Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерейлі отбасылар мерей төрінде

Мерейлі отбасылар мерей төрінде

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев «Мерейлі отбасы – 2024» байқауының облыстық кезеңінде жеңіске жеткен отбасыларды марапаттап, құрмет көрсетті. Мерей төрінен көрінген отбасылардың қатарында ауданнан қатысқан Есекеевтер отбасы ІІІ орынды иеленсе, Шербатшаевтар отбасы «Жігерлі отбасы» аталымымен марапатталды.

Негізі 2013 жылдан бері қыркүйек айының екінші жексенбісі – Отбасы күні ретінде аталып өтіліп келеді. Ал «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы 2014 жылдан бері ұйымдастырылуда. Марапаттау салтанатында аймақ басшысы ұлттық, адамзаттық құнды­лық­тарды сақтау мен насихаттауда отбасының алатын рөлі ерекше екенін айтты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Берекелі шаңы­рақ – елімізді үйлесімді әрі орнықты да­мы­ту­дың мызғымас кепілі. Сон­дықтан мемлекет ана мен баланы қорғау жүйесін жетілдіруге, отбасы құндылықтарын ұлықтауға баса мән береді», – деді. Расында да мерейлі отбасы – береке-бірлігімен, тәлім-тәрбиесімен, қалыптасқан қағидасымен, асыл қасиеттерімен баршаға өнеге. Сондықтан, олардың үлгісін дәріптеп, тағылымын көпке тарату маңызды. Биылғы конкурс нәтижесімен 16 отбасы үздіктер қатарынан табылды. Барлығы өскен-өнген әулеттер мен шаңырақтар. Бүгінгі мерейлі күнде шаңырағында ізгі қарым-қатынас, игі дәстүрлер сақталып, өзара сыйластық салтанат құрған барлығыңызға ризашылы­ғымызды білдіреміз, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Конкурс қорытындысымен «Ме­рей­лі отбасы» ұлттық конкурсы облыстық кезеңінің жеңімпазы болып Бектаевтар отбасы (Жалағаш ауданы) танылып, бас жүлде иеленді. Жаңақорғандық Мырзабаевтар отбасына І орын, қызылордалық Жарқынбеков­тер әулетіне ІІ орын, сырдариялық Есекеевтер отбасына ІІІ орын берілді. Мұнан бөлек, «Өнегелі отбасы» аталымы Байқадамовтар отбасына (Қазалы ауданы), «Үлгілі отбасы» аталымы Төреқожаевтар отбасына (Жаңақорған ауданы), «Ұлағатты отбасы» аталымы Әбішбаевтар отбасына (Шиелі ауданы), «Ынтымақты отбасы» аталымы Әбдіқалиевтер отбасына (Қармақшы ауданы), «Өнерлі отбасы» аталымы Досмамбетовтер отбасына, (Арал ауданы), «Берекелі отбасы» аталымы Жайсаңбаевтар отбасына (Қызылорда қаласы) бұйырды. Конкурсқа қатысушыларды ынталандыру мақсатында «Еңбекқор отбасы» аталымы Пірдашевтер отбасына (Қармақшы ауданы), «Жігерлі отбасы» аталымы Шербатшаевтар отбасына (Сырдария ауданы), «Кемел отбасы» аталымы Шалбаевтар отбасына (Арал ауданы), «Шуақты отбасы» аталымы Мырзабаевтар отбасына (Шиелі ауданы), «Бәйтерек отбасы» аталымы Шәкішев­тер отбасына, (Қазалы ауданы), «Мәуелі отбасы» аталымы Әзмахановтар отбасына (Жалағаш ауданы) табысталды. Салтанатты іс-шара мерекелік концертке ұласты.

А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ
03 қыркүйек 2024 ж. 336 0