Қазіргі әлемдегі қауіп — шетелдегі соғысқа тартылу

Заң не дейді?
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі бойынша, басқа елдегі әскери жанжалдарға заңсыз қатысу — ауыр қылмыс.
ҚК 172-бабы: Қазақстан Республикасы азаматының шет мемлекеттің аумағындағы қарулы қақтығысқа немесе соғыс қимылдарына жалдамалылық белгілері болмаған кезде қасақана құқыққа сыйымсыз қатысуы – 5 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ҚК 170-бабы: жалдамалылық — яғни ақшалай немесе материалдық сыйақы үшін соғысқа қатысу — 7 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына әкелуі мүмкін.
Сандар сөйлейді, 2023 жылы Қазақстанда шетелдегі жанжалдарға қатысқаны үшін:
170-баппен – 3 іс қозғалды;
172-баппен – 23 іс тіркеліп, оның ішінде 9 іс тергеу аяқталып, бірқатары сотқа жолданды;
Жалпы алғанда, 2022 жылдан бері кемінде 97 азамат осындай қылмыстар үшін тергеуге алынған немесе сотталған.
Неге бұл қауіпті?
Шетелдегі соғысқа қатысқан адам қару қолдануға дағдыланып, радикал көзқарастармен оралуы мүмкін. Ол тек өз өміріне ғана емес, айналасына, қоғамға да қауіп төндіреді. Сонымен қатар, мұндай әрекеттер Қазақстанның халықаралық беделіне көлеңке түсіреді.
Мемлекет не істеп жатыр?
Қазақстан билігі:
– арнайы заңдар қабылдады;
– діни экстремизмнің алдын алу бағдарламаларын жүзеге асыруда;
– шетелден оралған азаматтарды оңалту (реабилитация) жұмыстарына мән беруде.
«Жусан» операциясы — соның жарқын мысалы. Онда Сириядан 600-ден астам әйел мен бала елге қайтарылып, олармен әлеуметтік және психологиялық жұмыс жүргізілді.
Қорытынды
Бейбіт елдің азаматы бөтен елдің соғысына араласуға емес, отанын гүлдендіруге күш салуы керек. Шетелдік жанжалдарда қаза тапқан немесе өмір бойына түрмеге қамалған азаматтардың тағдыры — бізге сабақ болуы тиіс. Бұл — баршаға ортақ жауапкершілік.
Фото: Н.Нұржаубай