. Айта кетейік, енді кредитін кешіктірген немесе төлемегендерге несие берілмейді. Жалақыға дейін қарыз беретін микроқаржы ұйымдарының да жұмысы шектеледі. Бұл ретте халыққа қолына түскен қаржысын тиімді әрі жоспарлы жұмсау қажеттігін айтқымыз келеді.

 А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
09 желтоқсан 2023 ж. 382 0