Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 44 газет

17 маусым 2025 ж.

№ 43 газет

14 маусым 2025 ж.

№ 42 газет

10 маусым 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 
» » Тағылым әліппесі

Тағылым әліппесі

Күн аптап ыстық. Бау-бақшалық жері бар Сейітқали биыл мол өнім алуға үмітті. Бұл жолы бағбан 7 жасар ұлын егін егетін атыз басына әкелген. Кетпенді сермегені де жерге дәл түсетін әкенің шапшаңдығы істі өнімді етуге бағытталған. Әке мен бала арасындағы ортақ байланыс өзара сабақтасып жатқандай. Екеуара әңгіме арасында тәрбиесі мол, мағыналы диалог орнаған болатын.

Ұлы:
– Әке жыл сайын егістік басынан табыласыз. Сонда сүйікті ісіңіз егін егу ме?


Сейітқали:
– Иә, балам. Мен әкемнен көргенді үйреніп, гектар-гектар егін егуге машықтандым. Жер-ана ешуақытта аш қалдырмады. Берекенің бастауы, ризық-несібенің көптігін осы жерден көрдім десем, қателеспеймін. Егін егу біздің әулетте ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ата кәсіп. Сен де келешек осы жерден бала-шағаңды асырап, ұрпақтар сабақтастығын үзбессің деп үміттенемін.

Ұлы:
– Өмірдегі ақылсыз бала мен саналы ұрпақтың айырмашылығын жіктеп айтып бересіз бе?

Сейітқали:
– Барлық бала шыр етіп дүниеге келгенде бірдей, еш айырмасыз дүниеге келеді. Кез келген бала тәрбиеге көнеді. Ең алдымен кішкентайынан жеткіншекке тағылым беру керек. Қазіргі уақытта ата-ана есіріп, қызық қуып жүргенде одан туған балаға өкпе айта алмаймыз. Еркелік баланы есіртеді. Есін кетіріп, жамандыққа итермелейді. Шын мәнінде, баламен сырласқанда ғана ішкі жан дүниесінде не болып жатқанын аңғара аламыз. Құмар ойынға салыну, ішкілікке берілу, қылмыс жасап, ұрлыққа бейім болу – азғындықтың, һәм көргенсіздіктің белгісі. Ақылды бала боламын деген бұның ешбірін қайталамайды. Балам, мынаны айтшы, сен соңғы рет қандай кітап оқыдың?

Ұлы:
– Сайын Мұратбековтің «Жабайы алмасын» оқыдым, әке. Кейде кітап оқығаннан телефонға тәуелділігім басып кетеді. Бойымдағы қателікті мойындаған жөн шығар.

Сейітқали:
– Біздің кезімізде телефон деген болмаған еді. Сендер бақытты ұрпақсыңдар. Қолыңда қымбат телефон. Осындайда барлық жағдай жасаған ата-ананың қадірін білген абзал. Бауырларыңа соны айтып ұғындыр. Телефоннан керегіңді алып, қалғанын елемеуге тырыс. Сұрыптаусыз жарияланған кез келген ақпарат жас бала үшін зиянды.

Ұлы:
– Бақытты балалық шақта өмір сүру үшін әрбір перзент үшін не керек?

Сейітқали:
– Ең алдымен, бала үшін толық отбасының құрамы болғаны маңызды. Әкесі мен анасы ажырасып, екі бөлек тұрған жағдайда баланың жетілуіне тікелей әсер етеді. Баланың бақыты – отбасының тыныштығы, сапалы білім алуы, тұрмыс жағдайының жақсы болуы деп білемін. Міне, мен де сен еш қиындық көрмесін деп егінмен айналысып, бағбандықты кәсіп еттім. Бар тапқаным балаларыма. Балам, дүние қолда тұрмайды. Бірде келеді, бірде кетеді. Сені қолдайтын дос көп болсын. Ағайынмен сыйлас, туыспен тамырлас. Қазақта қарашаңырақ ұғымы бар. Ешқашан аталарың тұрған үйді сатпа. Қайта осы үйдің іргесінің сөгілмеуіне қам жаса. Менің әкелік ақылым осы.

Ұлы:
– Менің сіздей әкем болғанына дән ризамын. «Жақсы әке жаман балаға қырық жыл ризық» деген сөздің байыбын енді түсініп жатырмын.

Сейітқали:
– Жүр, балам, әңгіме барлық істі жайына қалдырады. Жұмысымызды істейік. Арам шөпті отайық.


Балтабай АЯБЕКҰЛЫ
Фото: Ашық дереккөзден

17 маусым 2025 ж. 337 0