Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Президент ұлттық құрылтай жиынына қатысты

Президент ұлттық құрылтай жиынына қатысты

Кеше Атырауда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысы өткізілді. Құрылтайда еліміздің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық саяси және рухани-мәдени дамуының өзекті мәселелері талқыланып, ел дамуының жаңа бағдары айқындалды.

Ұлттық құрылтай отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі саяси өзгерістердің мәніне тоқталды.

– Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды. Ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Яғни, алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Президент қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту – мемлекеттің басты бағыты, мызғымас ұстанымы екенін айрықша нұсқады.

«Қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылағанда байыпты болған жөн. Үнемі артқа қарайлап, өткен күнге өкпе арта беруге болмайды» деді Мемлекет басшысы.

– Біздің нақты құндылықтарымыз болмаса, даму жолында тың серпіліс жасауымыз және көшбасшы елдер қатарына қосылуымыз неғайбыл. Жаңа ғана Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева халықаралық тәжірибеден мысал келтіре отырып, жалпыұлттық құндылықтар жүйесін бекітуді ұсынды. Талқылау барысында Дихан Қамзабекұлы, Мұрат Әбенов, Шаймардан Нұрымов және басқа да Құрылтай мүшелері осы идеяны айтқанын білемін. Мен қоғамда жаңа этика қалыптастыру қажеттігін үнемі айтып жүрмін. Алайда азаматтарға қандай да бір құндылықты күшпен таңу қиын, тіпті мүмкін емес деуге бо­лады. Саяси реформалар заңдарға түзету енгізу, инс­титуционалдық өзгеріс жасау ар­қы­лы жүзеге асырылады, – деді Мемлекет басшысы.

Президентің сөзінше, қоғамдық этикаға кел­генде, заңдарды өзгерту жеткіліксіз. Ба­рынша мұқият болуды талап ететін бұл шаруаға Ұлттық құрылтай мүшелері де ат­салыса алар еді. Жасампаздық рухының қоғамда орнығуы, ескірген қасаң қағидалар мен ел ішіне іріткі салатын жағымсыз әре­кеттердің келмеске кетуі маңызды. Зиялы қауымның кейбірі, тіпті мемлекеттік қыз­метшілер де орынсыз байбалам салып, ай­наласын сынап-мінеуді әдетке айналдырды.

– Әлем қауымдастығында лайықты орнын иеленуді қалайтын ұлт өзін өзгелерден кем сезінуден және әлеуетін әлсірететін жал­ған түсініктерден арылып, болашаққа нық сеніммен қарауы керек, – деді Қ.Тоқаев.

Президент қазақ тіліне сұраныс артып жатқанын айтты. Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың бас­ты бағыты болып қала беретінін жеткізді. Ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түскеніне де назар аударды.

– Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу – біз үшін мызғымас ұстаным. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық. Соңғы кезде баспагерлердің жаңа буыны әлемдік бестселлерге айналған шығармаларды аударып жүр. Көптеген кітапты шығарып жатыр. Аударылған кітаптардың ішінде көркем әдебиет қана емес, іскерлік бағыттағы туындылар да көп. Мемлекеттік саясаттың мәні – осында. Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек, – деген Прзидент «Айбын» орденінің түрлі дәрежесін Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың есімімен атауды ұсынды. Мұнан бөлек еліміздің жаңа Елтаңбасы жасалуы мүмкін екені айтылды.

– Ұлттық бірегейлігіміз Мемлекеттік Рәміздерде айқын көрініс тапқан. Мен былтыр аймақтардың нышанын, яғни символикасын жүйелеп, бірыңғай стандартқа келтіру қажеттігін айттым. Нышандардан сол өңірдің ерекшелігімен қатар, еліміздің болмыс-бітімі де байқалуға тиіс. Біздің Көк туымызда мін жоқ. Онда еліміздің бірегей болмысы нақты бейнеленген. Әнұранымыз да нағыз ұлттық рухты паш етеді. Қазақтың әнұраны әлемнің әр түкпірінде шырқалып жүр. Жаңа жылды жақындарымыздың ортасында әнұранмен қарсы алу жақсы дәстүрге айналды. Бір сөзбен айтсақ, әнұранымыздың сөзі де, әуені де халықтың жүрегіне әбден орныққан, – деді Президент.

Айта кетейік, Ұлттық құрылтайда еліміздің әлеуметтік-экономикалық, қоғам­дық саяси және рухани-мәдени дамуының өзекті мәселелері кеңінен талқыланды. Әр пікір мен ұсыныс терең зерделеніп, нақты шешімдер қабылданатыны айтылды. Ал келесі жылы Құрылтай Көкшетауда ұйымдастырылады деп жоспарлануда.

«Тт» ақпарат
Фото: akorda.kz
16 наурыз 2024 ж. 175 0