Мал ұрлығы үшін жаза қатаң

Төрт түлікке қол сұғу – ауыл адамдарының күнкөріс көзінен айырумен бірдей. Осыған тосқауыл керек. Қазір мал ұрлау – кәсіпке айналған. Оны көбіне топ болып, алдын ала сөз байласып қора-жайға кіріп, бұзып жасайды. Ондай ұрлықтар ұйымдастырушы, қасапшы, тасымал жолдары, жалған құжат жасайтындар базарда алып-сататындар бар.
Сондықтан мал ұрлығына тосқауыл қою мақсатында мемлекетімізде заңдарды жетілдіруге бағытталған айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексіне мал ұрлығына қатысты жаңа бап енгізілді. Мал ұрлығы үшін тағайындалатын жаза басқа ұрлықтарға қарағанда қатаң болмақ.
Бұрын мал ұрлау қылмысы ҚК-нің 188-бабы бойынша қаралатын. Бұл бап бойынша мал ұрлаған адам ұсталғанымен, қылмыстық жауаптылыққа тартылу кезінде мал иесіне келтірген залалды қайтарып, жәбірленушімен татуласса ҚК-нің 68-бабының талабына орай қылмыстық жауаптылықтан босатылып кететін.
Яғни, ұсталған ұрылардың көбі шығынның орнын толтырған соң жазадан құтылатын. Қылмыстық заңның осындай осал тұсын білген ұрылар жазадан қашқаннан кейін де бұрынғы әдетінен ажырамай, қайта ұсталғанша ауыл халқын қан қақсатып жүре беретін. Бұл ауылдағы ағайынның ашу-ызасын, құзырлы орындарға деген сенімсіздігін тудырғаны ақиқат.
Жаңа өзгерістің қолданысқа енгізілуіне де халықтың базынасы түрткі болды. Жаңа өзгеріске сәйкес, ҚК-нің 188-1 бабы мал ұрлау, яғни бөтеннің малын жасырын жымқыру қылмысымен толықтырылып, жаза қатаңдатылды.
Өйткені ендігі жерде 188-1-бабының 1-бөлігі бойынша мал ұрлау орташа ауыр қылмысқа жатады. Мұндағы өзгешелік, бірінші рет мал ұрлаған айыпты жәбірленушімен татуласуына байланысты ҚК-нің 68-бабының талаптарына сәйкес қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.
Ал бірақ, екінші рет мал ұрлаған кезде малдың иесіне шығынды қайтарып, жәбірленушінің кешірімін алса да татуласуына заң бойынша жол берілмейді. Қылмыстық кодекстің 188-1-бабының 2, 3, 4-бөліктері бойынша мал ұрлау ауыр қылмыс қатарына жатады. Соған орай, қылмыскердің мал иесімен татуласуына ешқандай жол берілмейді және ҚК-нің 68-бабының талаптары қолданылмайды. ҚК-нің 188-1-бабының 1-бөлігі бойынша мал ұрлау, яғни бөтеннің малын жасырын жымқырғандар мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептік көрсеткішке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ал ұрлықты алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаса, ірi мөлшерде мал ұрланса – мүлкi тәркiленiп, үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Сондай-ақ ұрлықты бірнеше рет – тұрғын үй-жайдың, кәсіпорынның, ұйымның, мекеменің, мал қораның, қашаның немесе өзге де қойманың ауласына кiріп жасағандар мүлкi тәркiленіп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қылмыстық топ жасаған – аса iрi мөлшерде жасалған мал ұрлау қылмысы үшін мүлкi тәркiленіп, жеті жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген.
Бұл қылмыстар үшін жазаның қатаң болуы мал ұрлығы қылмыстарының алдын алуды көздейді.
Нұрхан ӘБДІКӘРІМ,
Сырдария аудандық соты әкімшісінің басшысы
Фото: Ашық дереккөзден