Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ тілі – адам жанының үні

Қазақ тілі – адам жанының үні

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ана тілін дамытуда қазіргі заманғы әдіс-тәсілді тиімді пайдалану дұрыс екендігін айтып өтті.

– Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық.

Қазір ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түсті. Соңғы кезде баспагерлердің жаңа буы­ны әлемдік бестселлерге айналған шығармаларды аударып жүр. Көптеген кітапты шығарып жатыр. Аударылған кітаптардың ішінде көркем әдебиет қана емес, іскерлік бағыттағы туындылар да көп.

Мемлекеттік саясаттың мәні – осында. Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмір­дегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек, – деді Президент. Бұл қанатты сөздердің іс жүзіне айнал­уына әрбір азаматтың атсалысуы маңызды.

Мемлекетіміздің өркендеуі қазақ даласында аяқ басқан әр тұлғаның ана тілімізге деген көзқарасы мен жанашырлығына байланысты. Қазақ тілінің даму тарихы – тереңде. Оның қалыптасу кезеңі ІІІ ғасырдан бастау алған.

Әр елдің мемлекеттік тілінің шығу тарихы әртүрлі. Оның қалыптасу жолы мен қазіргі кезге дейінгі түрлі өзгеріске ұшырауы мен халық арасындағы қолданылу аясы сан алуан. Дәл осындай кезең қазақ тілінің тарихында да орын алған. Мысалы, ата-бабаларымыз баланы құрсақта жатқан кезінен тәрбиелеу керектігін білген. Баланың ең бірінші тілінің да­­м­уына назар аударып, бар білгенін үйретіп, тек қазақ тілінде сөйлесуге барынша тырысқан. Бұл әрине қазақ аналарының даналығының бір көрінісі іспеттес. Осы орайда қазақ тілінің шығу тарихына тоқталсақ.

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ДАМУ ТАРИХЫ

Ана тіліміздің даму кезеңі ІІІ, V, VIII ғасырдағы Талас, Орхон-Енисей ескерткіштері мен Білге қаған, Тоныкөк, Күлтегін сынды жазба жәдігерлерден бастап қалыптасқан. Сонымен қатар көне түркі тілдерінде де қолданылып, ауызекі сөйлеу кезінде де біршама өзгеріске ұшыраған. Яғни Х-ХІІ ғасырдың көне тарихи мұралары, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастаны, Махмұт Қашқаридың «Түркі сөздерінің жинағы», Ахмет Яссауидің «Даналық кітабы», Ахмет Иүгінекидің «Ақиқат сыйы» еңбегі барша түркі елдерінің қайталанбас шежірелері. Одан бертін келе Хорезмидің «Мұхаббат-намесі», Құтбтың «Хұсрау – Шырын» атты дастаны, Саиф Сараидің «Гүлистан бит-түрки», Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» туындылары жылдан жылға біз үшін мұра болмақ. Түркі тілдес халықтарының білім саласындағы ортақ жәдігеріне айналған құн жетпес еңбегін әр ұрпақ білгені жөн.

Ал қазақ даласынан шыққан ғұламалардың еңбектеріне тоқталсақ. Хиуа ханы Әбілғазы Баһадүрдің «Түрік шежіресі», Қадырғали Жалаиридің «Жамиғ-ат Тауарих» шығармалары аса құнды ақпараттармен қамтылған. Әбілғазы Баһадүрдің «Түрік шежіресінде» – еңбек түркі дәуірінен бастап, Шыңғыс ұрпақтарының тарихын баяндап, Орталық Азия, Қазақ даласы және Таяу Шығыс елдерінде орын алған оқиғалар қамтылған. Ал Қадырғали Жалаири «Жамиғ-ат Тауарих» яғни «Жылнамалар жинағын» тұтқында отырып жазған. Кейін бұл еңбегін сол кезеңдегі орыс патшасы Борис Годуновқа сыйға тартып, қамқорлық жасауын өтінген. Бұл тарихи еңбекте қазақ халқының қоныс тепкен жерлері мен қазақ хандарының өмірбаяны және Қазақ хандығының ішкі-сыртқы жағдайы, заң ережелері туралы құнды ғылыми деректер жазылған. Бұл ақпаратты бірі білсе, бірі білмес. Бұл еңбек қазақ тілінің дамуы мен қалыптасуындағы баға жетпес мұра.

