Әмбебап кәсіпкер

Бүгінде 5 гектар жерге бақша өнімін егетін Алтынбек Райбекұлының қауын-қарбызын Астананың халқы жақсы біледі. Жыл сайын өз ісінің маманы Сарыарқа төрінде өткізілетін Сыр елінің жәрмеңкесіне барып, елордалықтарға ауылдың дәмін татқызады. Негізінен, Алтынбек Ахметов әр жылдары «Алтынбек ШҚ», «Қожеке батыр» ШҚ, «Даму-Қожеке батыр» АӨК секілді кәсіпкерлік бағытындағы мекемелерді құрып, ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге зор үлес қосады. Күнделікті егістік басынан табылып, өнімнің шығымын бақылайтын диқан 50 гектар жерге күріш егіп, Сыр салысын өндіруге бет бұрған.
– Ата кәсіпті қолға алған кезімде ешбір жүрексінбей еңбекке ерте араластым. Өзім көпбалалы отбасынан шыққанмын. Әкем Райбек – инженер-механик болса, анам Жамал – қаржы саласының майталманы болды. Қазіргі уақытта үлкеннің тәлімін алған жан ретінде егін және мал шаруашылығын дамытудамын. Бақшалық жерді баптап, қауын-қарбыз, картоп секілді бірнеше дақылды егеміз. Жаз мезгілінде сан түрлі зиянкестен қорғанып, халыққа таза өнім беруге тырысамыз. Әрине, күріш егудің өзіндік қиындығы бар. Мал бағудың машақаты мүлдем бөлек. Барынша кәсіпке инвестиция құйғаннан кейін, табысты еселеуге барымызды салатынымыз жасырын емес, – дейді Алтынбек Райбекұлы.
Жалпы Алтынбек Ахметов мемлекеттік бағдарлама шеңберінде өз жұмысын ілгері жылжытып отырғаны мәлім. «Ауыл аманаты» жобасы мен «Кең дала» бағдарламасына қатысып, қомақты қаржы алған. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығынан бөлек, ардақты азамат халыққа қызмет көрсету мақсатында қоғамдық көлік тасымалын іске қосқан. ЖК «Ахметов А» мекемесінің директоры Тереңөзек кенті мен Қызылорда қаласына жолаушы тасымалын жандандыруда. Қос жүргізушіні жұмысқа қабылдап, межелі бағытқа автобус және газель автокөлігін шығарған.
Алтынбек Ахметовтің зайыбы Нұргүл Құдайбергенова – медицина саласының маманы. Отбасында олар 5 перзенттің ата-анасы.
Балтабай ОРДАБЕКОВ