Жаңа маусымда жаңаша леппен

Жазылу науқаны аяқталды дегенмен, оқырман үшін, газетке жазылушылар үшін редакция есігі ашық. Бірінші жартыжылдықта аудандық газет 3315 таралыммен жарық көрді. Ал екінші жарты жылдықта 3219 тұрғынның төрінен төл газет табылатын болады. Бұл дегеніміз, газеттің осынша оқырманы барын білдірмейді. Себебі бір үйден бір адам жазылғанда, бұл санды отбасына қарай бірнеше есеге көбейтуге болады. Одан бөлек, газетпен онлайн түрде танысатын ресми сайт оқырмандарының саны да едәуір. «Қазіргі кезде газет оқылмайды» деген қасаң қағидадан бойды аулақ ұстау қажет. Себебі, газетіміз күн сайын заман талабына сай онлайн түрде де, газет арқылы да өз оқырмандарының күткен үдесінен шығып келеді.
– Газет күнде шықса, күнде оқуға бармын. Аудандық газет жас мамандармен толығып, жаңаша леппен жұмысты жалғап келеді. Газетті оқымасам, бірдеңеден құр қалғандай боламын. Газет келетін сейсенбі, сенбі күндері мен үшін ерекше. Таң ертемен «келді ме екен» деп ауладағы пошта жәшігін бірнеше мәрте қараймын. Бұл ретте газетті уақытылы әкеліп беріп отырған таратушы мамандарға да рақмет. Ауданымызда керемет жаңалықтар орын алып жатыр. Кәсіпкерлік жақсы жолға қойылып, өндіріс өркендеп келеді. Біз, қариялар, үйде отырып, осындай жаңалықты газеттен оқымасақ, біле бермейміз, – деген еңбек ардагері Төлеу Сүлейменов қағаз басылым арқылы талай ұрпаққа бағыт-бағдар беріп келе жатқан журналистер қауымына ақ батасын берді.
Бұл ретте газеттің оқырмандарымен бірге тұрақты жазылушыларға да басылым мамандары атынан алғыс жеткізгім келеді. Баспасөз науқаны
басталысымен, жергілікті мекемелер, бөлімдер, аудандық білім саласы, денсаулық сақтау, мәдениет саласы түгел қолдау көрсетеді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, көптің қолдауымен газетіміздің беделі биіктей түседі. «Мағжан және К», «Шаған Жер» ЖШС сияқты компаниялардың есебінен аудандық газеттің таралымы жүздеген данаға артып отыр. Сондай-ақ «Ақжарма – 2», «Ақжарма және К», «Қызылдихан» ЖШС, «Бақ» шаруа қожалықтары баспасөзге жазылу науқанына үлес қосуда. Одан бөлек демеушілеріміз де бар. Ғалым Абызбаев, Дәулет Дәукенұлы, Мадина Омарова секілді жомарт жандар газетке жазылуға шамасы келмейтін ардагерлердің үйіне газетті жаздырып береді. Жалпы айтқанда, аудан тұрғындары жұмыла көтерген жүктің жеңілдігін сезініп, 86 жылдық тарихы бар төл газетке қолдау көрсетеді.
Өз кезегінде аудандық газет оқырман ойынан шығу жолында аянбай еңбек ете бермек. Күнделікті жаңалық пен жетістіктерден бөлек, мәселе көтеріліп, абыз тұлғаларды кейінгі буынға үлгі етеді. Сондай-ақ шалғайда жүрген түлектер жайында танымдық мақалалар ұсынылып, журналист болсам деген жас өркенге қолдау көрсетіп келеді. Өз кезегінде редакция қызметкерлері оқырманмен тұрақты байланыс орнатып отырады. Редакцияға күн сайын егде жастағы ардагерлермен қатар, журналист жұмысымен танысуды көздейтін жастар қатары да көптеп келеді. Біз ондайда ардагерлердің ақ батасын алып, жас буынға дұрыс бағыт-бағдар беруге тырысамыз.
Алаш ардақтысы, көрнекті ағартушы Міржақып Дулатұлы «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы мықты» деген. Тарихы терең төл басылым оқырманға қызмет ете бермек. Шаруасы шалқыған, берекесі тасыған аудан тұрғындарының төрінде төл басылымның беделі биіктей берсін!
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