Арма, ардақты оқырман!
Қазақ халқында амандық-саулық сұрасудың бірнеше нұсқасы бар. Оның әрқайсысы өзінше мән үстеп, хал сұраушының түпкі мақсатын анықтайды. Ал сол көп амандасу түрінің ішіндегі ең жақсысы «Арма!» деп амандық сұрау делінеді. Бұл бір жағынан амандық сұрау, екінші жағынан тілек білдіру мағынасына саяды. Дені сау, жағдайы тәуір, тірлігі оңға басқан адамның еш арып, азып-тозбасы анық. Осы ретте қазақы танымда «Арма» деп сөз бастаудың жөні бөлек. «Сәлем – сөздің анасы» болса, біз де оқырманға ақ тілек арнап, «Арма» деп сөз бастадық.
85 жылды санап өтіп, 86-жылға аяқ басқан аудандық «Тіршілік тынысы» газеті 2025 жылдың алғашқы нөмірін жарыққа шығарып үлгерді. Аптасына екі мәрте оқырманымен сағына қауышатын аудандық газет өз жұмысын қалыптасқан жүйеге сай жүргізетін болады.
Ширек ғасырға тура келген 2025 жылдың І жартыжылдығында аудандық газет 3315 таралыммен оқырманға таратылатын болды. Десек те оқырман саны бұнымен шектеліп қалмасы анық. Ең алдымен бір үйден бір адам газетке жазылғанын есепке алсақ, тираж санын бірнеше есеге арттырып, оқырман санын шығаруға болады. Сонымен қатар заман талабына сай газеттің ресми сайты электронды түрде де тарап, онлайн хабар таратып отырады. Осы ретте тек аудан көлемінде емес, алыс-жақын аудан, облыс орталығы мен үлкен қалаларда да тұрақты оқырмандарымыз бар екенін үлкен мақтанышпен атап өтуге болады. Және газеттің әлеуметтік желідегі ресми парақшалары тәулік бойына оқырман үдесінен шығу жолында қауырт жұмыс істеп, жаңалықтарды жариялап отырады. Әлеуметтік желі арқылы бізді он мыңдаған оқырман іздейтінін айта кету орынды. Оқырман тілегі – редакция қызметкерлері үшін үлкен маңызға ие.
Жоғарыда келтірілген аз-кем себепті алға тарта отырып, қазіргі кезде жауыр болған «мерзімді басылымдар оқылмайды» деген пікірді жоққа шығаруға болады. Ғаламтор желісінің қарқынды дамуына байланысты газет-журналға деген қызығушылық кей жастардың тарапынан төмендеуі мүмкін. Бірақ «газет оқылмайды» деп кесіп айтуға болмас. Мерзімді басылымға жазылу науқанында редакцияға ағыла келіп, бірнеше газетке жазылған ойлы оқырман барда, демеушілік пен атымтай жомарттықтың үлгісін көрсеткен қолдаушылар барда, газет-журналдың дәурені таяу деп айтуға ауыз бармайды. Керісінше, дамыған елдерден ұдайы үлгі алатын елімізде газет-журналға деген қызығушылық алпауыт мемлекеттердегідей сәнге, күнделікті тұрмыстың бір бөлшегіне айналатын болады.
Президенттің пәрменімен ашықтық пен жариялылық қағидаты қай салаға болса да мықтап еніп келеді. Осы орайда аудандық газет редакциясы да оқырманмен бірлесе жұмыс істеуге әзір. Осы орайда тұрақты оқырмандармен, авторлармен тығыз байланыс жолға қойылған. Және редакция жұмысына қызыққан болашақ журналистер тілшілер қауымымен байланыс орнатып, қарашаңыраққа арнайы келіп те тұрады.
Газетіміздің 2024 жылғы соңғы нөмірінде аудан әкімімен сұхбат жарияланды. Онда жыл бойына атқарылған жұмыстармен қатар ауданымыздың жетістіктері айтылды. Ендігі кезекте аудан әкімінің тікелей тапсырмасымен ағымдағы жылы да аудандық газет ақпараттық салаға өз үлесін қосатын болады.
Газет – халықтың көзі ғана емес, Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, құлағы, һәм тілі. Бұл дегеніміз, билік пен қарапайым халық арасындағы алтын көпір дегенге саяды. Газет арқылы келелі мәселелер көтеріп, оның түйінін тарқатып, оқырман қауымның көңілінен шығу, оң бағасын алу – редакция тілшілеріне қойылатын бірден-бір талап. Мерзімді басылымның билік үшін де, халық үшін де мәні мен маңызы орасан. Ендеше жаңа кезеңмен бірге тарихтың тағы бір жаңа парағы ашылды. Оқырман мен басылым – бір ұғым десек, ауданымыздың қоғамдық-саяси, рухани-мәдени дамуы бағытында оқырман қауыммен бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз!
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