Тарихи кезеңдердегі ХІХ ғасырдағы ақиық ақын Махамбет Өтемісұлының өршіл-рухты өлеңдері, бертін келе ағартушы Шоқан Уалихановтың зерттеу еңбектері, Абай Құнанбайұлының қалыптастырған әдеби жолы, оның шәкірті болып жолын жалғаған Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармалары әрбір қазақтың жүрегінен орын алатыны анық.

Елімізде 1989 жылы қазақ тілі – «мемлекеттік тіл» мәртебесін заңды түрде алды. Осы орайда, Қазақстан Рес­публикасы тәуелсіздігін жариялағаннан кейін 1996 жылы «Тіл саясаты туралы тұжырымдамасы», 1997 жылы «Тіл туралы» Заңы бекітілді. Заңда «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» делінген. Бірақ қазақ тілі қазіргі таңға дейін мемлекеттік тіл мәртебесіне, заңда аталған талаптарға сай қолданылмай келеді. Бұл әрине, қазақ даласын мекен ететін әрбір азамат пен азаматшаның қолында. Сонымен қатар «Отбасы – шағын мемлекет» демекші, кез келген отбасында өскелең ұрпағымен ана тілінде сөйлесу мен сәбидің тілі қазақ тілінде шығуы мемлекеттік тіл үшін өте маңызды рөл атқарады.

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ҚАЛЫПТАСУ ЖОЛЫНДАҒЫ ТІЛ ЖАНАШЫРЛАРЫ

Ғасырлар бойы түп-төркінін жоғалтпаған қазақ тілінің даму жолында ұлты мен ана тілі үшін барын салған ғұламалар қаншама. Қазақ тілінің қазіргі кезеңге дейін қалыптасып, танылуына тынымсыз еңбек еткен тұңғыш «Оқу-құралы» атты оқулықты жарыққа шығарған қаламгер – Ахмет Байтұрсынұлының еңбегі ұшан теңіз. Қазіргі таңда «Оқу-құралы» оқулығын Білім және ғылым министрлігі қайтадан қолға алып, «Әліппе» жазылғаны біршама жұртшылыққа аян. Сонымен қатар қазақ тіл білімінің негізін салушылар­дың бірі – Құдайберген Жұбанов. КСРО Ғылым академиясының Қазақстан бөлімшесінде жауапты қызмет атқарып, мемлекеттік термин сөздерді қалыптастыру, бірізділікке түсіру, термин жасау принциптері, қазақ тіл білімі теориясына тереңдеп, орфография мен қазақ әліпбиінің мәселелерін шешуде ерекше маңызға ие болған тіл жанашыры. Тағы ардақты есімдердің бірі – Халел Досмұхамедұлы. Медицина, биология, зоология салалары бойынша студенттерге арнап алғашқы оқулық жазған ғалым. Негізгі саласы дәрігер болғанымен, әдебиет, тіл, тарих саласына да өз қолтаңбасын қалдырған. Өзінің пышақтай өткір тілімен айтқан сөзі әлі күнге дейін өз мәнін жоғалтқан емес.

– Қазақ тілін біліп тұрып, орысша сөйлесең, бүл – сүйініш, ал қазақ тілін білмей тұрып, бөтенше сөйлесең, бұл – күйініш, – деген қанатты сөзі әрбір ұрпақтың санасында сақталуы тиіс.

Тіл біліміне ерекше үлес қосқандардың қата­рынан – Телжан Шонанұлы да айрықша байқалады. Ол өзге ұлт өкілдеріне арнап, «Орыстар үшін қазақша әліппе», «Қазақ тілінің оқу құралы» және тағы да басқа еңбектерімен қатар, әдіскер ғалымдармен бірлесе жазған біршама оқу құралдары да жарық көрген. Сондай-ақ тіл саласының көрнекті өкілдерінің бірі – Елдос Омаров. Геометрия, физика пәндерін өзге тілден аударып, қазақша оқуға мүмкіндік ашқан және де математика терминдерін қалыптастыруға орасан зор үлесін қосқан қарымды ғалым. Бұл аталған қаламгерлердің барлығы қазақ тіл біліміне айрықша еңбек пен елеулі үлес қосқан ағартушылар.

Жоғары оқу орындарына арнап еңбек пен оқулық жазған тіл жанашырлары Н.Сауранбаев, М.Балақаев, Р.Сыздықова, Ғ.Мұсабаев, Ә.Қайдаров, Ө.Айтбаев, І.Кеңесбаев және тағы да басқа қазақ зиялыларының ізін басушы Ұлттық ғылым академиясының мүшелерінің қазақ тілінің дамуына қосқан үлестері ауыз толтырып айтарлықтай. Осы орайда ҚР Ұлттық академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиевтің Ә.Қайдаров пен Ө.Айтбаев туралы айтқан пікіріне тоқталсақ.

– Академиктер Әбдуәли Қайдаров пен Өмірзақ Айтбаевтың үлкен ғалым болуымен қатар, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамын қалай құрғаны, тіл үшін майдандағы жанқиярлық еңбектері, «Мемлекеттік тіл мәртебесі қос тілге берілу керек» дегенде, 26 адам қатысқан мемлекеттік комиссия отырысында жалғыз академик Қайдаров қана, «Қазақстанда тек қазақ тілі ғана мемлекеттік мәртебеге ие болу керек» деген ұсыныс айтқанын, әрі бұл ұсыныстың соңы институт директоры қызметінен айырылу қаупін тудыратынына қарамастан қасқайып тұрып, тура сөзді төтесінен тартқан, – деп айтып өткен.

                                                                

Осындай ана тіліне деген жанашырлардан үлгі алып, саралап дәріптеп кеткен жолды жас ұрпаққа ұғындыра білу біздің парызымыз. Қазіргі таңда мемлекеттік тіл туралы тақырып өзектілік танытуда. Жас буынның да ана тіліне деген құрметі артып келе жатқаны жүрекке жылулық сыйлайды. Бірақ әлі де тілдің қарқын алып өркендеуіне бәріміз жұмылған жұдырықтай атсалысуымыз қажет. Осыған орай бірқатар ұсыныстарға көз жүгіртсек. Қазақстан Республикасындағы әрбір медиабасылым, телерадио, телехабарларда ана тілі туралы түрлі байқау ұйымдастырылып тұрса, өскелең ұрпақтың әр байқауға белсене қатысатыны анық. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің дамуы мен қалыптасуына біршама өзгерістер болатынына сөз жоқ. Сондай-ақ әлеуметтік желіде де мемлекеттік тілге қатысты халық арасында бірнеше пайдалы челлендж түсіріле бастаса, бұл ана тілімізге деген құрметті одан әрі айқындай түсетіні белгілі. Сондықтан заманауи түрде жас ұрпақ қызығатындай ерекше байқаулар мен трендке сәйкес челлендж ұйымдастыру, қолға алынуы – қазіргі таңда мемлекеттік тілдің дамуы үшін өте маңызды.

ТІЛ – ЗАМАНАУИ ӨЗГЕРІСТІҢ КІЛТІ

Қазіргі таңдағы білім саласы болсын, іс-құжаттар мен ғылым, техника саласының қолданыс тілі мемлекеттік тілге айналуда. Бұл ана тіліміз үшін үлкен жетістіктің бір бөлігі. Оның әрі қарай шарықтап даму жолын еліміздің бірқатар лингвистері мен тіл ғалымдары және жанашырларының басқосуымен 2022 жылдың наурызында өткен «қазақ тілі мен мәдениеті» І форумы өткен болатын. Форумда мемлекеттік тілдің халықаралық қатынастар саласындағы рөлі, еліміздегі тіл мәдениетінің өркендеуі, қазақ тілінің ғылым тілі ретінде дамуы, халық арасында қолданыс аясын кеңейту жолдары мен «Қазақ тілі» қоғамының жобалары аталып өтті.

Басқосуда «Қазақ тілі» қоғамының 5 жобасы таныстырылды. Атап айтсақ, қазақ тілін жаңадан үйренушілерге арналған «Sözwar» сөйлесу клубы» жобасы, мемлекеттік тілдегі көрнекі жазу бо­йынша «Körneki» жобасы, сонымен қатар «QAZAQ GRAMMAR» қазақ мектебінің жүйесі, «Сөйле, тілім!» атты жоба өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді меңгеру үшін бағытталса және «Салауатты ұрпақ» жобасының құрылымы мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруге арналған дамытушы ойындармен құралғаны таныс­тырылды.

