"Мерейлі отбасы" байқауының жеңімпаздары марапатталды
Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық кезең жеңімпаздары марапатталды. Салтанатты іс-шарада отбасы құндылықтарын дәріптеген, шаңырақтың шырайын кіргізіп, түтінін түзу ұшырған өнегелі отбасылар марапат биігінен көрінді.
Аудан басшысы жеңімпаздарды мерейлі марапатпен құттықтап, елімізде түп-тамырын ұлттық құндылықтардан алатын отбасы институтының орны ерекше екенін айтты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Берекелі шаңырақ – елімізді үйлесімді әрі орнықты дамытудың мызғымас кепілі. Сондықтан мемлекет ана мен баланы қорғау жүйесін жетілдіруге, отбасы құндылықтарын ұлықтауға баса мән береді» деп атап өтті. Бүгінде біздің алдымызда отбасы институтын дамыту міндеті тұр. Ол үшін еңбекқорлық, білімпаздық, тілектестік сынды «Адал азаматқа» тән қасиеттерді қоғамда жан-жақты дәріптеудің жаңа сапасын қалыптастыру керекпіз. Осы бағытта Сыр өңірінде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтқанда, Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың бастамасымен облыс орталығында «Отбасы», «Анаға тағзым», «Өнер» орталықтары ашылды. Клубтар мен мәдениет үйлері жанынан түрлі бағыттағы шығармашылық үйірмелерді қамтитын «Адал адам» рухани-мәдени орталықтары ашылды. Аудан орталығында ұлттық құндылықтар дәріптелетін «Руханият» орталығы бой көтеруде. Биыл «Мерейлі отбасы» байқауы 10-шы рет өткізіліп отыр. Ұлттық байқаудың облыстық кезеңдерінде аудандағы өнегелі отбасылар марапат төрінен көрініп келеді. 2022 жылы облыста сырдариялық Есенхожаевтар әулеті «Озат отбасы» атанса, өткен жылы Үмбетаевтар отбасы жүлделі І орынды иеленді. Биыл байқауға ауданнан 11 отбасы қатысты. Олардың барлығы – нағыз жеңімпаз жанұялар. «Балалы үй – базар» деп, әулетін ажарлы етіп, ұрпағына саналы тәрбие беріп отырған өнегелі отбасыларға шынайы алғысымды білдіремін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының аудандық іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша Іңкәрдария ауылынан Бержановтар отбасы 3 орынды, Шіркейлі ауылынан Шербатшаевтар отбасы 2 орынды иеленсе, С.Сейфуллин ауылынан Есекеевтер отбасы 1 орынды жеңіп алды.
Сондай-ақ, басқа да өнегелі отбасылар арнайы номинациялармен марапатталды.
Аудандық кезең нәтижесімен облыстық кезеңге қатысуға Есекеевтер және Шербатшаевтар отбасы жолдама алды.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі