Мейірім мен ізгіліктің жаршысы

Аудан тарихында аурухана мен емхананың алар орны бөлек. Медицина мекемесінде сан жылдан бері білікті де білімді дәрігерлер, өз ісінің майталмандары қызмет етіп келеді. Бүгінгі таңда олардың жолын лайықты жалғастырып келе жатқан жас мамандар да бар. Өз ісінің білгірі болуға талпынған жас дәрігерлердің қатарында Динара Садуақасованың есімі ерекше аталады. Ақ халатты абзал жан кенттегі бірінші аймақтағы 1700-дей адамға қызмет көрсетеді. Оның ішінде – 282 адам диспансерлік есепте тұрса, балалардың саны – 932. Дүниеге келген сәбиден бастап, қарттардың денсаулығын жіті бақылайтын дәрігер университет бітірген жылдан бері 6 жыл бойы абыройлы қызмет етіп, тұрғындардың ризашылығына бөленіп келеді.
Жүгі ауыр, күрделі мамандықты Қарағанды медицина университетінде меңгерген дәрігер жалпы тәжірибелі дәрігер ретінде алғашқы еңбек жолын туған жерінен бастайды. Аудандық емханаға қарасты С.Сейфуллин дәрігерлік амбулаторияда дәрігер болып, төрт жылдай мамандығының қыры мен сырын меңгереді.
– Адам саулығы үшін қызмет ету үлкен жауапкершілік. Адам өмірін құтқару үшін күресіп, өмірге араша түсетін дәрігер болу бала кезімдегі арманым болатын. Ауруханада жатып ем алғанымда дәрігердің аса мейірімді, әрі жауапкершілігіне қатты риза болатынмын, қызығатынмын. Отбасымда ата-анам қолдау білдіріп, «бір әулеттен бір дәрігер шықсыншы» деп баталарын берді. Өзім келін болып түскен әулеттің үлкендері атам Кенжебек Бәйімбетов пен әжем Айсұлу Палымова ауданға белгілі дәрігерлер болған. Атамның көзін көрмесем де, әжені көрдім. Ол кісінің табиғатынан өте сұлу, әрі адамгершілігі мол адам екеніне тамсандым. Дәрігерге тән қасиеттің бәрі бойына жиналған. Сондықтан алдыма «тек білікті дәрігер болуым керек» деген мақсат қойдым. Қазір қызметіміздің сан алуандылығын ескерсек, адамдармен қарым-қатынас жасау, науқастармен байланыс орнатып, олардың сауығып кетуіне бар күш-жігерімді салудамын, – дейді дәрігер Динара Мәлікқызы.
Дәрігер Динараның пайымынша ақ халатты киген дәрігер ең алдымен адамдармен дұрыс қарым-қатынас орната білуі керек. Адам денсаулығына қатысты барлық мәселені егжей-тегжейлі түсіндіріп, қажетті ақпаратты беру арқылы дұрыс нәтижеге жетуге болады. Қазіргі кезде учаскедегі медбикелерімен бірге тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Әсіресе жаз мезгілінде өршитін жұқпалы іш ауруының алдын алу маңызды.
Жас та болса білікті дәрігер атанған Динара Мәлікқызы – аудан орталығындағы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің түлегі. Отбасында бес баланың үлкені болып өскен Динараның бауырларының арасында мұғалім, электрик, спорт нұсқаушысы мамандығын меңгергендері бар. Әкесі Мәлік – слесарь, анасы Шолпан – үй шаруасында. Жұбайы Дәулет – қаржыгер. Жас отбасында екі бала Ибраһим мен Ахмедиар өсіп келеді.
– Бүгінде Динара Мәлікқызымен әріптес ретінде 5-6 жылдан бері қызмет етіп келеміз. Алғашқы қызметке келген күннен бастап өз ісіне деген жауапкершілігін, ұқыптылығын көрсетті. Қызмет барысында тыңғылықты, берілген тапсырманы мұқият орындайды. Алғашқы еңбек жолын ауылдан бастады. Тұрғындармен тіл табысуының арқасында алғысқа бөленіп жүр. Сүйікті мамандығына берілген жан. Қол жеткізген нәтижелері де бар, жақсы жұмысы ескеріліп, әркез алғысқа ие болуда. Келешекте де жетістікке жетіп, білікті дәрігер болады деген сенімдеміз, – дейді әріптесі Азиза Қозбағарова.
Жүрегі мейірім мен ізгілікке толы жан қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласады. Ақ жүрек пен аялы алақанының арқасында алғыс арқалаған дәрігерді төл мерекесімен құттықтаймыз!
Бибісара ЖАНӘЛІ