Қазіргі таңда бұл жобалар өз жұмысын тиісті деңгейде жалғас­тыруда. Осы бастама туралы «Қазақ тілі» қоғамының мүшесі, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, химия ғылым­дарының докторы Ақерке Абылайхан өз пікірін білдірді.

– Жас ұрпақтың тілге қызығу­шылығын тудыру үшін интернет кеңістігінде қол жетімді сапалы ғылыми контент қажет. Қала баласы мен ауыл баласының қызығушылығы бірдей болуы тиіс. Себебі еліміздің болашағы – өскелең ұрпақ бірін-бірі түсінуі қажет. Сонымен қатар, ана тіліміздің әлемдік деңгейде кеңінен насихатталуына әр азамат мүделі болуы керек, – деп нық сеніммен қолдау көрсетті.

Осындай бастамалардың кең көлемде қолдау та­уып, жас буынның қызығушылығын ашатындай жобалар дайындау бүгінде өте маңызды. Көрнекті ойшыл Абай Құнанбайұлының «Сөз түзелді, тыңдаушым, Сен де түзел» деген өлең жолдарының үзіндісінен дамушы жастарға тіл тазалығына ұқыптылықпен қарау керектігін көркем түрде жеткізген. Ал қазіргі таңда қазақ тілінің қатесіз жазылуы үшін барын салып жүрген «Калькасыз қазақ тілі» telegram арнасының авторы Назгүл Қожабектің мына қанатты сөзі барлығымызды ойландырары анық. «Қазақ тілін дамытамыз десек, біздің ең күшті қаруымыз – баламызбен қазақша сөйлесу». Оқығанда жәй қарапайым сөз болғанымен астарлы мағынасы әр адамды ойландырмай қоймайтыны анық. Иә, расымен «тәрбие – тал бесіктен» демекші баланың тілі ана тілінде шығуы ата-анаға байланыс­ты. Өзге тілді меңгергені де ғажап. Бірақ ең алдымен өз ана тіліңді жетік меңгерту әр отбасының алдындағы міндеті.

Қорыта айтқанда, қазақ тілінің дамуы қазақ жерін басқан әрбір азаматқа тікелей байланысты. Ең алдымен әр қазақ өзінің ана тілінің даму тарихы мен қалыптасу кезеңін білуі маңызды және де оның әрі қарай құлашын кең жайып дамуына атсалысуы қажет. Бүгінде түрлі бастама қолға алынғанымен аздық ететіні белгілі. Сондықтан сонау ІІІ ғасырдан бастау алған тіліміздің өркендеуі – шет ел мемлекеттерінде түрлі тәжірибелік қысқа сағатты оқуларына дейін жетуі біз үшін қазіргі таңда үлкен жетістік. Қазақ тілін барша мемлекет танып білуі тек білім саласында емес мәдениет саласында да айқын көрініс табуда.

Елімізде мемлекеттік тілдің жанашырлар қатары көбейіп, толығуы жанды жадыратады. Жоғары да атап өткендей, тіл тарихының кірпішін қалауда өзіндік орны бар біршама ғұламалар айтылды. Сонымен қатар, бертін келе қазақ тілінің дамуы үшін өз үлесін қосып келе жатқан ағартушылар мен тіл жанашырлары да қапы да қалмады. Сондай-ақ қазіргі таңдағы тіл мәселесін шешуде қандай жобалар қолдау тапқанымен қатар мемлекеттік тілдің қолдану аясында қатесіз жазылуына атсалысып жүрген әлеуметтік желі белсендісі туралы да сөз қозғалды. Бұлардың барлығы қазақ тілінің қарқынды өрбуіне ерекше үлес қосып келеді.

Мемлекеттік тілдің кең етек жайып дамуына бірнеше ұсыныс та айтылды. Бірақ оны қолға алып, әрекет етуде «жалғыздың жаны шықпас» дегендей барлығымыз атсалысуымыз өте орынды. Қазақ тілінің әлемді елең еткізердей ықпалын қалыптастыру жастардың қолында. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл ғана емес адамның жанының үнін сездіретін – ана тілі.

Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ

24 маусым 2025 ж. 196 0